BaiQymyz–2026: Ұлттық сусынның қадірін ұлықтаған шұбат мерекесі

BaiQymyz–2026: Ұлттық сусынның қадірін ұлықтаған шұбат мерекесі
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада өтіп жатқан BaiQymyz–2026 халықаралық гастрофестивалі қазақтың ұлттық тағамдары мен дәстүрлі сусындарын дәріптейтін ірі мәдени алаңға айналды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Елордадағы «Қазанат» ипподромында ұйымдастырылған фестивальде қонақтар қымызбен қатар қазақ дастарханының ажырамас бөлігі саналатын шұбаттан да дәм татып, ұлттық өнімдердің ерекшелігімен танысуда.

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Фестивальге қатысқан өндірушілер келушілерге 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз ұсынып отыр. Бұл ұлттық сусындарға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, отандық өндірушілердің әлеуетін де танытуға мүмкіндік беруде.

Шараға қатысушылардың бірі – «Сыр дәмі» бренді. Кәсіпорын иесі Дамир Әбілданың айтуынша, олардың негізгі бағыты – шұбат өндіру.

Біз негізінен шұбат өндірумен айналысамыз. Фестивальге 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз алып келдік. Қазіргі таңда қолымызда жылқы көп болғанымен, оның 350 басы ет бағытында өсіріледі. Ал сүт бағытындағы шаруашылықты енді ғана дамытып жатырмыз. Мұндай фестивальдер ұлттық сусындарды кеңінен таныстырып, дәстүрлі өнімдерді тұтыну мәдениетін қалыптастыруға үлкен серпін береді, - деді кәсіпкер.

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Шұбат - қазақ халқының ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан табиғи әрі құнарлы сусыны. Құрамындағы дәрумендер мен пайдалы микроэлементтердің молдығы оның денсаулыққа пайдалы тағамдардың бірі екенін дәлелдейді. Сондықтан фестиваль аясында шұбатқа деген сұраныстың жоғары болуы ұлттық өнімге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

BaiQymyz–2026 фестивалі ұлттық сусындарды таныстырумен ғана шектелмейді. Екі күнге жоспарланған шара бағдарламасында ұлттық тағамдардың жәрмеңкесі, қолөнер көрмелері, мәдени-көпшілік және спорттық бағдарламалар, ат спортының көрсетілімдері, балалар мен отбасыларға арналған арнайы аймақтар, сондай-ақ қазақстандық өнер жұлдыздарының концерттері ұйымдастырылған.

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Осындай ауқымды фестивальдер ұлттық тағам өндірісін дамытуға, ауыл кәсіпкерлерін қолдауға және қазақтың дәстүрлі тағам мәдениетін келер ұрпаққа кеңінен насихаттауға жол ашып келеді. Сонымен қатар мұндай шаралар ішкі туризмді дамытуға, ұлттық брендтердің танымалдылығын арттыруға және қазақ халқының бай мәдени мұрасын әлемге танытуға үлес қосады.

Оқи отырыңыз