Бала бармаса, ақша неге төленеді: балабақшаға кезекке қою жүйесін қайта қарау ұсынылды

Бала бармаса, ақша неге төленеді: балабақшаға кезекке қою жүйесін қайта қарау ұсынылды
Фото: El.kz архиві

Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова балабақшаға кезекке қою жүйесін қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттік балабақшадан орын күтетін ата-аналар баласын басқа мекемеге құжат жүзінде тіркеуге мәжбүр болуы мүмкін. Депутат бұл мәселені Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған сауалында көтерді.

Қожахметова мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс, әсіресе Астана, Алматы мен Шымкентте жоғары екенін атап өтті. 2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың мақсаты – бюджет қаражатын балабақшада көрсетілген нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету.

Депутаттың айтуынша, қазір бос орын болса, бала балабақшаға бірден қабылданады. Ал орын болмаған жағдайда оны күту тізіміне қою үшін алдымен басқа балабақшаға тіркеу қажет.

Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр. Нәтижесінде бала бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтеді, – деді ол.

Қожахметова кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қоятынын айтты. Ал ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр болады.

Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс, – деді депутат.

Ол баланы ата-анасы таңдаған балабақшаның күту парағына басқа мекемеге формалды тіркемей-ақ қоюды ұсынды. Бос орын пайда болғанда балаларды ашық әрі түсінікті кезектілікпен қабылдап, ваучерлік қаржыны баланың балабақшаға нақты қатысқанын растайтын цифрлық деректер негізінде төлеу қажет екенін айтты.

Депутат министрліктен формалды тіркелген балаларды анықтайтын цифрлық бақылау жүйесін енгізуді, бір баланың бірнеше ұйымға негізсіз тіркелуіне жол бермеуді және күту парағындағы балалар саны мен нақты бос орын арасындағы сәйкессіздікті азайтуды сұрады.

Біз бұған дейін Таразда аутизмі бар баланы ұйықтату үшін қол-аяғын байлап қойғаны туралы жазған едік

Оқи отырыңыз