Жаңалықтар

Балаға ат қою – ата-ана үшін жауапты іс

Республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминмен сұқбат
Балаға ат қою – ата-ана үшін жауапты іс
14.10.2022 13:34 12178

Жаңа туған нәрестеге жарасымды, еститін құлаққа жағымды ат қою әр ата-ананың аса жауапты міндеті саналады. Халқымыз әкенің үш ақысының бірі дұрыс ат қою деп есептеген. Осы орайда шариғат шеңберінде ат қоюға байланысты Республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминмен сұқбаттасқан болатынбыз.

–  Қанат Қоянбекұлы, шариғат шеңберінде дәстүрімізге сай балаға ат қою мәселесі төңірегінде айта кетсеңіз.

– Біздің дәстүріміз бен дініміз біте қайнасып кеткен. Екеуін екі бөлек қарастыруға келмейді. Сондықтан дәстүріміздегі нәрселердің барлығы дерлік дінімізбен астасып жатқанын білгеніміз абзал.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баланы «мәу һуб» деп атаған. Ол «сый» деген мағынаны білдіреді. Сахабасы сәбилі болғанда, Пайғамбарымыз сәби әкесіне: «Алла Тағаланың саған берген сыйы берекелі болсын»,– деп ақ тілегін айтатын.

Бала дүниеге келген кезде ата-ана шүкірлік етіп, қалжа беріп жатады. Алла Тағалаға шүкіршілік ету, қуанышты ағайын-туыстарымен бөлісу, қырқынан шығару және тағы басқалар бала өміріндегі әрбір сәтке ерекше мән беріп қадірлеуді білдіреді.

Алла жаратқан қоғамдағы адамдардың, оның ішінде ерлі-зайыптылардың, туған-туыстардың бір-бірі алдында өзара міндеттері бар десек, шариғатқа сай баланың ата-ана алдында, ата-ананың бала алдында өтелуі тиіс ақылары бар. Ата-ананың бала алдындағы ең алғашқы міндеті – азан шақырып, ат қою. Пайғамбарымыз қызы Фатима мен күйеу баласы Әлидің алғаш кішкентайлары Хасан дүниеге келген кезде оның оң құлағына азан, сол құлағына қамат шақырғандығы айтылады. Сондықтан да бұл – ардақты пайғамбарымыздан қалған сүннет амал.

– Баланың есімі тағдырына әсер етуі мүмкін бе?

– Пайғамбарымыз дін әкелді. Бірақ Исламға дейінгі араб қауымында адамдарға әртүрлі аттарды қоя беретін болған. Мысалы, Пайғамбарымыз біреуден атын сұраған кезде ол есімі «Харб» (соғыс), екіншісі атының «Мурра» (ащы) екендігін айтқан. Бұдан сол замандарға дейін адамдардың өз есімдеріне мән бермегенін кездестіруге болады. Кейін есімдерінің ауырлығынан олардың қатты қиналған жағдайлары да орын алған. Пайғамбарымыз сондай кейбір кісілердің есімдерін ауыстырған деген риуаяттар бар.

Араб тілінде «Абд» деген сөз бар. Ол «құл» дегенді білдіреді. Мысалы Абдулла есімі «Алланың құлы» деген сөз. Пайғамбарымыз адамға ауырлық сыйлайтын есімдерді осы секілді көркем, құлаққа жағымды, адамдардың арасында да беделін түсірмейтіндей есімдерге өзгерткен екен.

Адам есімінің тағдырына әсер етуіне келетін болсақ, риуаяттар бойынша бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Хазн» (бұдыр, қатты) есімді бір адамнан «есіміңді Сәһл (жазық) деп ауыстырса бола ма» деген кезде ол «әкем қойған есімді өзгертпеймін» деп жауап береді. Пайғамбарымыз үндемейді. Кейін сол кісінің немересі Сағид ибн Мусәйиб деген кісі: «Әлі күнге дейін біздің әулеттен сол бұдырлық (яғни, қатқылдық) қалмай келеді», – деген екен.

Бұл жерде әлгі адамның есімін ауыстыруды қаламағанына Пайғамбарымыздың үндемеуі есім ауыстырудың парыз емес екеніне, яғни міндетті түрде ауыстыру керек емес екеніне дәлел. Пайғамбарымыз жай ұсыныс айтқан.

Пайғамбарымыз шындығында Аллаға сүйікті есім деп «Абдулла (Алланның құлы), Абдурахман (Рахманның құлы)» есімдерін атайды. Немесе «Қияметте әкелеріңнің атымен бірге шақырыласыңдар. Олай болса аттарың әдемі болсын!» дегені бар. Былайша айтқанда, көркем мағыналы есімдерді қой дейді. Бабаларымыз да ізгі адамдардың, батырлар мен би-шешендердің атын қоятын болған.

Өкінішке орай көркем мағынасы жоқ есімдер де қойылып жатады. Бала тұрмай қалған кезде қарабайыр бір атты қоя салады. Бұл балалары қайта-қайта шетінеп, көңілі жарым болған ата-ананың туылған бала тіл-көзден аулақ болсын, есімі жұрт назарына ілінбейтіндей елеусіз болсын деген ниетінен туындаған амал. Шаңыраққа бала бойынша сынақтар беріліп, «дұрыс ат қоймаса, аман қалады» деген түсінікке қатысты шариғатта ешнәрсе айтылмайды. Бабаларымыз өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, осылай істеуі де мүмкін. Ырымшылдығы да бар халықпыз. Сондықтан ыңғайсыздау ат қойып қойғандар болса, неге қойдыңдар деп біз сөге алмаймыз.

Ал жалпы қарабайыр ат қоя салудан гөрі оның көркемдігіне, ертеңгі күні бала есіміне қатысты қоғам тарапынан болуы мүмкін ықтимал реакцияға, ол реакцияның балаға жағымсыз әсеріне мән беруіміз керек.

–  Жақсы ат қоюға шақырған адамзаттың асылынан тәлім алған мұсылман үмбеті үшін пайғамбарлардың, сахабалардың, әулие, ізгі адамдардың аттары қашан да жоғары саналған. Осындай есімдерді балаға қоюға бола ма? Ауыр болады деп жатады...

–  Әрине, болады. Пайғамбарымыз: «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер» деген.

Кавказ елдерінде Мұхаммед деген есімдерді жиі қойып жатады. Бізде қазақ халқында пайғамбарымызға құрмет жағынан болса керек, «Мұхаммед» есіміне алдынан не артынан сөз қосып, Мұхаммедәли, Мұхаммедқанафия, Нұрмұхаммед, Досмұхаммед деп қойып жатады. Бұл Пайғамбарымызға деген құрметтен, оны иеленген жанның кейін қандай да бір жаман аты шықса, пайғамбардың тікелей атына сөз келмесін деген ниеттен туындаған жағдайлар. Олар да көркем есімдерден болып есептеледі.

Кейде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тікелей аты да қойылып жатады. Жалпы үміт – сол есімді арқалаған адам да өмірде сол кісіге сай болса екен деген тілек. Расында да Пайғамбарымыздың есімімен аталатын адамның өмірдегі жүріс-тұрысы дұрыс болмаса, ыңғайсыз күй тудырады. Сол есім иесін жақтырмау немесе есімді жатырқау сезімі туындауы мүмкін адамда. Сол жағынан қарағанда қазақтың ондай кісілердің есімін тікелей қоймауында жақсы ниет жатыр деуге болады.

Ал пайғамбарлардың есімін дәл сол күйінде қойған болса, оның да ешқандай ағаттығы жоқ. Бұл да әлемде кеңінен орын алған тәжірибе.

–  Дінімізде тиым салынған есімдер бар ма?

– Негізі адам есімі күнәға қатысы бар немесе қоғамда кейбіреулер тарапынан мазаққа ұшырайтындай мағынада болмағаны дұрыс. Сонымен қатар Пайғамбарымыз: «Алланың алдында есімдердің ең нашары – «Патшалардың патшасы», – деген. Бұл атау тек Аллаға ғана тән сипат болғандықтан, шариғатымызда осы мағыналас аттарды қою құпталмаған.

Қазақта жалпылама жақсы мағынада, қоғамда кең таралған есімдер көп. Діни емес екен деп ауыстыру немесе арабшалау деген талап жоқ. Адамда кез келген ат болуы мүмкін. Оның дәрежесін Алланың алдында көтеретін де ең алдымен оның есімі емес, жасаған ізгі амалы. Пайғамбарымыз: «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды», – дейді.

–  Аян түс арқылы есім беріліп жатады. Осыған байланысты не айтар едіңіз? Дінімізде осы мәселеге қатысты нақты қағида бар ма?

–  Пайғамбарымыз: «Біреуің өздеріңе ұнайтын түс көрсеңдер, ол – Алладан, сондықтан Аллаға мадақ айтып, (көрген түстеріңді басқаларға) айтыңдар, ал басқа, яғни өздеріңе ұнамайтын жаман түс көрсеңдер, ол – шайтаннан, сондықтан оның жамандығынан Алладан пана сұраңдар және жаман түсті ешкімге айтпаңдар, сол кезде ол сендерге ешқандай зиян келтірмейді», - деген. Мысалы, «балам дүниеге келерде түсімде аян беріліп, атын «Дінмұхамед» деп қой деп айтты» деп жатады. Яғни «аян» деген түсінік бар. Түсте айтылған есім шариғатқа, дәстүрімізге қайшы келмейтін, кең таралған болса, оны қоюдың еш әбестігі жоқ.

Түске соншалықты мән беріп кетуге де болмайды. Мысалы қоғамда түспен ғұмыр кешетін адамдар болуы мүмкін. Көрген түсі себепті, мысалы, өзінің жақынын, ағайынын ұнатпай қалудан немесе оларға қатысты күмәнге берілуден аулақ болу қажет. Пайғамбарымыздың «.. жаман түс – шайтаннан» деуінен «түспен өмір сүріп кетіп, ары қарай жамандыққа барып қалма» деген мағына шығады. Түс дәлелге жүрмейді, дәлелге себеп те болмайды.

Ендеше жақсы түс себебінен жақсы адамның есімін қойып жатса, ол құпталады. Ол қоғамда болып жатқан нәрсе. Бірақ ескеретін жайт, адамның түсінде көрген есімін ата-анасы қаламай жататын жағдайлар да кездеседі. Ондайда ата-ананың қалауына мән беру керек. «Ата-ананың ризалығы – Алланың ризалығы» деген үлкен нәрсені басшылыққа алған жөн. «Жоқ, мен түсімде көрдім» екен деп жәннатының кілтінен (ата-ана разылығынан) аттап өтіп, түстің еркіне кетіп қалу дұрыс емес. Сондықтан да біз мұндай нәрселерді ажырата алуымыз керек.

–  Азан шақырып ат қоюдың ережелері туралы айта кетсеңіз. Қай кезде азан шақыру керек? Баланы қырқынан шығарған сәтте ме? Әлде бесікке салу рәсімі жүргізілгенде ме? Кім балаға азан шақырып есімін айтады? Имам немесе дін қызметкері болуы міндетті ме?

–  Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінен бізге туылған күні, үш күннен соң, жетінші күні сәби аты қойылғаны туралы деректер жеткен. Демек туылған соң аты алғашқы апта ішінде қойылғаны жақсырақ. Соның ең алғашқысы – бала дүниеге келген кезде әкесінің азан шақырып ат қоюы. Бұл нәрестенің ең алғашқы еститін нәрсесі азан болсын, азанды есту арқылы Алланың, пайғамбардың есімі жүрекке кіріп, бойына имандылық сіңсін дегендік.

Барлық отбасында әкесі ғана азан шақырмайды. Көбінесе азан шақырып, ат қоюға имамдарды, дін өкілдерін шақырады. Бұл да жақсы. Мысалы, көптеген сахабалар балаларының есімдерін Пайғамбарға қойдырған. Бастысы – азанның дұрыс айтылуы. Азанды дәреті, намазы бар, азан мәтінін дұрыстап айта алатын адамдар шақыруы керек.

Кейбір жандар балалары өсіп кеткен соң «басында азан шақырып, ат қойдыруды білмедік, азан шақырып беріңіз» деп келеді. Біз мешітке ниеттеніп келіп тұрғаннан кейін өтініштерін орындап жатамыз. Оған шектеу жоқ.

–  Сәбиге ат қойғанда неге мән беру керек?

– Егер де есімге байланысты болатын болса, онда көркем есімдерді таңдау керек. Қазір дәстүрімізге сай, тұлғалық сипатқа байланысты жақсы есімдер көп. Ата-анада баласын бір қоғамды ізгілікке бастап кететін елдің маңдайына біткен адам болса екен деген ниет болу заңдылық. Баласы жақсы оқыса, жетістікке жетсе, жақсылыққа бастамашы болса – ең бірінші ата-анасының қуанышы. Пайғамбарымыз да екі немересін тізесіне отырғызып, «осы менің балаларым бүкіл үмметті біріктіретін болады» деп мейірленгені бар. Қазақтың «осы балам бастық болады, директор болады» дегені секілді. Яғни ата-анасы баласының көптің бірі емес, бірегейі болғанын армандайды. Олай болса, баласының есімі де көркем мағынаға ие немесе жетістікке жеткендердің есімімен аталғаны жөн емес пе?!

–  Сұқбатыңызға рахмет!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға