Балаларды түнде автобусқа отырғызбайды: жолаушыларды тасымалдау ережелері өзгереді

Балаларды түнде автобусқа отырғызбайды: жолаушыларды тасымалдау ережелері өзгереді
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда 27 қарашадан бастап автобуспен жолаушы тасымалдау тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Енді түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз балалар қоғамдық көлікке отырғызылмайды. Сонымен қатар қалаішілік және ауылдық бағыттардағы жолақыны есептеу тәртібі жаңарып, автобустардың сыртқы безендірілуіне қатысты талаптар күшейтіледі.

Жаңа нормалар Көлік министрінің №317 бұйрығымен бекітілген. Өзгерістер жолаушыларды тасымалдау кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, тарифтерді біріздендіруді және қоғамдық көліктің бағыттарын ажыратуды жеңілдетуді көздейді.

Түнгі уақытта балаларға шектеу қойылады

Жаңа ережеге сәйкес, сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жанында ересек адам жоқ кәмелетке толмаған балаларды автобуспен тасымалдауға рұқсат етілмейді. Маңыздысы, бұл талап тек кішкентай балаларға емес, 16 жастан асқан жасөспірімдерге де қатысты.

Демек, ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта автобуспен жолға шыққан балалар көлікке отырғызылмайды. Бұл шектеу «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның 36-бабының 5-тармағына негізделген. Аталған норма балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне қатысты қауіпсіздік талаптарын қамтиды.

7 жастан асқан бала жалғыз жолға шыға ала ма?

Күндіз халықаралық және облысаралық қалааралық бағыттарда балалардың өз бетінше жүруіне қатысты да арнайы тәртіп белгіленген. Мәселен, 7 мен 16 жас аралығындағы балалар автобуспен ересектерсіз сапарға шыға алады. Бірақ бұл үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі болуы қажет.

Келісім қағаз түріндегі түпнұсқа құжатпен немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы рәсімделуі мүмкін. Баланы автобусқа отырғызу кезінде құжат жүргізушіге немесе тасымалдаушының өкіліне көрсетілуі тиіс.

Ал 7 жасқа толмаған балаларға мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Олар халықаралық және облысаралық қалааралық автобустармен тек ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруімен ғана сапарға шыға алады.

Осылайша, ата-аналар баласын басқа қалаға туыстарына жіберуді немесе жалғыз сапарға шығуын жоспарласа, жасына сәйкес құжаттарды алдын ала дайындауы керек.

Жолақы бес теңгеге дейін дөңгелектенеді

Жолаушыларға әсер ететін тағы бір өзгеріс қалаішілік және ауылдық автобус бағыттарындағы тарифке қатысты. Енді бір қала немесе ауыл аумағындағы барлық бағыт бойынша жол жүру құны бірдей белгіленеді. Ол орташа есеппен есептеліп, бес теңгеге еселік сомаға дейін дөңгелектенеді.

Мысалы, есептеу нәтижесінде жолақы 177 теңге болса, жолаушы 175 теңге төлейді. Ал 178 теңге шықса, тариф 180 теңгеге дейін дөңгелектенеді.

Бұл тәсіл жолақыны есептеу кезінде бірыңғай тәртіп қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен жекелеген санаттағы азаматтарға арналған жеңілдіктер бұрынғыдай сақталады. Яғни тарифтің дөңгелектенуі жеңілдікпен жүретін жолаушылардың құқығын жоймайды.

Автобустардың маршрут нөмірі қалай өзгереді?

Қоғамдық көліктің сыртқы көрінісіне де жаңа талап енгізіледі. Қалаішілік және қала маңындағы тұрақты бағыттарда жүретін автобустардың алдыңғы және артқы бөлігіне маршрут нөмірі жазылған арнайы белгі орнатылуы керек. Белгі ашық сары түсті фонда қара түспен жазылады. Ондағы әріптер мен сандардың биіктігі кемінде 120 миллиметр болуы тиіс.

Ал экспресс автобустардың ерекшелігі қосымша жазу арқылы көрсетіледі. Маршрут нөмірінің астына қызыл түспен «Экспресс» деген белгі орналастырылады. Оның биіктігі кемінде 60 миллиметр болуы қажет.

Бұл талап жолаушыларға қажетті автобусты алыстан-ақ ажыратуға және бағытты шатастырмауға көмектеседі. Алайда маршрут нөмірлеріне қатысты өзгерістер 27 қарашадан бастап бірден енгізілмейді. Бұл талап бұйрық күшіне енгеннен кейін 60 күн өткен соң қолданыла бастайды.

Жалпы, жаңа ережелер автобуспен қатынайтын азаматтардың күнделікті өміріне бірнеше бағыт бойынша әсер етеді. Әсіресе баласын өзге қалаға жіберетін ата-аналарға тасымалдау талаптарын алдын ала ескерген жөн. Ал қоғамдық көлік жолаушылары алдағы уақытта тарифті есептеу мен автобустарды белгілеу тәртібіндегі өзгерістерге назар аударуы керек.

Оқи отырыңыз