2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде мадридтік «Реал» Испания құрамасының қорғаушысы Марк Кукурельяны лондондық «Челсиден» 60 миллион еуроға сатып алғанын ресми түрде жариялады. Трансфер бірден қызу талқыға түсті. Әсіресе, кезінде «Барселона» академиясында тәрбиеленген қорғаушының мәңгілік қарсылас саналатын клубқа ауысуы каталониялық жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желілерде футболшы мен оның жұбайы Клаудия Родригеске бағытталған сын мен қоқан-лоқы да көбейді.
Алайда Кукурельяның айтуынша, бұл шешімнің астарында футболдан да маңызды себеп жатыр. Отбасы үшін ең басты мәселе – бес жасар ұлы Матеоға сапалы білім мен қажетті терапия алуға мүмкіндік жасау.
«Барселонадан» «Реалға» дейінгі жол
Марк Кукурелья 1998 жылы Испанияның Каталония аймағындағы Алелья қаласында дүниеге келген. Футболмен алты жасынан айналысып, алдымен «Эспаньолдың» балалар академиясында тәлім алды. Бір жылдан кейін дарынды ойыншы «Барселонаның» әйгілі Ла Масия академиясына қабылданып, онда он жылға жуық тәрбиеленді. Дегенмен каталониялық клубтың негізгі құрамында тұрақты орын ала алмады.
Кейін «Эйбар», «Хетафе» және «Вильярреал» сапында өнер көрсетіп, 2021 жылы Англия Премьер-лигасының «Брайтонына» ауысты. Бір маусымнан кейін «Челси» қорғаушы үшін шамамен 60 миллион фунт стерлинг төлеп, оны өз тарихындағы ең қымбат трансферлердің біріне айналдырды.
2021 жылдан бері Кукурелья Испания ұлттық құрамасына шақырылып келеді. Ол Еуро-2024 турнирінде ел құрамасының негізгі қорғаушыларының бірі болып, Испаниямен бірге құрлық чемпионы атанды. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатына «Реалдың» жаңа ойыншысы ретінде келді.
«Отбасым бәрінен қымбат»
Өткен жазда ғана «Челсимен» келісімшартын ұзартқан қорғаушының клуб ауыстыруы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Лондондық клуб өткен маусымда Англия Премьер-лигасын оныншы орында аяқтап, еурокубоктарға жолдама ала алмады. Осыдан кейін Кукурелья жаңа ұсыныстарды қарастыра бастады.
Испаниялық қорғаушыға «Барселона» мен «Атлетико» да қызығушылық танытқанымен, таңдауы «Реалға» түсті. Оның айтуынша, шешім қабылдауда Мадридте аутизмге шалдыққан балаларға арналған арнайы мектептер мен оңалту орталықтарының болуы негізгі рөл атқарған.
Ұлымның аутизммен өмір сүретінін бәрі біледі. Бұл өмірімді түбегейлі өзгерткен жоқ, бірақ өмірдің қадірін бұрынғыдан да жақсырақ түсінуге үйретті. Ұлыма қажетті мектеп пен терапия табылмайтын клубқа ешқашан бармас едім. Мен үшін бірінші орында – отбасым, – дейді Кукурелья.
Диагноз қойылғанға дейінгі қиындықтар
Кукурелья мен Клаудия Родригестің тұңғышы Матео 2021 жылы дүниеге келген. Анасы ұлының өзгеше дамып келе жатқанын ол шамамен бір жасқа толғанда байқай бастаған. Бала көзге қарамайтын, есіміне жауап бермейтін әрі сөйлеуі кешіге бастаған. Алғашында дәрігерлер мұны жиі қайталанатын құлақ инфекцияларымен байланыстырған. Бірақ нақты диагноз тек отбасы Лондонға көшіп, Кукурелья «Челсиге» ауысқаннан кейін ғана қойылды.
Бұл кезең футболшының мансабындағы ең ауыр уақыттардың біріне тұспа-тұс келді. Бір жағынан, ол жаңа клубта негізгі құрамнан орын ала алмай, тұрақты сынның астында қалды. Екінші жағынан, отбасы ұлының диагнозымен өмір сүруге бейімделіп жатты. Клаудия Матеоны алғашында қарапайым балабақшаға бергенімен, кейін бұл шешімнің дұрыс болмағанын түсінген.
