Жаңалықтар

Балық пен аналық мал басын экспорттауға тыйым салу елдегі қайта өңдеу көлемін арттырды

Балық пен аналық мал басын экспорттауға тыйым салу елдегі қайта өңдеу көлемін арттырды
Фото: gov.kz 04.12.2023 22:30 452

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қолданыстағы шектеулердің тиімділігі қаралып, бірқатар маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылданды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Отырыста өңделмеген балықты экспорттауға тыйым салу туралы шешім қабылданды. 2023 жылдың 15 сәуірі мен 15 қазаны аралығында қолданыста болған көксерке мен табан балығын шикізат түріндегі экспортқа шығаруға тыйым салу нәтижелері көрсеткендей, республикада оларды өңдеу көлемі айтарлықтай өскен. Ал экспортқа және ішкі нарыққа сатуға арналған өңделген көксерке мен табан өнімдерінің көлемі үш есе өсіп, 502 тоннаға жетті. 

Осылайша, балықты шикізат түрінде шет елдерге сатуға тыйым салу елдегі балықты қайта өңдеу көлемін ұлғайтты. Бұл мемлекеттің қайта өңделген өнімді өндіру мен экспорттау көлемін ұлғайту саясатына жауап береді. 

Үкіметаралық комиссияның шешімімен ірі және ұсақ малдың аналық басын экспорттауға тыйым салу мерзімі ұзартылып, бұқалар мен тоқтыларды сыртқы саудаға шығаруға квоталар белгіленді. Тыйым мен шектеу 2023 жылдың маусым айында қабылданған болатын. 1 қазандағы жағдай бойынша еліміздің барлық шаруашылықтарындағы ірі қара мал басы 3%ға өсіп, 9,2 млн басқа дейін жетті. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ірі қара мал экспорты 12 есеге өсіп, 27,2 мың бас мал $10,3 млн-ға сатылған. Сонымен қатар 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында сою салмағында барлық түрдегі ет өндіру көлемі 996,3 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар джут талшықтарынан немесе басқа да тоқыма талшықтарынан жасалған иірілген жіпке, табиғи кальций фосфаттарынан, табиғи алюминий-кальций фосфаттарынан және фосфатты бордан жасалған жіптердің жекелеген түрлеріне кедендік баж салығы мөлшерлемелерін 0%-ға дейін төмендету туралы ұсыныстарды қарады.

Жиын барысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Моңғолия арасында еркін сауда туралы уақытша келісім жасасу бойынша консультациялар бастау туралы мәселе қаралды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға