Күз келгенде балалар арасында тұмау мен ЖРВИ жиілеп, ата-аналардың «Балам неге жиі ауырады?», «Иммунитетін қалай күшейтемін?» деген сұрақтары көбейеді. Педиатр Мереке Тұңғышбаева MedRoom подкастында баланың жиі ауруына әсер ететін факторларды айтты.
Педиатрдың пікірінше, дені сау бала жылына кемінде төрт рет жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауыруы мүмкін. Әсіресе күз мезгілінде тұмау эпидемиясы жиілейді.
Тұмау ауа-тамшылы жолмен таралады. Ересектер де вирустың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Ал қоғаммен, балабақшадағы немесе мектептегі басқа балалармен жиі байланыста болатын бала түрлі вирустармен бетпе-бет келеді, – дейді Мереке Тұңғышбаева.
Сондықтан баланың жыл ішінде бірнеше рет ЖРВИ-мен ауыруы бірден оның иммунитеті өте әлсіз екенін білдірмейді. Дегенмен кейбір балалардың вирустық инфекцияны ауыр өткізуіне ағзадағы тапшылықтар әсер етуі мүмкін.
Анемиясы бар бала тұмауды ауыр өткізеді
Мереке Тұңғышбаеваның сөзінше, ағзасында дефициті жоғары, анемиясы бар балалар тұмаумен жиі ауырып, инфекцияны асқынған түрде өткізуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар баланы арнайы тексеруден өткізіп, ағзадағы жетіспейтін көрсеткіштерді анықтап, қажет болса оларды толықтыруы керек.
Ағзасында дефициті жоғары, анемиясы бар балалар тұмаумен жиі ауырады және оны асқынған түрде өткізеді. Сондықтан ата-аналар балаларын арнайы чекаптан өткізіп, ағзасындағы жетіспейтін дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығын толықтыруы керек. Баланың ұйқысы мен тамақтануын реттеп, дәрумендерді уақытылы берсе, бала тұмауды жеңіл түрде өткізеді, – дейді педиатр.
Қазір әлеуметтік желіде түрлі дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) жарнамалау кең тараған. Педиатр ата-аналардың осы мәселеде абай болғанын қалайды.
Оның айтуынша, ата-аналар кейде дәрігерге қаралып, препараттың балаға қаншалықты қажет екенін анықтаудың орнына туыстарының, көршілерінің немесе достарының кеңесіне сүйенеді. Әлеуметтік желідегі блогерлердің ұсынысына да тез сеніп қалатындар бар.
Зерттелмеген өнімдерді «ана жақтан естідім, мына жақтан естідім» деп балаларға ұсына бермеңіз. ББҚ ағзадағы дәрумен жетіспеушілігін толықтыру үшін қолданылады. Бірақ оның да өз шарттары бар. ББҚ-ны беталды қабылдау баланың ағзасындағы қабыну ошағын одан әрі күшейтуі мүмкін. Қазір неврологиялық аурулар өзекті мәселеге айналып отыр. Балалардың 90 пайызының тілі кеш шығып жатыр. Бұл – аналар үшін ең ауыр тақырыптардың бірі, – деді педиатр.
Сондықтан баланың даму ерекшеліктерін тек дәрумендермен немесе ББҚ-мен байланыстырып қоймай, қажет болған жағдайда мамандарға көрсетіп, нақты себебін анықтау маңызды.
Неге бір бала үш күн, екіншісі бір апта ауырады?
Бір вирусты жұқтырған балалардың ауруды әртүрлі өткізуі мүмкін. Бір бала бірнеше күнде жазылса, екіншісінің сауығуына бір апта немесе одан да көп уақыт кетеді. Педиатр мұның себептерінің бірі ағзадағы дефициттер болуы мүмкін екенін айтады.
Қазір балалардың көбі туа біткен анемиямен ауырып жатыр. Себебі аналар жүктілігін анемиямен өткізеді. Баладағы анемияны бірден емдеуді бастау керек. Кез келген проблеманың артында анемия тұруы мүмкін. Оның түрі өте көп. Көбі анемияның тек темір тапшылығына байланысты түрі болады деп ойлайды. Алайда фолий қышқылының және В дәрумендерінің тапшылығына байланысты анемия да болуы мүмкін, – дейді дәрігер.
Сондықтан баланың ағзасында қандай тапшылық барын анықтамай, кез келген дәруменді немесе препаратты өз бетінше беру дұрыс емес.
Антибиотик вирусты емдемейді
Баланың иммунитетіне оның ағзасындағы дефициттер ғана емес, өмір сүру салты және ауырған кездегі күтімі де әсер етеді.
Бала ауырған кезде анасының алғашқы көмекті қалай көрсететіні де баланың жиі ауруына әсер етеді. Жалпы, бала ауырғанда бірден бактериялық инфекциямен ауырмайды, алдымен вирустық инфекция жұқтырады. Вирустық инфекцияның қалай өтетіні көрсетілген алғашқы көмекке, тіпті балаға берілетін сұйықтықтың мөлшеріне де байланысты. Ал осы сәтте аналар өз білгенінше әрекет жасап, емдеу процесін қиындатып алады, – дейді Мереке Тұңғышбаева.
Баласы бірнеше күн ауырып, қызуы түспеген кезде кей ата-ана асқынудан қорқып, антибиотик беруге асығады. Алайда антибиотиктер бактериялық инфекцияларға қарсы қолданылады. Ал вирустық инфекцияға антибиотик әсер етпейді.
Антибиотик бактерияға қарсы қолданылады. Аналар 3-5 күн ауырған балаға бірден антибиотик береді. Ал ол, жоғарыда айтқанымдай, вирусты емдемейді. Антибиотик қажетті жағдайда берілсе – дұрыс ем. Ал беталды берілсе – дұрыс емес ем. Аналар асқынудан қорыққандықтан, балаға антибиотик беруге асығады. Медицинада антибиотик ешқашан асқынудың алдын алу үшін берілмейді, – дейді педиатр.
Баланың жиі ауыруын бір ғана себеппен түсіндіруге болмайды. Оның иммундық жағдайы, ағзадағы тапшылықтары, тамақтануы, ұйқысы, өмір сүру салты және ауру кезінде көрсетілген алғашқы көмек – барлығы маңызды фактор.
Сондықтан «иммунитетін көтеретін» кез келген өнімді іздегеннен бұрын баланың нақты жағдайын түсініп, қажет болса дәрігерге қаралу – ең дұрыс жол.