Банктегі ақшаңыз жәрдемақыға әсер етеді: 2027 жылдан бастап не өзгереді

Банктегі ақшаңыз жәрдемақыға әсер етеді: 2027 жылдан бастап не өзгереді
Фото: El.kz архиві

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақы тағайындаудың тәртібі өзгереді. Енді әлеуметтік көмек беру кезінде отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, банк шоттарындағы қаражаты, депозиттері мен шығыстары да ескеріледі. Жаңа талаптар бала тууға және оның күтіміне байланысты төлемдерге де қатысты.

14 қазанда Құрылтай отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Отырыста депутат Наталья Рамазанова мемлекеттік көмекке мұқтаж емес отбасылардың қалай анықталатынын және азаматтардың қаржылық жағдайы нашарласа, жәрдемақы алу мүмкіндігі қалай өзгеретінін сұрады.

Министрдің айтуынша, бұл үшін «Отбасының цифрлық картасы» қолданылады. Жүйе мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерді жинақтап, әр отбасының жағдайын сегіз бағыт бойынша бағалайды. Олардың қатарында жұмыспен қамтылу, табыс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несиелік міндеттемелер мен білім деңгейі бар.

Банктер қандай мәліметтерді береді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер әлеуметтік көмек алушылардың шоттары мен депозиттері туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсынады. Алайда бұл мәліметтер азаматтың және оның отбасы мүшелерінің келісімімен ғана беріледі.

Енді шығыстар ескеріле ме деген сұрағыңызға жауап берейін. Иә, ескеріледі. Заңға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтер береді. Бұл жұмыста кірістер де, шығыстар да ескеріледі, – деді министр.

Демек жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының ай сайынғы кірісімен қатар, жинаған ақшасы мен қаржылық міндеттемелері де назарға алынады.

Кімдер жәрдемақы ала алмайды?

Үкімет 5 қазанда бекіткен жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Құжатта мемлекеттік төлемдердің 10 түрін тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайын ескеру қарастырылған. Ол үшін отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді:

  1. А санаты – табысы жоғары, бірнеше жылжымайтын мүлкі, бизнесі немесе басқа да активтері бар отбасылар.
  2. В санаты – тұрақты жұмысы, баспанасы және жеткілікті табысы бар отбасылар.
  3. С санаты – табысы шектеулі, несиелері бар немесе жалдамалы баспанада тұратын отбасылар.
  4. D санаты – кірісі төмен, қарыздары бар, жұмысқа орналасуда немесе тұрғын үй мәселесін шешуде қиындық көріп жүрген отбасылар.
  5. Е санаты – табысы жоқ немесе өте төмен, ауыр әлеуметтік және тұрмыстық жағдайға тап болған отбасылар.

Жаңа тәртіпке сәйкес, А және В санатындағы отбасыларға белгіленген тізімдегі жәрдемақылар тағайындалмайды.

Отбасының әл-ауқаты ай сайын бағаланады. Егер азамат бұрын жәрдемақы алып келгенімен, кейін ауқатты санатқа жатқызылса, төлем тоқтатыла тұруы мүмкін. Ал тұрмыстық жағдайы нашарлаған жағдайда мемлекеттік көмек қайта берілуі ықтимал.

Мысалы отбасы қазан айында В санатында болып, қандай да бір тәуекелдерге байланысты желтоқсанда С санатына өтсе, онда бұл үй шаруашылығына мемлекеттік қолдау шаралары проактивті түрде бірден тағайындалады, – деді Асқарбек Ертаев.

Бала тууға және оның күтіміне берілетін жәрдемақы қалай өзгереді?

Жаңа талаптар бала дүниеге келгенде төленетін біржолғы жәрдемақы мен сәби 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы күтім жәрдемақысын да қамтиды.

Бекітілген ережелерге сәйкес, бұл төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік әл-ауқаты ескеріледі. Атап айтқанда, А және В санатына жатқызылған отбасыларға аталған мемлекеттік жәрдемақылар берілмейді. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар тиісті талаптарға сай келсе, төлем алуға үміткер бола алады.

Айта кетейік, 2026 жылы бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңгені құрайды.

Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері баланың туу кезектілігіне байланысты 24 912 теңгеден 38 493 теңгеге дейін жетеді.

Қандай жәрдемақыларға жаңа шектеу қолданылмайды?

Дегенмен барлық әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқаты бағаланбайды. Жаңа тәртіпте мұндай бағалау жүргізілмейтін жәрдемақылар да қарастырылған. Олардың қатарында:

  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне және өзге де мемлекеттік наградалары бар, жасына байланысты зейнетақы алатын аналарға берілетін жәрдемақылар;
  • мүгедектігі бар балалар мен І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар;
  • екі ата-анасынан айырылған балаларға төленетін асыраушысынан айырылу жәрдемақысы;
  • азаматтардың жекелеген санаттарына арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақылар бар.

Бұл төлемдерге қатысты отбасының А немесе В санатына жатуы өздігінен жәрдемақыдан бас тартуға негіз болмайды.

Оқи отырыңыз