Жаңалықтар

Балықтың құйрығын ұстасаң, қармағыңды балық қақпайды

Балықтың құйрығын ұстасаң, қармағыңды балық қақпайды
Фото: primeminister.kz 04.11.2022 16:53 2576

Кеңестік кезеңде аптаның бейсенбі күні «балық күні» ретінде таңдалып, балық және балық өнімдерін тұтыну дәстүрі болды. Себебі, балықтың құрамында мультивитаминдер, ақуыздар, майлар адамға өте маңызды қорек саналады.

Әлем бойынша балық өнімдерін шығарудан Қытай, Жапония, АҚШ, Чили, Индонезия, Ресей, Үндістан, Таиланд, Норвегия және Исландия көш бастап тұр. Бұл елдер әлемде балық шаруашылығы өндірісінің жартысынан көбін өндіреді. Бір ғана Қытай әлемдік өндірістің үштен бірін қамтамасыз етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адамға жылына 16 келі балық өнімін тұтынуды ұсынады. Көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынады. Ал Қазақстан бұл жағынан мақтана алмайды. Бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді.

Елдің географиялық мүмкіндігіне сай балық шаруашылығын дамыта алып отырмыз ба? Үкімет қабылдаған бастамалар балық шаруашылығы саласын дамыту тиіс-ақ.

Біздегі көлдер мен өзендер, тоғандар мен су айдындары аз емес. Бұл саланы дамытуға мүмкіндік береді. Расында Қазақстан – балық ресурсына өте бай. Яғни, балық шаруашылығы экономикалық өсімге әсер ететін бағыт. Өйткені, экспорттық әлеуетті арттыру арқылы мол табысқа жетуге болады.  

Елімізде 380-ге жуық шаруашылық балық өсірумен айналысады. Әсіресе, ШҚО-да балық шаруашылығын кәсіп еткендер көп. Шығыс Қазақстан балық шаруашылығы бассейні көлемі бойынша республикада үшінші орынға ие. Облыстың су айдындарында 59 ірі кәсіптік балық аулау учаскесі және 97 шағын балық шаруашылығы бар. Жыл сайын 12 негізгі кәсіптік балық түрлері бойынша 10 мыңға жуық тонна балық ауланады.

Балықтың 93 пайызға дейінгі көлемі Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына тиесілі және балық аулау осы су қоймасында жақсы дамуда.

«Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС директоры Сымбат Әнуарбековтің сөзінше, биылғы жылы Зайсан мен Бұқтырма су қоймасына 4,5 миллион тұқы, сазан және ақ амур балығы жіберілді.

Аталған су қоймасында балықтың 20-дан астам түрі кездеседі және көбі жергілікті балықтар. Жерсіндірілген балықтар қатарына сазан, көксерке жатады. Ал ақ амур және шортан балығын қолдан ұрықтандыру жұмысы жүргізілуде. Бұл балықтар бес жыл қатарынан өсіріліп келеді.

«Ең бірінші ұрықтандыруда аналық дарақтардан бастаймыз. Бес жыл бойы өсірілген үлкен дарақтар болып саналады. Бұлардан икра алынады. Сондай-ақ, жынысы алынып, біріктіру жұмысын инкубациялық цехта жүзеге асырамыз. Яғни цехта дернәсілдерін алудан бастап, тауарлы балық өсіруге дейінгі циклі жүзеге асады. Мұнда әр балықтың күні есептеулі. Одан әрі шабақ өсіретін тоғандарға жібереміз. Жыл көлемінде тоғанда өсірілетін балықтар қоректендіріліп, күзге  дейін орта салмағын 25 грамға дейін жеткіземіз», – дейді.

Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдаулар да баршылық. Оған дәлел, биылғы жылы балық шаруашылығы комитетінен балықтандыру бойынша Зайсан көліне 500 мың балық жіберілді.  

«Біздің жергілікті атқарушы органдар балықтандыру жұмысына қаражат бөліп, қолдау көрсетуде. Қазір елімізде ең бірінші аквамәдениетті дамыту үшін жеке заң жұмыстары қабылдануда және 2030 жылға қарай жыл сайын шамамен 4 мың тонна тауарлы балық алу жоспарланып отыр. Аталған бағдарламаны дамытудың бірнеше өз сатысы бар. Оны орындау үшін бір серпіліс беретіндей гранттар бөлінсе екен деген ниетіміз бар. Гранттарды бөлуде ғылыми-зерттеу институттары бірге атсалысса жақсы болар еді. Бүгінгі күні ғылыми қор грант бөлумен айналысады. Олардың берген гранттары жеткіліксіз және бәріне бірдей бөліп бермейді», – деді ол.

Жастарды бұл салаға жұмылдырып, ауылға тартып, балық шаруашылығының дамуына жағдай жасалуы тиіс деп санайды «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС директоры Сымбат Әнуарбек.

 Балық шаруашылығы дамуда

Қазақстанның мыңдаған ірілі-ұсақты көлі мен өзені балық шаруашылығына қызмет етеді. Олардың жалпы аумағы – 7,5 млн. га шамасында. Су айдындарының ең ірісі Каспий теңізі, Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдері, Қапшағай, Бөген, Бұқтырма бөгендері, Жайық, Ертіс, Есіл өзендері. Дүниежүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90 пайызы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді.

Қазіргі кезде республикада экологияның нашарлауына байланысты су айдынын қорғау, оларды ұдайы мелиорациялау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмысы жүргізілуде.

Экология, геология және табиғи ресурстарының вице-министр Әлия Шалабекова «Акваөсіру туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданып және Заңды әзірлеу басталғанын айтты. Жалпы өсіру қуаты 850 тонна, 1,0 млрд. теңгеден астам сомаға 4 инвестициялық жоба іске асқан.
Бұдан бөлек, балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау бойынша шаралар қабылданып, балықтың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

 Балықтың киесі бар

Балықты кие тұту – балық мифологиялық түсінікте төменгі су әлемінің өкілі болып саналады. Ежелгі түсінік бойынша, жерді балық көтеріп тұрады.

Байырғы қазақ ортасында балыққа қатысты ырым-тыйымдарды қатаң ұстанды. «Аяғы ауыр әйел балық жесе, мылқау бала туады», «балықтың құйрығын ұстасаң, қармағыңды балық қаппайтын болады».

Арал өңірінде «Сазан пейіш көрген балық, сондықтан оныңмың басын мүжісең, пейішке барасың» деген ұғым бар.

Осы өңірде жайын балықтың арқасы неге шұбар болғаны туралы мынадай аңыз бар: «Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылып, жерге түскенде адасып, ұзақ уақыт бір-бірін іздейді. Бірін-бірі сағынады. Бұны жайын (балық) сезіп, екі мұңлықтың кездесуін тілеп, күтіп жүреді-міс. Күн суытып, жер бетінде су қатып жатқан кезде екеуі табысып, мұз үстінде қауышады. Әйел адамның бөксесі суық болатыны, Хауа мұзға шалқайып жатады, ал еркектің тізесі суық болатыны, Адам атаның тізесі алғаш мұзға тиеді. Дәл осы сәтте жайын екеуінің астына келіп, жонын төсеп тұрады. Сол кезде махаббат нұры мол Адам ата мен Хауа ананың жүрек оты тоң-мұзды ерітеді. Ал Адам ата тұқымы тасып-төгіліп мұз бетіне шашырап, жайынның жона жұғып та қалады, содан жайынның арқасы шұбар болып, ол ерекше күшке ие балыққа айналды.

Асқа, аруаққа арнап сойылған малдың сүйегін толық мүжіп болған соң, түгел қалпында терең суға ағызып жібереді, себебі марқұмның артындағы ұрпағы балықтай молайып, тұқымы жайылады деп түсінген. Міне, осындай ырым-тыйым, аңыздардан балықтың киелі екендігін тұспалдаймыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға