Жаңалықтар

Балаларды ұруға заңмен тыйым салу ұсынылды. Бұған Асхат Аймағамбетов не дейді?

Балаларды ұруға заңмен тыйым салу ұсынылды. Бұған Асхат Аймағамбетов не дейді?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 01.06.2023 10:15 868

БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен балаларды ұруға заңмен тыйым салу керек деген ұсыныс айтқан. Осыған байланысты  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бұрынғы министр, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірін білген еді.

Бұл мәселені кеңінен қарау керек. Балалардың, аналардың, жалпы Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау мәселесін кеңінен қараған жөн. Азаматтардың құқығы тапталмауы тиіс. Барлық мәселе тек қана заңмен реттелмейді. Жалпы елімізде балалардың құқығын таптамауға тиісті заңнамалық негіздеме бар. Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам бұл мәселеде бірге атсалысатын болса, мәселені шешуге мүмкіндік бар, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол елімізде балалардың құқықтары жөнінде бірнеше заңдар қабылданғанын атап өтті.

Соның шеңберінде балаға қол көтермеу, бала құқықтары жөнінде барлығы жазылған. Сол заңнамада белгіленген нормаларды іске асырып, оны бұлжытпай сақтау бүгінгі күні үлкен мәселе болып тұр, - дейді мәжілісмен.

Айта кетейік, бұған дейін ОКҚ-да өткен дөңгелек үстелде БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур Ван Дизен балаларға қол көтеруге заңмен тыйым салу керектігін айтқан болатын.  

Артур Ван Дизен балаға дауыс және қол көтермей-ақ тәрбиелеуге және өсіруге болады деп отыр. Мұны ата-аналарға жеткізу үшін тиісті коммуникациялық кампания керектігін айтады.

Оның сөзінше, бүгінде бұндай заң әлемде 65 елде қабылданды, 27 ел заңды қабылдауды жоспарлап отыр екен.

БҰҰ өкілі «барнахус» моделін атап өтті, онда бір маман балаларға сауалнама жүргізеді. Ал қалғандары балаға қайтадан стресстен аулақ бола отырып, ақпарат алу үшін бейнежазбаны пайдаланады. Ван Дизен сонымен қатар ведомстволар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, балалардың құқықтарын қорғауды үйлестіретін бірыңғай орталық орган құруды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға