Астанада өтіп жатқан BaiQymyz–2026 ауқымды гастрономиялық фестивалі аясында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған «Заң мен тәртіп» ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара құқықтық сауаттылықты арттыруға, құқық бұзушылықтардың және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталып отыр.
Акцияға Астана қаласының прокуратурасы, Полиция департаментінің өкілдері, еріктілер, сондай-ақ көпшілікке таныс Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары қатысты. Олар фестиваль қонақтарымен кездесіп, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіріп, ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратты.
Іс-шара барысында есірткінің зияны мен оның заңсыз айналымының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Еріктілер тұрғындарға есірткінің қауіптілігі туралы айтып, оған қарсы іс-қимыл жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологиялардың мүмкіндігін көрсететін робот-ит таныстырылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Әлия Қибатқызының айтуынша, мұндай акциялар халыққа маңызды профилактикалық ақпаратты қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, фестиваль барысында полиция, прокуратура және еріктілер бірлесіп «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттап, есірткінің зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жүргізуде. Сондай-ақ арнайы баннерлерде есірткіні тарату немесе қолдану деректері туралы хабарлауға болатын жасырын сенім телефондарының нөмірлері орналастырылған.
Акцияның тағы бір ерекшелігі – ашық микрофон алаңы. Мұнда келушілер құқықтық нормалар, қоғамдық тәртіп, есірткінің зияны және басқа да мәселелер бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар құқықтық мәдениетті нығайтуға, қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеді.
Айта кетсек, Астанада «BaiQymyz» халықаралық фестивалі аясында ұлттық сусын – қымызды дәріптеуге арналған ауқымды байқауы қорытыныланды. Екі күнге созылған іс-шараға 70 мыңнан астам қонақ келіп, 56 тонна қымыз ұсынылды.
Негізгі байқауының жеңімпаздары:
Гран-При – Ақмола облысы, Бурабай ауданы, «Qymyznai Qymyzy» қымызы.
Алтын жүлде – Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, «Ағабек ата ерекше қымызы».
Күміс жүлде – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, «Saryarqanyn saf qymyzy».
Қола жүлде – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, «Qarakush» қымызы.
«Ем қымыз» номинациясы:
Алтын жүлде – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, «Баянның бал қымызы».
Күміс жүлде – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, «Saryterek» қымызы.
Қола жүлде – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Sarybel» қымызы.
«Халық таңдауы» номинациясы:
Алтын жүлде – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Теректінің текті қымызы».
Күміс жүлде – Абай облысы, Абай ауданы, «Sarzhal Bakytzhan» қымызы.
Қола жүлде – Жамбыл облысы, Меркі ауданы, «Ақтоған» қымызы.
Арнайы номинациялар жеңімпаздары:
«Алтын күбі» номинациясы – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, «Bizdin Qymyz».
«Алтын саба» номинациясы – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай қымызы.
«Алтын шара» номинациясы – Ресей Федерациясы, Омбы қымызы.
«Күміс тостаған» номинациясы – Қарағанды облысы, Бұқаржырау ауданы, «Saba» қымызы.
«Күміс торсық» номинациясы – Абай облысы, «Тоқаш ана» шипажайы.
«Қымыз серті» номинациясы – Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, «Ләйлә» өнімі.
«Жайлау дәмі» номинациясы – «Zhanten» қымызы.
«Дәстүр сақтаушы» номинациясы – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Ақтерек» қымызы.
«Үздік дизайн» номинациясы – Абай облысы, Абай ауданы, «Әділ қымыз».