Жаңалықтар

Балалардың қаржылық сауатын арттыратын «Qarzhymen» комиксі жарық көрді

Балалардың қаржылық сауатын арттыратын «Qarzhymen» комиксі жарық көрді
Фото: nis.edu.kz 19.03.2024 17:52 367

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Әсия Бралина, Айшат Темірбаева, Дана Көптлеуова және Мерейлі Қараш қаржылық сауаттың маңызын түсіндіретін «Qarzhymen» комиксін әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өнертапқыштар оқырмандарға түрлі қаржылық қиындықтарға тап болған және оны шешуге көмектескен кейіпкерлер арқылы елдегі басты мәселелердің бірі – қаржылық сауатсыздық деңгейін азайтуды көздейді. Бұл бастама авторлық құқыққа ие болды және «INFOMATRIX» халықаралық байқауының финалына өтті.

Қазақстанда қаржылық сауат деңгейі көтерілмей тұр. 2021 жылғы индекс бойынша 39,52% құрады, бұл дамыған елдердің орташа деңгейінен едәуір төмен. Біз қаржылық сауатсыздықпен күресуді мектеп қабырғасынан бастау керек екенін алға тартамыз және сауатты болудың маңызын осы комикстер арқылы насихаттаймыз, – дейді жоба авторлары.

«Qarzhymen» комиксі 7 тараудан тұрады. Жобаны әзірлеуге оқушылар бір жылға жуық уақыт жұмсады. Әсия мен Айшат комикс авторлары болса, Дана мәтіні мен редакторлық жұмысты атқарған, ал Мерейлі – веб-дизайнер. Комиксті қазақ және ағылшын тілдеріне аудару, сондай-ақ комикстерді, бейнероликтерді, ойындарды және қаржылық сауат туралы интерактивті сабақтарды біріктіретін мультимедиялық платформа құру арқылы жобаны кеңейту жоспарда тұр.

Жоба ЮНЕСКО тарапынан қолдау тапты. Оқушылар комиксті бүкіл Қазақстан бойынша, әсіресе білім беру ресурстары қолжетімсіз шалғай аудандардағы жастар арасында таратуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар авторлар мектеп бағдарламаларына комикстерді енгізу және қаржылық сауат бойынша білім беру іс-шараларын тек елде ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңейту үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуді мақсат етіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға