Baidu жануарлардың дыбысын адам тіліне аударатын ЖИ жүйесін патенттеуге ниетті

Миыңда мысығың не айтқысы келіп жатқанын түсінсең ғой деген ой болды ба? Қытайдың технологиялық алпауыты Baidu компаниясы бұл арманды жүзеге асыруға жақын болуы мүмкін. Компания жасанды интеллект арқылы жануарлардың дыбысын адам тіліне аударуға арналған жүйені әзірлеу үстінде.
Baidu — Қытайдағы ең ірі іздеу жүйесі. Өткен аптада Қытайдың Ұлттық зияткерлік меншік басқармасына (CNIPA) жаңа патенттік өтініш тапсырған. Бұл жүйе жануарлардың шығарған дыбыстарын, мінез-құлық ерекшеліктерін және физиологиялық белгілерін жинап, оларды біріктіріп, өңдеп, кейін жасанды интеллект моделі арқылы талдайтын кешенді шешімге негізделген.
Компанияның айтуынша, жүйенің басты мақсаты — жануардың эмоционалдық жағдайын анықтап, оны нақты семантикалық мағынаға айналдырып, адам тіліне түсінікті түрде жеткізу. Baidu құжатына сәйкес, мұндай технология жануарлар мен адамдар арасындағы эмоционалдық байланыс пен өзара түсіністікті тереңдетуге, түрлі жануар түрлері арасындағы коммуникацияны тиімді етуге мүмкіндік береді.
Әзірше зерттеу кезеңінде
Патентке қатысты Baidu өкілі:
Патенттік өтінішімізге қызығушылық жоғары. Алайда жүйе әзірге тек зерттеу сатысында, — деп жауап берді.
Baidu 2022 жылы OpenAI компаниясы ChatGPT-ді жариялағаннан кейін Қытайда жасанды интеллектіге алғашқы болып үлкен инвестиция салған ірі компаниялардың бірі саналады. Былтыр компания Ernie 4.5 Turbo деп аталатын жаңа жасанды интеллект моделін таныстырды. Ол бірқатар сынақтарда жоғары нәтиже көрсеткенімен, пайдаланушылар арасында кең қолданысқа әлі толық енген жоқ.
Жануарлар тілін түсінуге жаһандық қызығушылық артуда
Baidu-дың бұл бастамасы — әлем бойынша жануарлармен “сөйлесуге” талпынған алғашқы жоба емес. АҚШ-тағы Project CETI (Cetacean Translation Initiative) деп аталатын ғылыми бастама 2020 жылдан бері киттердің бір-бірімен қалай байланысатынын зерттеп келеді. Ал Earth Species Project атты 2017 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым да (олардың инвесторлары арасында LinkedIn-нің негізін қалаушы Рейд Хоффман бар) осыған ұқсас бағытта жұмыс істеп жатыр.
Әлеуметтік желіде қызу талқы тудырды
Baidu-дың патенті туралы жаңалық шыққан күні кешке қарай қытайлық Weibo әлеуметтік желісінде кеңінен талқыланды. Кей қолданушылар бұл технология арқылы үй жануарларымен жақсырақ түсінісуге болатынына қуаныш білдірсе, басқалар күмәнмен қарады. Бұл жоба әрине қазір идея күйінде де фантастикалық нәрсе сияқты болып көрінеді.
Идеясы тамаша, бірақ шынайы өмірде қалай жұмыс істейтінін көрмейінше ештеңе айта алмаймыз, — деп жазды бір қолданушы.
Baidu-дың бұл қадамы — жасанды интеллектінің болашақта жануарлармен де саналы деңгейде “қарым-қатынас” орнатуға мүмкіндік беретін құралға айналуы мүмкін екенін көрсетеді. Егер бұл жүйе нақты өнімге айналса, жануарлар әлемін түсінудегі жаңа дәуірдің бастауы болмақ. Бірақ әзірге бәрі тек зерттеу деңгейінде. Дегенмен, бұл бағыт тек ғылыми емес, этикалық, мәдени және техникалық тұрғыдан да тың сұрақтарды алға тартады. Жануарлармен тілдесу мүмкіндігі адам мен табиғат арасындағы шекараны жаңаша пайымдауға итермелейді. Сонымен қатар, мұндай жүйелер үй жануарларымен ғана емес, экожүйенің өзге де өкілдерімен қарым-қатынасты тереңірек түсінуге, жануарлар құқығын қорғау саласына жаңа серпін беруге ықпал етуі мүмкін.
Сөз жүзінде — болашақтың әңгімесі. Ал іс жүзінде — зертханадағы алғашқы дыбыстар ғана. Бірақ бұл дыбыстар бір күні шынайы диалогқа айналуы әбден мүмкін.
