Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан су спорты түрлерінен XII Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы әзірге 22 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 7 алтын, 10 күміс және 5 қола жүлде бар.
Жарыс барысында қазақстандық спортшылар жүзу мен суға секіруден жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Қазірге дейін жүзуден 16 медаль (6 алтын, 7 күміс, 3 қола), ал суға секіруден 6 медаль (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) еншіленді.
Чемпионаттағы ең жарқын нәтижелердің бірін қазақстандық жүзуші Александр Румынский көрсетті. Ол үш алтын медаль жеңіп алып, 200 метрге арқамен жүзуде жарыстың жаңа рекордын орнатты.
Сонымен қатар Александр Подлесный суға секіруден бір алтын және екі күміс медаль жеңіп, Қазақстан құрамасының табысына елеулі үлес қосты.
Жүзуден 16 медаль
Қазақстандық жүзушілер бірнеше қашықтықта жүлдегер атанды. Алтын медаль иегерлері:
- Данил Чужинов – 200 метр кешенді жүзу;
- Александр Румынский – 100 және 200 метр арқамен жүзу;
- Анатолий Руденко – 100 және 50 метр брасс;
- Қазақстанның ерлер құрамасы – 4×100 метр кешенді эстафета.
Күміс және қола жүлделерді Александр Миронычев, Дарья Чеснокова, Фёдор Диденко және ұлттық құраманың бірнеше эстафеталық командалары иеленді.
Жалпы есепте жүзу құрамасы 6 алтын, 7 күміс және 3 қола жүлде жеңіп алды.
Суға секіруден де табысты өнер көрсетті
Қазақстандық суға секірушілер Азия чемпионатын алты медальмен қорытындылады. Жүлдегерлер:
- Александр Подлесный – 1 метрлік трамплиннен секіру (алтын);
- Александр Подлесный – мұнара және 3 метрлік трамплин (екі күміс);
- Эмиль Касимов пен Илларион Авченко – синхронды секіру (күміс);
- Тимур Гассюль және Эмиль Касимов – қола медаль иегерлері.
Су добынан плей-оффқа жолдама
Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы су добынан плей-офф кезеңіне шықты. Топтық кезеңдегі нәтижелері:
- Қазақстан – Гонконг 23:3
- Қазақстан – Шри-Ланка 32:2
- Қазақстан – Таиланд 22:2
- Қазақстан – Жапония 12:14
- Қазақстан – Иран 11:5
Ал әйелдер құрамасы айналмалы жүйе бойынша өнер көрсетіп жатыр. Қазақстандық ватерполшылар Сингапур мен Шри-Ланка құрамаларын жеңіп, Жапония, Таиланд және Қытай командаларымен кездесу өткізді.
Азия чемпионаты жалғасуда
Су спорты түрлерінен XII Азия чемпионаты 16-25 шілде аралығында Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатыр. Құрлықтық додада Қазақстан намысын 111 спортшы қорғауда.
Алда су добы мен әртістік жүзу бойынша жарыстар жалғасады. Қазақстан құрамасының медаль саны әлі де артуы мүмкін.