Кей күндері ол балабақшада екі-үш сағат бойы жылайтын. Мұндай сәттерде балаңа көмектесе алмау өте ауыр, – деп еске алады Кукурелья.
Кейін Матео арнайы білім беру орталығына ауыстырылып, мамандар оның күнделікті өмірге бейімделуімен айналыса бастады. Онда балаға қарапайым тұрмыстық дағдыларды меңгеру, өз ойын жеткізу және күн тәртібіне бейімделу үйретілді. Осы үшін отбасы Лондондағы үйін де ауыстырып, мектепке жақын ауданға көшкен. Клаудияның айтуынша, ерте басталған түзету жұмыстары Матеоның болашағы үшін шешуші маңызға ие.
Біздің ең үлкен арманымыз – оның өздігінен өмір сүре алатын, бақытты әрі тәуелсіз азамат болып өсуі, – дейді ол.
Диагноз отбасыны бұрынғыдан да жақындастырды
Кейін Кукурельялар отбасында тағы екі сәби дүниеге келді. 2024 жылы Amazon Prime платформасында жарық көрген Married to the Game деректі сериалында ерлі-зайыптылар ұлдарына диагноз қойылғаннан кейін ұзақ уақыт бойы күн сайын жылағандарын алғаш рет ашық айтты.
Бұл жағдай ерлі-зайыптыларды не ажыратады, не бұрынғыдан да жақындастырады. Біз бұрынғыдан да берік отбасыға айналдық, – дейді Клаудия.
Ал Марк ерекше баланы тәрбиелеу шыдамдылықты ғана емес, өмірге мүлде басқа көзқараспен қарауды үйреткенін айтады.
Ешкім ата-ана болуды үйретпейді. Уақыт өте келе балаңды түсінуді үйренесің. Әрбір кішкентай жетістік бұрынғыдан әлдеқайда үлкен қуаныш сыйлайды, – дейді қорғаушы.
Алаңдағы қысымға да төтеп берді
Отбасындағы қиындықтарға қарамастан, Кукурелья футболдағы мансабын да сәтті жалғастырды. Маурисио Почеттиноның тұсында «Челсидегі» негізгі құрамдағы орнын бекітіп, кейін Испания құрамасының көшбасшыларының біріне айналды. Еуро-2024 турнирінің Германияға қарсы ширек финалында ең даулы эпизодтардың бірі дәл оның қатысуымен болды. Джамал Мусиаланың соққысы Кукурельяның қолына тигендей көрінгенімен, бас төреші Энтони Тейлор пенальти белгілеген жоқ. Осы шешімнен кейін испаниялық қорғаушы неміс жанкүйерлерінің қатаң сынына ұшырады.
Төреші шешім қабылдады, мен оны құрметтеймін. Бұл жерде түрлі пікір болуы мүмкін, бірақ соңғы сөз төрешіде, – деген еді қорғаушы.
Сол жылы Кукурелья тағы бір ерекше оқиғамен есте қалды. Puma Future 8 бутсасымен шыққан матчта ол алғашқы минуттардың өзінде екі рет тайып құлап, қарсылас команда екі гол соқты. Үзілісті күтпестен, ойын барысында ескі бутсасын қайта киіп шыққан қорғаушы кейін жаңа аяқ киімін қоқыс жәшігіне тастаған суретін әлеуметтік желіге жариялады. Алайда көп ұзамай жазбасын өшіріп тастаған. Puma компаниясы бұл жағдайды әзілмен қабылдап, келесі матч алдында:
Маңыздысы – қалай құлағаның емес, қалай қайта тұрғаның, – деген жазба жариялады.
Қызығы, дәл сол кездесуде Кукурелья Англия чемпионатындағы алғашқы голын соқты.
Футболдан тыс өмір
Кукурелья бүгінде Puma және үндістандық Amul брендтерімен серіктестігін жалғастырып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен де айналысады. 2023 жылдың қарашасында ол Campus Marc Cucurella SL компаниясын құрды. Компания спорттық іс-шараларды ұйымдастырумен қатар, жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату және жалға беру бағытында қызмет көрсетеді.
Мадридке көшу футболшыға туған жері Каталониядағы бизнесіне де көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Дегенмен Кукурелья үшін ең үлкен жетістік – жеңіп алған кубоктар немесе қымбат трансферлер емес. Оның айтуынша, өміріндегі ең маңызды жеңіс – ұлы Матеоның күн сайын жаңа жетістіктерге жетіп, алға қадам басуы.