Жаңалықтар

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

Түлектердің алды шетелде білім алып жүр.
Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?
12.09.2022 18:24 3538

Мектеп - мұғалімнің жүрегі, оқушының алтын ұясы. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз дегенді айтқан болатын.

Сондай-ақ Президент әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай қажет екендігін және жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңыздылығын да баса айтқан болатын. Ел президентінің бұл сөздеріне назар салатын болсақ, бүгінде заманауи мектептердің көптеп ашылып жатқанын білеміз. Солардың бірі балаларды мектеп жасынан бизнеске баулитын «Дара» бизнес академиясы. Бұл академия туралы толығырақ білу мақсатында мектеп директоры Ақмарал Бекбаеваны сұхбатқа тарттық.

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

– «Дара» Бизнес академиясы» мектеп-лицейі қай уақыттан бері жұмыс жасап келеді?

– «Дара» Бизнес академиясы 2019 жылғы 4 қарашада ашылды. Мектеп Ақмола облысы Қосшы қаласында орналасқан. Бұл өңірде мектеп мәселесі, олардың жеткіліксіз екенін барлығымыз білеміз. Балалар осы уақытқа дейін 3 ауысыммен оқып келді. Бұл жағдайға салғырт қарай алмаған жергілікті тұрғын, меценат, облыстық мәслихат депутаты Сайра Матайбаева қайырымдылық жоба ретінде мектеп ашуды жөн көрді. Осылайша Қосшыдағы бір мәселесі еліне жаны ашитын азаматтың арқасында аз да болса шешілді деуге болады.

– Мемлекет басшысы жуырдағы өз Жолдауында баланың заманауи мектепте оқуына аса мән беру керектігін айтты. Жалпы бизнесті мектеп жасынан үйрететін арнайы әдебиет жоқ. Сіздер бұл жүйеге қалай келдіңіздер?

– Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында қаржылық сауаттылықты мектептен бастап үйретуді және бұл негізгі пәндердің бірі болу керек екендігі туралы айтқан болатын. Жолдауды тыңдағаннан кейін біздің мектеп дәл уақытында ашылған екен деген ойға келдік. Мектептің концепциясын, мақсаты мен бағытын ойластырғанды құрылтайшымыз Сайра Әйтенқызының қызметімен байланыстыруды дұрыс деп шештік. Оқушыларымыз білімді, білгір, бәсекеге қабілетті, еліміздің дамуына үлес қосатын «Дара» кәсіпкер болсын деп «Бизнес академия» деген атауды таңдадық.

Президенттің сол Жолдауынан кейін қанша уақыт өтсе де, елімізде қаржылық сауаттылықты, жалпы бизнесті мектеп жасынан үйрететін арнайы әдебиет жоқ. Біз де алғашқы уақытта «Атамекен» ҰКП дайындаған материалдармен жұмыс істеп, пилоттық түрде осы пәнді қолға алдық. 2019 жылдан бастап ізденіс үстінде жүріп, өзіміздің оқулықтарды да дайындап шығардық. Біздің мектептің оқушылары 0-11 сынып аралығында бизнестің негіздерін үйренуде. Оған қосымша робототехника, ағылшын тілін тереңдедіп оқыту, шешендік өнер секілді сабақтарды да оқиды. Ерекше атап өтетін пән ол - «Ұлттық құндылықтар» сабағы. Ұлттық болмысымызды сақтау мақсатында, оны өсіп келе жатқан ұрпақ арасында дәріптеу, насихаттау үшін осы пәнді енгіздік. Сабақ алты қанатты киіз үйдің ішінде, қара домбыраның сүйемелдеуімен өтеді. Батырлар жыры, салт-дәстүр, мемлекеттік тілді меңгеру барлығы осы пәннің барысында оқытылады. Ең қызығы ол практикалық сабақтар, мұнда біз ат мәдениетіне жақын болу үшін балаларға атқа мінуді үйретеміз, садақ атудың қыр-сырымен таныстырамыз. Ал жаңа оқу жылында осы бағытты одан әрі жандандыру үшін домбыра негізгі сабақтардың қатарына қосылды.

– Мұның өзі балалардың жан-жақты дамуына айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймын. Бұлардан бөлек тағы қандай үйірмелер бар?

– Иә, біз балалардың жан-жақты дамуына үлкен мән береміз. Мектебімізде оқушылардың қызығушылығына қарай 10 клуб құрылған. Біздің мектепке түскен әр оқушы бір клубтың мүшесі болу керек. Мысалы, 2 жыл бұрын ашылған «Рух» жастар театры. Профессионалды театрлардан кем емес авторлық қойылымдары бар ұйым ай сайын көрермендерімен жаңа шығармаларымен бөлісіп отырады. Немесе «Сырғалым қыздар» клубы – бұл қыздардың тәрбиесі мен дамуына бағытталған бірегей ұйым. «Кітап оқы» клубы ең көп оқушының басын қосып отыр. Олар жыл сайын кітап оқу бойынша марафон жариялайды. Жыл соңында үздіктер: тау велосипеді, электро самокат, эйр подс секілді жүлденің иегерлері атанады.

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

– Мектептің өзінің дәстүрлі іс-шаралары бар екен. Осы туралы айтсаңыз?

– Мектептің ашылғанына көп уақыт болмаса да өзінің дәстүрлі іс-шаралары бар. Әр сәрсенбі біз үшін ұлттық күн. Бұл күні лицейдің үлкені де кішісі де, ата-аналар да ұлттық нақыштағы киіммен келу керек. Асханада бауырсақ пен жеті нан таратып, спорт алаңында ұлттық ойындар өтеді. Ал бейсенбі «іскерлік бейсенбі» деп аталады. Бұл күні мектепке жетістікке жеткен еліміздің бетке ұстар азаматтары келіп, оқушылармен кездеседі. Қонақтардың қатарында: Еркін Татишев, Сауле Досжан, Назипа Шанаи, Аман Гумаров, Найля Аппасова, Лейла Ишбаева сынды мықты лектор бар. Жұма сайын мектепте «тақырыптық жұма» өтеді. Алдын-ала осы күннің тақырыбы айтылады. Мысалы «Қаһармандар күні», баршамыз осы тақырып аясында киініп, игі іс жасау керекпіз. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген. Қарап тұрсаңыз, біз өткізетін әрбір іс-шараның тәрбиелік мән-мағынасы зор. Оқумен қоса осы бағытта да үлкен жұмыс атқарылуда.

– Біздің елде осындай жекеменшік мектептердің көбейгені тиімді ме?

– Әрине, тиімді. Біз осы оқу жылын 35 сынып, 600 оқушымен бастадық. Мектеп қашанда жеткіліксіз. Менің ойымша мемлекет тарапынан білім саласына үлес қосамын дейтін кәсіпкерлерге дәл мемлекеттік мектептерге жасалатын жағдай болса, талай мәселелер шешімін табатын еді. Білім ордасын салу қашан да болсын игі іс. Зәулім үйлер, ойын-сауық орталықтары, өз атасының атымен салынған мешітке қарағанда мектеп салған үлкен сауап. Себебі, бұл болашақ ұрпақты ойлау, қазақ елінің келешегіне жан ашу. Азамат ретінде елдің өсуіне үлес қосу деп білемін.

– Мемлекеттен қандай қолдау алып отырсыздар?

– Мемлекет тарапынан оқушы басына алатын субсидиямыз бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Себебі мектепті жабдықтау, оның коммуналдық шығындары, жарты жыл сайын ұстаздар еңбекақысына қосылатын пайыздар бар. Мамандардың тапшылығы барлық саланың басты проблемасы. Бірақ жекеменшік мектептерде мұғалім мәселесі негізгілердің бірі. Себебі, мемлекеттік мектептерде қазір жалақы өсуде. Сол себепті жақсы ұстазды тарту үшін біз мемлекеттік мектептерге қарағанда жалақыны жоғарырақ қоюға тырысамыз.

– Бизнес бағытындағы еліміздегі алғашқы мектеп деп атап өттіңіз. Балаларды бизнеске баулу қалай жүріп жатыр?

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

– Жоғарыда атап өткендей, біз бизнесті 0-11 сынып аралығында арнайы әдебиетпен оқытып отырған алғашқы және де әзірше жалғыз мектеппіз. Осы бағдарламаны іске қосу үшін қаншама елді аралап, талай үздік мектептердің тәжірибесіне жүгіндік. Іс-сапарымыздың бірінде жақсы серіктестерге жолығып, осы саладағы Камал Әлпейісова, Нұғман Жұлдызбаев, Болат Мырзакулов, Роза Кенжалина секілді еліміздің мықты мамандарын тартып халықаралық деңгейдегі «Business Fox» деп аталатын кітаптар жазып шықтық. Бұл тек қана бизнес емес, сонымен қатар мамандық таңдау, шешендік өнер, ойлау дизайны, критикалық және кризистік ойлауды тоғыстыратын тамаша оқулық. Бүгін міне 60-тан астам маман дайындаған оқулықтар бойынша білім алудамыз.

Қаржылық сауаттылықты, жауапкершілікті дамыту мақсатында мектептің өз атымен байланысты «Дарик» деп аталатын валютамыз бар. Оқушылар сабақ барысында, іс-шараларда, игі істер марафонында жалақы түрінде «Дариктерді» алады. Тоқсан соңында мектептің үшінші қабатында орналасқан «Dara Store» дүкені ашылып, оқушылар өзіне ұнағанын дариктерге сатып алады. «Еңбекпен келген нан тәтті болады» демекші, біздің балалар үшін де дариктерге алған заттары ыстық болады. Бұл - біздегі мотивацияның ең мықты құралы. Онымен 8-11 сынып оқушылары жыл сайын «Dara business hub» стартаптар жобасын қатыса алады. Мұнда оқушылар бизнес идеяларын қорғап, инвестор іздейді. Бұл жоба 2 жыл қатарынан өткізілді. Бүгінде 3 миллион теңгеге балалардың бизнес жобалары қаржыландырылды.

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

– Баланың білімі ұстаздың біліктілігіне байланысты болатына да жасырын емес. Ал сіздердегі ұстаздардың біліктілігі қандай деңгейде?

– «Ұстазы жақсының ұстам жақсы» деген ұлағатты сөз бар ғой. Біз ұстаздарды үлкен байқау арқылы таңдаймыз. Қазақстанның бірнеше өңірінен мықты мамандарды шақырдық. Ұжымымызда 20 жылдан асатын тәжірибесі бар аға буын ұстаздарымыз да бар. «Болашақ», «Erasmus Mundus» сынды халықаралық бағдарламаларының түлектері мен ұстаздық жолды таңдаған мықты жас мамандар да қызмет етеді. Әрқайсысының мектепке берері мол. Бәріміздің мақсатымыз да, мүддеміз де бір.

– Бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады деп жатамыз. Тіл үйрету мәселесін қалай шештіңіздер?

– Әрине бұл ойыңызбен келісемін. Тіл білген бала әлемді де таниды. Бұл заман талабы. Осы орайды біз ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз. Стандартта ол 2-3 сағатпен шектеледі. Ал ол уақыт бала үшін жеткіліксіз. Сол себепті күнделікті сабақ кестесінде ағылшын тілі бар. Мектебімізге мықты мамандар тартылған. Онымен қоса, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің азаматтары мектебіміздің сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында сабақтар жүргізеді. Бірнеше тілді қамтуға ұмтылсақ та, назарымызда ең бастысы ол - мемлекеттік тіл. Біз аралас мектеппіз. Орыс тілді сыныптар да бар. 9 этностың өкілдері білім алуда. Қай сынып болсын біз шешендік өнер, тіл дамыту, ұлттық қындылықтар деген сабақтарымызды мемлекеттік тілді үйретуге талпынамыз.

– Оқушыларды қабылдарда белгілі бір талаптарыңыз бар ма?

– Қатал бір талап бар деп айта алмаймын. Себебі, біз баланың мектепке дайындығына назар аударамыз. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын және математика пәндерінен мектеп бағдарламасы бойынша тест аламыз. Бұл балалардың түсінбей қалған тақырыптарын, мықты қырларын анықтау үшін қажет.

– Бұл мектептің түлектері болашақта кім болып шығады?

– Енді әр адам өзінің жолын, мамандығын өзі таңдайды. Біз мектеп ретінде сол таңдаудың дұрыс болуына, адаспауына көмектесеміз. Мектеп қабырғасында академиялық біліммен қоса, қазіргі нарықта сұранысқа ие барлық дағдыларды қамтуға тырысып жатырмыз. Қандай сала болмасын, ол салада көшбасшы болады, сол саланы бизнеске айналдырған азаматтар бар. Сол себепті, біздің балалар кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, ертең өз салалары арқылы бір бизнестің өкілі болса біз үшін сол жетістік. Қай саланы таңдаса да, қай мамандықтың иесі болса да ең бастысы өзіне, еліне адал азаматты тәрбиелеу. Біздегі мақсат сол.

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

– Шетелде білім алып жатқан түлектеріңіз де бар екен.

– Иә, осы уақытқа дейін екі 11-сынып мектептен түлеп ұшты. Олардың барлығы мемлекеттік гранттардың иелері атанды. Осы жылы 2 алтын белгі иегерімен қанжығамыз толықты. Шетелде 5 оқушымыз білім алуда. Олар Түркия, Словакия, Чехия, Корея, АҚШ елдеріне оқуға түсті. 2 оқушымыз «Балапан» телеарнасының жүргізушілері. 10-сынып оқушысы Есет Алжан - Димаш ағасының ізін басып келе жатыр, талай халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Домбырашылар ансамблі мен бишілер тобы да өткен жылы халықаралық байқаудың гран-при иегерлері атанды. Спорттан да бірнеше жүлделеріміз бар. Атап өтсек, джиу-джитсу, дзюдо, бокс, жүзу спортынан балалардың талабы жақсы. Бұл тек қана бастамасы деп білемін.

– Жас болсаңыз да, бір мектепті басқарып отырсыз. Бұл деңгейге жету үшін біраз жолдан өткен боларсыз?

Балаларды бизнеске баулитын мектеп туралы білесіз бе?

– Менің ойымша, педагогикада жас немесе жыныс деп бөлу дұрыс емес. Ең бастысы ол білімге деген, балаға деген, жалпы осы мамандыққа деген махаббат. Ұстаздардың династиясынан тәрбиеленген мен үшін бұдан асқан мамандық жоқ. Сол себепті менің жұмысым – мен демалатын мекен. Мектепке дейін мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларды қызмет еттім. ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, «Атамекен» ҰКП алған тәжірибемді білім саласын жандандыруда, жаңартуда қолдануды жөн көрдім. Бүгінгі мен жетіп отырған деңгей бұл тек менің ғана емес, жалпы тәрбие берген ата-анамның, алдымда бағыт-бағдар көрсетіп келе жатқан аға-апайларымның, қолдау көрсететін ұжым мен әр кез жанымнан табылатын достарымның арқасы деп білемін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– «Алдағы істі Алла біледі» дейді ғой. Мендегі мақсат айқын, арманым асқақ. «Дара» мектебін әрі қарай көркейткім келеді. Осындай мектептердің санын арттыру үшін қызмет етемін. Жекеменшік мектептердегі заманауи білім қазақ елінің барша баласына қолжетімді болу үшін алдағы еңбегімді арнағым келеді.

– Толымды сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға