«Барельеф – оңай ақша табудың жолы емес»: Астанада 200-ден астам туынды жасаған мүсінші

«Барельеф – оңай ақша табудың жолы емес»: Астанада 200-ден астам туынды жасаған мүсінші
Фото: El.kz коллажы

Барельеф жасау – қабырғаға бедер түсірумен ғана шектелмейтін күрделі өнер. Суретші-монументалист, мүсінші Руслан Теміртасов әр жұмысында кеңістіктің ерекшелігіне мән беріп, ұлттық нақышты заманауи интерьермен үйлестіруге тырысады. Осы уақытқа дейін оның Астанада 200-ден астам туындысы жасалған. El.kz тілшісіне суретші-монументалист барельефке деген қызығушылығы неден басталғанын және қазақтың ұлттық өнерін өз жұмыстарында қалай көрсетіп жүргенін айтып берді.

Алғашқы картинасын алты жасында салды

Руслан Теміртасов Ресей Федерациясының Омбы облысы Называевка ауданына қарасты Сұлу-Терек ауылында дүниеге келген. Оның айтуынша, ата-бабалары кезінде Қазақстанда, Есіл өзенінің бойын мекендеген. Кейін арғы аталарының бірі бес ауылды соңынан ертіп, Ресей жеріне қоныс аударған екен.

1995 жылдан бастап туыстары тарихи Отанына біртіндеп орала бастаған. Ал Руслан Теміртасов отбасымен бірге Қазақстанға төрт жыл бұрын қоныс аударып, ел азаматтығын алған.

Өнерге қызығушылығы бала кезінен басталған. Әкесі суретші-безендіруші болғандықтан, Руслан кішкентайынан бояу мен түрлі материалдың ортасында өсті. Ал алғашқы картинасын небәрі алты жасында салыпты.

Өнер ортасында дүниеге келдім десем болады. Ең алғашқы майлы бояумен жазған портретім – Тарас Бульбаның бейнесі. Кейіпкер туралы оқып, оның акварельмен салынған портретін көрдім. Кейін сол техниканы өз бетімше майлы бояуға түсіріп, қайталап шықтым, – дейді суретші.

Бала Русланға әкесінің металл өңдегені ерекше қызық болған. Ол гравюра, бедерлеу, металды қарайту секілді түрлі техникада жұмыс істеген. Әкесінің туындыларында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен өмірі жиі көрініс табатын. Шебер ұлттық тақырыпқа қызығушылығы бала кезінен қалыптасқанын айтады.

Әкесінің жанында жүріп түрлі материалмен жұмыс істеуге машықтанған ол бүгінде ағаш, металл, гипс пен бетонды еркін қолданады. Солардың ішінде өзіне ең жақыны – гипс.

Бір қызығы, кейін мамандық таңдайтын кезде Руслан Теміртасов өнер жолына бірден түспеген. Анасының өтінішімен жоғары оқу орнына инженер мамандығына оқуға түседі. Дегенмен бала кезінен меңгерген академиялық сурет пен кескіндемені тастамайды.

Уақыт өте оны шығармашылыққа қайта жетелеген адамдардың бірі – әкесінің қарындасы Шолпан Қожакова болды.

Шолпан тәтем бойымда дарын бар екеніне сенді. Үнемі қолдау көрсетіп, өнерге қайта оралуыма үлкен ықпал етті, – дейді ол. 

Жалпы, Теміртасовтар әулетінде өнер жолын таңдағандар аз емес. Шолпан Қожакованың қызы Гүлмира Қожакова – қыш-керамика шебері әрі «Мирали» авторлық әшекейлерінің негізін қалаушы. Ал Русланның туған қарындасы Әсия Теміртасова киім дизайнымен айналысады. Екеуі де өнертану магистрі.

Шығармашылық орта тек отбасымен шектелмейді. Руслан Теміртасов жақын досы, суретші Әсен Тастеновпен де үнемі кәсіби пікір алмасып, жаңа жұмыстарын бірге талқылайды. Кейде Гүлмира Қожаковамен де ақылдасады. Бірақ өзгелердің пікірін тыңдағанымен, әр туындыға қатысты соңғы шешімді өзі қабылдайды.

Жұмыстарымызды талдап, ақылдасып отырамыз. Бірақ детальдарды қанша талқыласақ та, соңғы шешімді әрдайым өзім қабылдаймын. Туындыны өз көзқарасыма сүйеніп жасаймын, – дейді суретші.

Астанадағы алғашқы тапсырыстың өзінде бес жұмыс жасаған

Руслан Теміртасовтың елордадағы шығармашылық жолы бірден ауқымды жобадан басталған. Астанадағы алғашқы нысанды оған досы Әсен Тастенов ұсынған. Сұлулық салонына бір емес, бес жұмыс қажет болыпты.

Оның бірі – мандала, үшеуі – жартасты рельеф, тағы бірі Japandi стиліндегі барельефті баған. Бір нысанның өзінде бірнеше техникамен жұмыс істеу жаңа қалаға келген шебер үшін жақсы бастама болған.

Осыдан кейін тапсырыстар көбейе түсті. Қазір мүсінші Астанада 200-ден астам барельеф жасағанын айтады. Оның туындылары тек елордамен шектелмейді.

Мәселен, Оралдағы мейрамханалардың біріне үш жұмыс жасаған. Алғашқы екеуінде Қазақстан табиғатын интерьерге көшірген. Қайыңды көлі мен Бұрхан-Бұлақ сарқырамасының көрінісін фотосуреттер негізінде гипспен қайта пайымдап, көлемді рельефке айналдырған. Үшінші туындысында Іле Алатауын минимализм бағытында бейнелеп, композицияны неонды жарықпен толықтырған.

Осы жұмыстардың ішінде Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына арналған панно суретшінің өзіне ерекше жақын.

Маған кескіндемелік рельеф бағыты өте жақын. Оралдағы мейрамханаға жасаған «Бұрхан-Бұлақ сарқырамасын» бөле-жара айтар едім. «Көлемі 3х3 метр болатын паннода табиғаттың кеңдігін, алыстағы көріністерді, жартастардың айбынды қалпын және сарқыраманың ағысын барынша шынайы беруге тырыстым. Бірақ суретші ретінде өзіме үнемі талап қоямын. Сәтті шыққанымен, оны бұдан да тереңірек жасауға болар еді деп ойлаймын, – дейді Руслан Теміртасов.

«Тапсырыс берушіге жұлдызды аспаннан алып беремін»

Барельеф жасау тапсырыс берушінің ойын түсінуден басталады. Руслан Теміртасовтың айтуынша, көп жағдайда адамдар өзіне ұнаған үлгілерді көрсетіп, қабырғадан нені көргісі келетінін шамамен айтады. Ал сол ойды пісіріп, болашақ туындының нақты бейнесін жасау – шебердің міндеті.

Бұл тұста суретші тапсырыс берушінің талғамын ғана емес, оның ойындағы дүниені де дәл табуға тырысады.

Тапсырыспен жұмыс істегенде кейде адамның ойын оқуға тура келеді. Оның ойындағы дүние аспандағы жұлдыз секілді. Өзі көріп тұр, бірақ оған қалай жетерін білмейді. Ал менің міндетім – сол жұлдызды аспаннан алып, алдына қою, – дейді Руслан Теміртасов.

Сондықтан шебер үшін әр жұмыс жеке туынды саналады. Ол басқа авторлардың еңбегін көшірмейді, тіпті өзінің бұрын жасаған барельефін де дәл сол қалпында қайталап орындамайды.

Осы себептен де жұмыстың бәріне ортақ баға қойылмайды. Құны барельефтің күрделілігіне және оны жасауға кететін уақытқа қарай есептеледі.

Әр арт-объектіні бір ғана нұсқада жасаймын. Бір жасаған дүниемді екінші рет қайталау менің ұстанымыма сай келмейді. Сондықтан әр жұмыс өзінше ерекше, – дейді мүсінші.

«Ұлттық стиль тек ою-өрнек емес»

Руслан Теміртасовтың жұмыстарында қазақы ою-өрнек, петроглифтер мен ұлттық мәдениетке тән белгілер жиі кездеседі. Шебер мұны өзінің туған жері мен халқына деген ықыласымен байланыстырады.

