Жаңалықтар

Барлық шәкірті алтын белгі мен грант иегері атанған білім ордалары

Барлық шәкірті алтын белгі мен грант иегері атанған білім ордалары
Фото: asu.edu.kz 02.02.2023 09:30 2423

Оқу жылының бітуіне 4 айдан аз уақыт қалды. Бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты үдеткені белгілі. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі шыққаннан кейін үздіктердің есімдері анықталады. Соған байланысты үздік білім ордалары да белгілі болады.  

 Өткен жылы бакалавриат бойынша 56 мыңнан астам грант бөлінді. Жылдағыдан грант саны бес мыңға артқан болатын. Олардың көбісі техника, инженер, өңдеу және құрылыс салаларына тиесілі.

Осы жылдар аралығында мектепте бір сыныптың бүкіл оқушысы «Алтын белгімен» бітірді немесе үздік атанды және барлығы бірдей жоғары оқу орнына грантқа түскен жағдайлар да тіркелді. Осы тұста 2021-2022 жылдың оқу жылындағы есте қалған үздіктердің көрсеткішін атап өтпеске болмас.

Былтыр Түркістан облысындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының бітіруші түлектерінің барлығы бірдей нақтырақ айтқанда 63 оқушы жоғары оқу орнына грантқа  түскен. Таңқаларлығы бұған дейін де мектеп түлектерінің 90%-дан астамы тестілеуден жоғары балл жинап, грантқа түскен екен. Бітіруші түлектердің көбісі «Алтын белгі» және үздік аттестат иелері атанған.

«2003 жылдан бері үздік нәтиже көрсетіп келеміз. Осы орайда, 2013 жылы Оңтүстік Қазақстандағы үздік мектептердің қатарына ендік. Аудан бойынша да үздік мектеп атандық. Оқушылардың білімін жетілдіру үшін мектепте аптасына кем дегенде бір рет тест тапсырып отырады. Бітіруші бес сынып, олардың төртеуі қазақ сыныбы. Сол қазақ сыныбындағы 63 оқушы грантқа түсті», - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Сәкен Жұмахов.

Оның айтуынша, бұндай жағдай 2018-2019 жылдары да тіркелген. Бір қарқынмен жоғары нәтиже көрсетсе, оны сақтап қалу қиын, сондықтан оқушылардың білімі басты назарда екеніне тоқталды.

Сәкен Жұмахов оқушылардың білімін қадағалаумен 7 жылдан бері айналысып келеді. Дегенмен, осы уақыт аралығында бірде бір рет оқушы орнынан қалып немесе тестілеуден құлаған сәттері орын алмағанын атап өтті.

Оқушылардың үздік нәтиже көрсетуі ұстаздар мен оқушының өзіне де тікелей байланысты. 2022 жылдың түлегі, алтын белгі иегері Әсел Бердіхан ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинап өзінің армандаған мамандығына оқуға түскен. Қазіргі таңда педагогика саласы бойынша білім алуда.

«Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу мектеп оқушысының өміріндегі ең маңызды және жауапты кезеңдердің бірі. Ұстаздарымыздың тарапынан қолдау жоғары болды. Күнделікті кешкі уақытқа дейін бірге дайындылдық. Оқушылар да білгенімен бөлісіп, білмегенін бір-бірінен сұрады. Оқушының базалық білімі жақсы болса, оған кез келген тақырыптың шешімін табу қиындық туғызбайды. Сондықтан білімді жетілдіру ешқашан кеш емес», - деді Әсел.

Ол жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін уақытты бағалы пайдалану керек деп есептейді. Әсел дайындық барысында негізгі және қиын пәндерге күш салатынын, ал басқа пәндерге өз кезегінше көңіл бөлемін дейді.  

«Ұстаздан шәкірт озады». Шәкіртінің әр жетістігі ұстаздың еңбегінің жемісі. Үздік оқушылардың үздік ұстазы Бақтыгүл Егембердиева қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі. Ол шәкірттерінің дайындығын 10 сыныптан бастап қадағалайтынын айтты.

«Ұстаз ретінде 20 жылдық тәжірибем бар. Шәкірттерімнің барлығы мен үшін бірдей. Олардың дайындығында бірдей қадағалаймын. Оқу бөлімінің басшысы да оқушылармен жұмыс істейді. Оқушылардың тестілеуге дайындалғаны өткенді қайталап жаттау ғана емес, психологиялық тұрғыдан да дайын болуы керекті білдіреді. Менің шәкірттерімнің арасында күйзеліске түсіп, жылап тест тапсырудан бас тартамын деген жағдайлар да болды. Дегенмен, ұстаз бен шәкірт ретінде ол қиындықты жеңіп шықтық. Ата-ананың да қолдауы маңызды», - дейді.

Әр ұстаз – психолог. Шәкірттеріне білгенін үйретіп қана қоймай, өмірлік бағыт-бағдар көрсетеді. Дұрыс бағытқа қарай жетелейді. Ұстазға артылатын жауапкершілік көп. Дегенмен Бақтыгүл Егембердиева оған мамандығына берік нағыз мамандар ғана төзе біледі дейді. Оның айтуынша, түлектердің көбісі соңғы кездері математика, биология, физика және химия пәндерін таңдап, техникалық мамандықтарға оқуға түсіп жатқанын айтты.

Былтырғы оқу жылында тіркелген бұл бір ғана таңқаларлық жағдай емес. Астана қаласындағы № 65 мектеп мұғалімі Венера Рахманкулованың 24 оқушының 22-сі ҰБТ-дан жоғары балл жинап, білім грантының иегерлері атанған. Ұстаздың айтуы бойынша бұл жағдай мектеп тарихында бұған дейін болмаған және алғашқы тіркелген жағдай екенімен бөлісті. Бұл тарихи сәтке өзінің шәкірттері жетіп жатқаны оны қатты қуантқан.

«Оқушыларыма ұстаз ретінде қолдау білдірдім. Ал тестілеуден жоғары балл жинауы оқушылардың өздерінің еңбектерінің жемісі деп білемін. Сонымен қатар, пән мұғалімдерінің көмектерін де жоққа шығаруға болмайтынын жеткізгім келеді. Былтыр грантқа түскен 22 оқушының екеуі шетелдегі оқу орнына түсті», - дейді Венера Рахманкулова.

Венера Рахманкулова қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі. 10 жылдық тәжірибесінде шәкірттерін түрлі олимпиадалар мен жарыстарға дайындап, үздік маман атанып келеді.

Оқушылар тестілеуге дайындалу үшін арнайы мекемелер мен курстарға да қатысып жатады. Дегенмен бұл мектептің жұмысын жоққа шығаруды білдірмейді. 2021-2022 жылы Батыс Қазақстан облысының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ең жоғары балл жинаған. Атап айтқанда, Абай атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия интернаты.

«Жыл сайын мектепті «Алтын белгі» және үздік аттестатпен бітіретін түлектеріміз көп. Олардың саны да артады деп сенеміз. Оқушылар түрлі олимпиадалар мен конкурстарға да қатысып жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Соның арқасында Қазақстандағы топ 100 мектептің қатарына кіріп отырмыз», - деді мектеп директорының міндетін атқарушы Данияр Үміт.  

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Білім ауыл, аудан немесе қала деп бөлінбейді. Ол оқушының табандылығы мен талпынысына байланысты. Мемлекет басшысы «Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында» деп атап өткен. Сондықтан да өскелең ұрпақ білімді болса, жеріміз гүлденіп, еліміздің нұрланатыны анық.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға