Жаңалықтар

Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы әлі көтерілген жоқ - сенатор

Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы әлі көтерілген жоқ - сенатор
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 28.03.2024 12:28 297

Сенатор Нурия Ниязова өзінің депутаттық сауалында балалар үйінде жұмыс істейтін педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Нурия Ниязова осыдан бір жыл бұрын осы тақырыпқа ұқсас депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Ол онда кәдімгі мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімі кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысын да теңдей көтеруді сұраған болатын. Олар логопедтер, психологтар, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтер, Монтессори мұғалімдері, музыка жетекшілері сияқты еңбеккерлер. Үкімет ол кезде осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр деп жауап берген еді. Алайда бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы еш көтерілген жоқ.

Ол тақырып бойынша біздің бұрынғы депутаттық сауалға 2023 жылғы 25 мамырда жауап келді. Алайда балаларымыздың дамуында әлеуметтену үшін қосымша білім беруде шешуші рөл атқаратын осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол деңгейде қалып отыр. Бұл осы мекемелердегі жоғары білікті кадрлардың саладан кетуіне әкелуде. Осыған байланысты тиісті министрліктерге атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде әзірленген тәсілдермен жүргізілген тиісті зерттеулер туралы ақпарат беруді тапсыруды сұраймыз, - деді ол.

Сондай-ақ сенатордың айтуынша, ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орталықтары мамандарының әлеуметтік және материалдық мәртебесін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға