UFC-дің бұрынғы чемпионын сұхбат кезінде ұрып кетті: Нурмагомедовке қандай жаза қолданылуы мүмкін?

UFC-дің бұрынғы чемпионын сұхбат кезінде ұрып кетті: Нурмагомедовке қандай жаза қолданылуы мүмкін?
Фото: AI көмегімен өңделді

Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде аралас жекпе-жек әлемінің өкілдері арасында жанжал шықты.

UFC-дің бұрынғы чемпионы грузиялық Мераб Двалишвилидің айтуынша, оған және жанындағы досына PFL-дің жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы ресейлік Усман Нурмагомедов пен оның командасы шабуыл жасаған. Оқиға 11 қарашада болған.

Двалишвили әлеуметтік желідегі парақшасында жанжалдың қалай өрбігенін баяндады. Оның сөзінше, ол қонақүйдің холында сұхбат беріп тұрған кезде Усман Нурмагомедов пен қасындағы адамдар артынан келіп, дос екеуін соққының астына алған.

Қонақүйдің холында сұхбат беріп тұрғанмын. Сол кезде Усман достарымен артымыздан келіп, досым екеумізше шабуыл жасады. Олар екеумізді жерге құлатқаннан кейін де тепкілеуін тоқтатпады, – деп жазды грузиялық файтер.

Ол болған жағдайға наразылығын білдіріп, қарсыластарын ашық айқасқа шақырды.

Бұл – барып тұрған опасыздық. Сендер өздеріңді кім деп санайсыңдар? Мұндай әрекетке қандай ер адам барады? Егер төбелескілерің келсе, еркекше шығыңдар. Бүгін өздеріңнің кім екендеріңді көрсеттіңдер. Менің жағдайым жақсы, себебі мен жауынгермін! Бұл жағдай маған ауыр соқпайды. Бірақ сендердің шынайы болмыстарыңды көрсетті, – деді Двалишвили.

Ал UFC жауынгері Илия Топурия әлеуметтік желіде Усман Нурмагомедов пен оның командасы қонақүйдегі төбелестен кейін ұсталғанын хабарлады.

Усман қасындағы қорқақтармен бірге ұсталғаны айтылды. Сонда кішіпейілділік пен құрмет туралы жиі айтатын адамдардың түрі осы ма? Неткен масқара! Нағыз қорқақтар тобы.

Ар-намыс, құрмет пен кішіпейілділік – жай ғана айтылатын сөз емес, адамның күнделікті ісінен көрінуі керек құндылықтар. Ал сендер сол қасиеттердің бірін де көрсете алмадыңдар, – деп жазды Топурия.

Жанжалға не себеп?

Ресейлік журналист Игорь Лазориннің мәліметінше, жаппай төбелеске Двалишвилидің бұған дейінгі арандатушылық әрекеттері мен Дағыстан өкілдеріне қатысты айтқан ауыр сөздері себеп болған.

Журналистің айтуынша, Усман Нурмагомедов грузиялық спортшыдан ағасы Умар Нурмагомедов пен Дағыстанның өзге де өкілдеріне тіл тигізгені үшін жауап беруін талап еткен. Осыдан кейін екі тараптың арасында жанжал туындап, ол жаппай төбелеске ұласқан.

Бұған дейін 11 шілдеде Тбилисиде RAF күрес лигасының турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында Мераб Двалишвили Умар Нурмагомедовке қатысты ауыр сөздер айтып, дағыстандық балуандармен сөзге келген еді.

Ислам Махачев Усман Нурмагомедовті жақтады

UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев те бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, отандасы Усман Нурмагомедовті қолдады.

Оның сөзінше, қазір Усман мен оның командасын сынап жатқандар Двалишвилидің бұған дейінгі әрекеттеріне де назар аударуы керек.

Қазір Усман мен жігіттерді айыптап, оларға тіл тигізіп жатқандарға сұрағым бар: Мераб еш себепсіз Дағыстан балуанын ұрып, оның намысына тиген кезде неге үндемедіңдер? Оның бөтен ойы болған жоқ, тек жанына сөйлесу үшін барған еді.

Бүгін болған жағдай Мерабтың өзінен басталған. Ол қонаққа келген адамға қол көтеріп, оның анасына тіл тигізді, – деп жазды Махачев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жанжал әдейі ұйымдастырылған ба?

Ал UFC-дің бұрынғы жауынгері, ресейлік актер Олег Тактаров оқиғаның шынайылығына күмән келтірді. Оның пікірінше, бұл жанжал алдағы жекпе-жектерді жарнамалау үшін әдейі ұйымдастырылған қойылым болуы мүмкін.

Тактаров мұндай тәсіл бұрын Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы жекпе-жек қарсаңында да қолданылғанын еске салды.

Жаңа нәрсе ойлап тапқан адамдарды қол соғып қарсы аламын. Меніңше, бұл – Хабиб пен Конор жекпе-жегінің жарнамалық науқанын қайталау. Мерабқа алдағы жекпе-жектерін жарнамалау керек, ал әзірге ондай кездесулер жоспарланбаған сияқты. Екінші жағынан, жігіттер UFC-ге енді келді, өздерін танытуы қажет.

Мұның кімге және не үшін керегі түсінікті. Мен бірде-бір нақты соққы көрмедім. Бір шапалақ болды, одан кейінгісі – жай ғана арпалыс. Меніңше, ешкім ешкімге айтарлықтай жарақат келтірмеген. Егер бұл оқиға шынымен Біріккен Араб Әмірліктерінде болса, полиция әлдеқашан бәрін қамап қоюы керек еді. Егер ешкімді ұстамаған болса, бұл қисынға келмейді. Қалай болғанда да, қазірдің өзінде жекпе-жекке деген қызығушылық артты, – деді Тактаров.

Усман Нурмагомедовке қандай жаза қолданылуы мүмкін?

Home of Fight басылымының X әлеуметтік желісіндегі мәліметіне сүйенсек, Мераб Двалишвилиге шабуыл жасау дерегі бойынша Усман Нурмагомедовке Біріккен Араб Әмірліктерінің Қылмыстар мен жазалар туралы федералдық заңының 390-бабы негізінде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шамамен 2700 доллар көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Аталған бапты қолдану үшін Двалишвилидің полицияға жеке шағым түсіруі міндетті емес. Оқиғаға қатысты бейнежазбалар мен өзге де дәлелдер істі қарауға негіз бола алады.

Қазір полиция Усман Нурмагомедов пен оқиғаға қатысы бар өзге адамдардан жауап алып жатқаны хабарланды. Егер құқық қорғау органдары ресейлік спортшының кінәсін анықтаса, оған заңда көзделген жаза қолданылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, БАӘ заңнамасының 392-бабына сәйкес, үш немесе одан да көп адамның топтасып шабуыл жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады.

Оқи отырыңыз