Қаншалықты пафосты естілсе де, мұның бәрі өз халқыма, туған жеріме деген сүйіспеншіліктен туындайды. Бұл – мен үшін шынайы сезім. Еліміздің бай тарихы мен мәдениетін барельеф арқылы көрсеткім келеді, – дейді ол.

Дегенмен ұлттық нақышпен жұмыс істеудің де өз жауапкершілігі бар. Суретші ою-өрнекті қабырғаны көріктендіретін әшекей ретінде ғана емес, өзіндік мәні мен тарихы бар мұра ретінде қабылдайды. Сондықтан оны қолданбас бұрын тарихы мен мағынасына мән береді.

Ою-өрнектің тарихын міндетті түрде зерттеу керек. Мен ата-бабамыздан қалған өнерді бүгінгі заманға лайықтап, сәулет пен интерьерде қолдануға тырысамын. Кейде тапсырыс беруші қабырғасына салдырғысы келген дүниенің мағынасын біле бермейді, тіпті оған аса мән бермейтіндер де кездеседі. Ал мен үшін әр белгінің мәнін түсініп қолдану маңызды, – дейді мүсінші.

Руслан Теміртасовтың түсінігінде қазақы кеңістік қалыптастыру ою-өрнекпен ғана шектелмейді. Ұлттық болмысты бүгінгі интерьер мен сәулетте көрсету – ауқымды ізденісті қажет ететін мәселе. Оның ойынша, Қазақстанға тән өзіндік өнер мен сәулет үлгісі бір күнде қалыптаспайды, оған суретшілер мен дизайнерлер ғана емес, тұтас қоғам атсалысуы керек.  

Бұл мәселе интерьерден әлдеқайда ауқымды. Ол тұтас ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізге қатысты. Сондықтан оған жалғыз мен жауап бере алмаймын. Менің жасап жүргенім – қазіргі Қазақстанның өнері мен мәдениетін қалыптастыруға қосқан шағын ғана үлесім. Мұның бәрі бір күнде пайда болмайды, қоғам болып ізденіп, біртіндеп қалыптастыратын дүние, – дейді Руслан Теміртасов.

Ампир де, минимализм де қазақы сипатқа ие бола алады

Руслан Теміртасов үшін интерьердің қай стильде жасалғаны кедергі емес. Ол ампир, ар-деко, модерн, минимализм немесе брутализм болсын, әрқайсысына қазақы нақышты үйлестіруге болатынын айтады.

Қай стильде жұмыс істесем де, оған ұлттық нақышты үйлестіруге тырысамын. Мен үшін маңыздысы – өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты жоғалтпау. Сол арқылы келешек ұрпаққа құнды дүние қалдырғым келеді, – дейді мүсінші.

Шебердің айтуынша, соңғы жылдары тапсырыс берушілер де ұлттық нақышқа көбірек қызығушылық таныта бастаған. Ол мұны қоғамның өз мәдениетіне деген көзқарасының өзгеруімен байланыстырады.

Біздің әлемге көрсететін бай тарихымыз бар. Оны өнер арқылы танытып, келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазір тапсырыс берушілердің де осыған қызығушылығы артып келе жатқанын байқаймын, – дейді Руслан Теміртасов.

Петроглифтерді заманауи интерьерде қолдануға бола ма?

Руслан Теміртасовтың жұмыстарында петроглифтер де кездеседі. Шебер оларды көне дәуірден жеткен мұра ретінде ғана емес, қазіргі өнерде де қолдануға болатын бейнелеу тәсілі деп санайды.

Петроглифтер заманауи интерьерде ерекше көрінеді. Олар арқылы тұтас бір оқиғаны, аңыздар мен түрлі сюжетті жеткізуге болады. Тіпті бүгінгі өмірді де петроглиф үлгісінде бейнелеуге мүмкіндік бар. Меніңше, бұл – бабаларымыздан қалған, мүмкіндігі әлі толық ашылмаған үлкен бағыт, – дейді Руслан Теміртасов.

Сондықтан шебер петроглифтерді сол күйінде қайталаудан гөрі, олардың мәнін сақтай отырып, қазіргі кеңістікке лайықтап қолдануға мән береді.

Бір барельеф қалай жасалады?

Барельеф жасау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен шебер болашақ туындының идеясын ойластырып, эскизін дайындайды. Одан кейін пішінін жасап, ұсақ бөлшектерін өңдеуге кіріседі. Соңғы кезеңде жұмыс боялып, әрленеді.

Әр туындыға кететін уақыт оның көлемі мен күрделілігіне байланысты. Ал Руслан Теміртасовтың есінде ерекше қалған жобалардың бірі алты айға созылған. Шебер үшін бұл жұмыстың қиындығы оны жасауда емес, еңбегінің бағаланбауында болған.

Бір туындыны алты ай бойы жасадым. Бірақ ол техникалық жағынан емес, адам ретінде маған ең ауыр тиген жоба болды. Арада жосықсыз делдалдар кездесті, жұмыс барысында түрлі қиындық болды. Соңында тапсырыс берушілер еңбекақымды да толық төлемеді. Сондықтан бұл шығармашылық жағынан емес, моральдық тұрғыдан ең қиын жұмысым болып қалды, – дейді Руслан Теміртасов.

«Барельефті бизнес деп айтпас едім»

Соңғы жылдары барельефке қызығушылық артып, осы бағытта жұмыс істейтіндер де көбейген. Алайда Руслан Теміртасов бұл өнерді оңай табыс табудың жолы деп қарауға болмайтынын айтады.

Барельеф жасауды бизнес деп айтпас едім. Бұл – академиялық білімді, жылдар бойғы тәжірибе мен төзімділікті қажет ететін ауыр еңбек. Қазір барельеф елімізде танымал болып, оны оңай ақша табудың жолы деп қабылдайтындар да бар, – дейді ол.

Руслан Теміртасов бұл салада кәсіби дайындықтың маңызы зор екенін атап өтті. Ол Гоги Тандашвили мен Мұрат Мансұровтың шеберлігін жоғары бағалайды. Сондай-ақ сурет салуды жақсы меңгерген адамның бәрі бірдей мүсін өнерінде жұмыс істей алмайтынын айтады.

Нағыз суретші өнермен өмір сүреді. Кескіндемені өте жақсы меңгерген, бірақ рельефтің өзіне жақын емес екенін түсінетін мықты суретшілерді білемін. Ал кейде мастихинді дұрыс ұстай алмай тұрып, мүсін жасауды оңай көретін адамдарды да кездестіремін. Әр өнердің өзіне тән білімі мен тәжірибесі болуы керек, – дейді суретші.

Заманауи интерьер «тірі өнерге» мұқтаж

Руслан Теміртасов қазіргі интерьерде барельеф секілді қолмен жасалған дүниелерге көбірек орын берілуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, мұндай туындылар кеңістікті жандандырып, оған өзіндік сипат береді.

Заманауи интерьерлер тірі өнерге мұқтаж. Кейбірі тым салқын әрі біркелкі көрінеді. Ал барельеф қабырғаға жан бітіріп, кеңістікті жандандырады, – дейді ол.

Сонымен қатар Руслан Теміртасов қазіргі интерьерде өзге мәдениеттердің ықпалы бар екенін жасырмайды. Дегенмен ол бұған біржақты қарауға болмайды деп есептейді.

Қазір өзге мәдениеттерге еліктеу бар. Бірақ мен мұны жаман құбылыс деп санамаймын. Әртүрлі елдердің тәжірибесімен алмасу қажет. Ең маңыздысы – өзге стильдердің әдемі тұстарын ұлттық нақышымызбен үйлестіре білу, – дейді Руслан Теміртасов.

Шебер жаңа жобаға дайындалып жүр

Руслан Теміртасов алдағы уақытта жаңа жобаны қолға алуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, бұл жолы жұмыс тек барельефпен шектелмей, өндіріс бағытына ұласпақ. Алайда жоба толық жүзеге аспайынша, егжей-тегжейін жариялағысы келмейді.

Жоспар бар, жүзеге асатын уақыты да алыс емес. Әзірге толық айта алмаймын, өйткені орындалмаған істі алдын ала айтқанды ұнатпаймын. Бұйырса, бұл жоба қазақтың ұлттық сәулет өнерімен тікелей байланысты болады, – дейді Руслан Теміртасов.

Оқи отырыңыз