Жаңалықтар

"Барлығы ашық-шашық жатады". 13 адам көз жұмған хостелдегі жағдай

"Барлығы ашық-шашық жатады". 13 адам көз жұмған хостелдегі жағдай
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі 30.11.2023 11:00 2204

Бүгін Алматыдағы «Almaty Hostel» қонақ үйінен өрт шығып, алдын-ала мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты. Қайғылы жағдайға қатысты кейбір деректері ұсынғанды жөн көрдік.

Бір қызығы, Алматыда өртенген хостел жұмысын осыдан 1,5 ай бұрын ғана бастаған.

3-27 қарашада Алматыда «Жатақхана» акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде профилактика жұмысы жүргізілді, өрт қауіпсіздігінің ережесі түсіндірілді. Сондай-ақ тексеріс барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудың 350-ден аса дерегі анықталды. Бұл хостел жұмысын 1,5 ай бұрын бастаған. Мұны хостелдің әкімшілігі айтты, - деді қалалық ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев.

Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында аталмыш қонақ үйде тұратын оқиға куәгері Аймұрат  көз жұмғандардың ішінде оның достары барын айтты.

Барлығы ашық-шашық жатады. Розеткалар ашық. Талаптар сақталмаған. Көз жұмғандардың арасында достарым да бар. Көбі студенттер, жұмыс істейтіндер де бар. Шетелдіктер арасында Алжир, Үндістаннан келген студенттер. Балалар оқу оқитын, даяшы боп жұмыс істейтін. Мен бірінші қабатта тұрдым, оянсам, ештеңе көрінбейді. Ал жертөледе жағдай одан да жаман болды. Сондықтан шыға алмаған сияқты, -дейді Аймұрат.

остел тұрғындарын басқа орынға ауыстырып жатыр. Қолдарына жүктерін көтергендердің басым бөлігі жастар. Арасында ересектер де бар.

Әйелім қазір мәйіттерді тануға кетті. Электр жүйесімен мәселелер болғаны рас. Мәйіттерді алып шығарғанда да көмектестім. Қазір басқа орынға апара жатыр. Басқа ештеңе айта алмаймын, – деді Владимир есімді хостел тұрғыны Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында.

"Барлығы ашық-шашық жатады". 13 адам көз жұмған хостелдегі жағдай

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді. Комиссия төрағасы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнына шұғыл аттанды.

Полицияның мәліметінше, қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдік (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), тағы 9-ы - Қазақстан Республикасының азаматы. Сот-медициналық сараптамасы жасалды.

Қалған үшеуінің жеке басы анықталып жатқанын жеткізді.

Бұған дейін көбісі Пәкістан және Үндістан азаматтары екен деген ақпарат шыққан. Бірақ олар емес. Дегенмен бұл хостелде сол елдерден келген азаматтар көптеп тұрады.

Әкімдіктің баспасөз қызметі сондай-ақ хостел Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттерін орналастыру бойынша меморандум жасамағанын хабарлады.

Студенттерден бұл жатақханада тұруға өтініш түспеген, студенттерді бұл хостелге орналастыру жұмысы ұйымдастырылмаған, - деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.
Өрт фактісі бойынша Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға