Ол Ла Лиганың 3-ші турында «Райо Вальеканоға» қарсы ойында алаңға шықты. Хамза кездесудің 86-минутында Рафиньяны алмастырып, каталондық клуб тарихында дебют жасаған алғашқы мысырлық футболшы атанды.
Иә, жас талант «Барселонаның» маусымалды матчтарда көзге түсіп, төрт гол соқты. Сөйтті де өзінің тоғыздық рөліне сай екенін дәлелдеп берді. Естеріңізде болса, Хамзаны жыл басында клуб басшылығы аттай қалап алып, «Барса Атлетикке» әкелген. «Әл-Ахлиде» әлемдік футболдың әліппесін оқып, жарты жыл Ла Масиядан аз-кем тәлім алған өреннің даңғыл жолы басталды.
Жарты жылдың ішінде бапкерлердің үдесінен шыққан Әбділкәрім кәсіби маусым айында келісімшартқа қол қойды. «Барселона» ойыншыны әуелде жалға алғанымен, жазғытұры толық құнын төлеп, ресми түрде қатарға қосты.
Жоғарыда жазғанымыздай, 18 жастағы футболшының сенімді ойыны жанкүйерлердің жүрегін жаулап алды. Ал мысырлықтар Хамзаның стилін Эрлинг Холанд пен Мұхаммед Салахпен салыстыратын көрінеді. Ендеше, талантты ойыншының өткеніне көз жүгіртелік.
Еңбекқор Хамза
Хамза 2008 жылы 1 қаңтарда Каирдағы спортшылардың отбасында дүниеге келеді. Оның әкесі, ағасы мен екі әпкесі – кәсіби волейболшы. Әкесі Мұхаммед мансабын аяқтаған соң Малайзияға көшіп, бапкер болып жұмыс істейді. Мұхаммед ұл-қызына сапалы білім беру үшін барын салады. Хамза Куала-Лумпурдегі халықаралық мектепте, кейін Мысырдағы америкалық халықаралық мектепте білім алады. Ол ұлының қырын байқап, оны қуаттауға тырысады. Сөйтіп, болашақ футболшы Куала-Лумпурдағы футбол мектебінде жаттығады.
Қызығы сол, бастапқыда бапкерлер Хамзаның бойынан ерекше талант байқамайды. Оның тобында одан да мықты бірнеше ойыншы болады. Десе де, келе-келе Әбділкәрімнің футболға деген қызығушылығы мен еңбекқорлығы оны бір бәс жоғары шығарады.
Сөйтіп, 2020 жылы олар отбасымен бірге Мысырға оралады. 12 жастағы Хамза «Әл-Ахли» академиясына қабылданады.
Еуропа қалай назар аударды?
Бас-аяғы бес жылдың ішінде Хамза едәуір өсіп, «Әл-Ахлидің» негізгі командасына қосылады. 17 жасында дебют жасап, өзін көрсете бастайды. 2026 жылдың қаңтарына дейін тоғыз матч өткізеді. Не гол соқпайды, не ассист жасамайды.
Бірақ әлем назары Хамзаға аудады. Еуропалық клубтардың көзі түсіп, «Бавария», «Лион», «Спортинг», «Фейеноорд» пен «Болонья» бақылап көреді. 2025 жылдың аяғында «Барселона» қызығып, ресми келіссөзді бастайды.
Арман ақиқатқа айналған күн
Хамзаның басқа клубтың ұсынысына ден қоймай, «Барселонаны» күткені тегіннен тегін емес. Ол бала кезінен каталондық клубқа жанкүйер болған. Оның сүйікті ойыншысы – Неймар.
Сондықтан «Барселонадан» ұсыныс түсер-түспестен оң жауабын берген екен. Алғашында каталондық клуб жалға алып, сәтті өнер көрсетіп жатса, толықтай сатып алатынын айтады. Осылайша, 2026 жылдың қаңтарында Хамза ресми түрде «Барселонаға» келді. Арада алты ай өткенде каталондықтар «Әл-Ахлиге» 1,5 миллион еуро төлейді. Оған бонус шарты бойынша қосылатын 5 миллион еуро мен болашақтағы трансферінен түсетін 15 пайыз үлесті қосыңыз.
Каталониядағы алғашқы қадам
Хамза Әбділкәрім басында тек жаттығу жиынына қатысып жүрді. Өйткені құжат мәселесі бойынша кішігірім кедергі болды. Ол «Барса Атлетиктен» гөрі клубтың 19 жасқа дейінгі командасында қосылды.
Маусым соңына дейін жастар чемпионатында тоғыз матч өткізіп, алты гол соғады. Соның ішінде хет-тригі де бар. Испания кубогынде екі кездесу өткізіп, ел назарына ілігеді. Осындай нәтиже клубтың оған деген көзқарасын өзгертеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жылдам бейімделгені сонша, мұнысы каталондық клуб басшылығына майдай жағады. Бас бапкер Ханси Флик Хамзаны бақылап, оның болашағына сеніммен қарай бастайды.
Бойы 182 сантиметр орталық шабуылшы «Барселонаның» бір жыртығына жамау болары анық еді. Күші, жылдамдығы, допқа таласуы, позиция таңдай білуі бірден жолын ашады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Аль-Ахлидің» жастар құрамасындағы жаттықтырушысы Алла Абду оның кейінгі үш жылдағы ойыны Эрлинг Холандтың стиліне барған сайын ұқсап келе жатқанын айтады. Мысырлық Transfermarkt сарапшысы Осама Раха да Әбділкәрімді заманауи шабуылшы ретінде сипаттайды. Осы ерекшеліктері үшін мамандар оны «Мысырдың Эрлинг Холанды» деп атай бастады.
Ұлттық құрамадағы жарқын жол
Хамзаның Еуропа алыптарының көзіне түсуіне мұрындық болғаны – жастар құрамасы сапындағы статистикасы. 2024 жылы Мысырдың 17 жасқа дейінгі жастарымен бірге Солтүстік Африка одағы ұйымдастыратын халықаралық турнирде екі рет чемпион атанады. Сондай жарыстың бірінде төрт ойында үш гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Африка ұлттар кубогында да тамаша өнер көрсетіп, төрт матчта үш гол соғып, бір нәтижелі пас тіркейді. Оның плей-оффта Ангола қақпасына соққан шешуші голы құраманы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына алып шығады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2025 жылы әлем чемпионатында Хамза жасындай жарқылдап, топтық кезеңде Гаити мен Венесуэлаға қарсы матчта гол соғып, бір нәтижелі пас береді. Мысыр топтан үшінші орынмен шығып, плей-оффқа өтеді. Оның осы бенефисінен соң Әбділкәрімді Мысырдың негізгі құрамына шақырады.
Салахтың ізбасары ма?
Қазір Мысырда Хамзаны Мұхаммед Салахтың ізбасары дейтіндер көп. Иә, олардың алаңдағы позициясы ұқсамайды. Бірақ екеуі де – Мысырдың бағына біткен ойыншы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Биыл әлем чемпионатында Хамза Мысыр-Бельгия арасындағы кездесудің 76 минутында Салахтың орнына алаңға шықты. Сөйтті де, әлем біріншілігінде алаңға шыққан ең жас араб футболшысы атанды. Жанкүйерлер шабуылшылар өзара алмасып жатқанда Мысыр футболында дәуір көшіп бара жатқанын жете түсінді.