Қазақстанда бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау үшін түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Олардың қатарында бала тууға байланысты біржолғы төлем, бала күтімі бойынша жәрдемақы, декреттік төлем және көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Декреттік төлем қалай есептеледі?
Ең ірі әлеуметтік төлемдердің бірі – жүктілік пен босануға байланысты берілетін төлем. Ол жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалады және соңғы 12 айдағы орташа табысы негізінде есептеледі.
Бұл төлем әйелдің жүктілік пен босану кезеңінде немесе жаңа туған баланы асырап алуына байланысты уақытша табысынан айырылуын өтеуге бағытталған. 2026 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, мұндай төлемнің орташа мөлшері 1,2 миллион теңгені құраған.
Бала дүниеге келген кезде барлық отбасыларға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері балалардың санына байланысты өзгереді.
- Бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.
Бұл төлем баланың дүниеге келуіне байланысты алғашқы шығындарды өтеуге көмектеседі.
Бала күтіміне байланысты төлем
Мемлекет сәби 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер де қарастырған.
Жұмыс істейтін аналарға төленетін бұл қолдау соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы көлемінде есептеледі. Қазіргі уақытта оның орташа мөлшері 86 мың теңгеден асады.
Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау
Ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар да мемлекет назарынан тыс қалған жоқ.
Мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын ата-аналар мен қамқоршылар ай сайын 81 871 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұл төлем ерекше қажеттілігі бар балалардың күтіміне байланысты шығындарды азайтуға бағытталған.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы
Қазақстанда көпбалалы отбасыларды қолдау жүйесі тұрақты түрде жұмыс істейді. Жәрдемақы мөлшері отбасындағы бала санына қарай белгіленеді:
- Төрт баласы бар отбасыларға – 69 330 теңге;
- Бес баласы бар отбасыларға – 86 673 теңге;
- Алты баласы бар отбасыларға – 104 017 теңге;
- Жеті және одан көп баласы бар отбасыларға – 121 360 теңге.
Көпбалалы аналарды қолдау мақсатында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арнайы мемлекеттік төлемдер беріледі.
Бұл марапаттар көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлін бағалаудың және оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі саналады.