Жаңалықтар

AMANAT-тың тұғырнамасы – Әділетті Қазақстанды құруға негізделді

«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХIV съезінде қаралған мәселелердің алғашқысы қараша айында өтетін Президенттік сайлауға кандидат ұсыну туралы болды
AMANAT-тың тұғырнамасы – Әділетті Қазақстанды құруға негізделді
Фото: amanatpartiasy.kz 11.10.2022 19:18 2250

Жақында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Онда түрлі түйткілді мәселелер талқыланып, Президентікке үміткер ұсынылған болатын. Оған қатысты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Бейсен Тәжібаев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

«Елдегі бүкіл өзгеріс Мемлекет басшысының реформалар қабылдауынан басталған болатын. Биыл көктемде көшбасшы партияны трансформациялау дәуірі қолға алынып, жаңа құжаттың жобасын әзірлеуге кіріскен едік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халықпен етене жұмыс жасаудың нәтижесінде модернизациялау да сәтті аяқталды», - деді депутат.

Оның айтуынша, партияның осы жолы өткізген съезінде маңызды шешімдер қабылданған.

«Ел аузында бұл жолғы съездің орны тым бөлек екені айтылуда. Жиынға 1200-ден астам адам қатысты. Оның ішінде 65 делегат Түркістан өңірінен сайланды. Республика бойынша ең көп съезд делегаттары біздің өңірден аттанды. Себебі, халық саны жағынан алдыңғы қатардағы аймақ болғандықтан осындай шешім қабылданған болатын. Съездің екінші кезеңінде қазақстандықтар үшін өте маңызды шешімдерді қабылдадық. Партия төрағасы Ерлан Қошановтың Президенттікке кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын деген сөзіне делегаттар бірауыздан партия атынан келісті», - деп айтты.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы партияның атынан Президентікке үміткер ретінде неліктен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынғандары жайлы айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік геосаяси қайшылықтар процессінде өзінің дипломатиялық тәжірибесі арқылы еліміздің шет елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатуына сеп бола алатын бірден-бір тұлға ретінде өзін дәлелдеп келеді. Сонымен қатар, елімізде биыл енгізілген реформалар халықтың талап-тілегіне негізделіп, әлеуметтік-экономикалық бағытты жан-жақты дамытуға бағытталған. Оған қоса, мемлекет басшысының соңғы Жолдауында жүктелген міндеттер мен мен саяси өзгерістер елдегі демократияның жаңаша сипат алуының алғышарты болды», - деді депутат.

Оған қоса фракция жетекшісі съезде қабылданған саяси тұғырнаманың маңызына тоқтала кетті.

«Қоғамның қызу талқылауынан өткен және арнайы сарапшылардың зерттеуінен сараланған Саяси тұғырнама – Әділетті Қазақстанды құру қағидаларына негізделді. Онда отбасы құндылығы, білім мен ғылымға инвестиция салу, ауылды жерлерді медицина нысандарымен қамту, жұмыссыздықпен күресу, ұлтты ұйыстыру, мәдени-рухани дәстүрді жаңғырту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, тіл мәртебесін көтеру, құқықтық теңдікті сақтау, цифрландыруды жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, халық пен биліктің арасындағы көпір қызметін жалғастыру принциптері қамтылған. Сонымен қатар мемлекеттің басты бойтұмары – Тәуелсіздік, ал негізгі байлығы – адам екендігі нақты көрсетілген.

Ел арасында еңбек адамы ең құрметті жан болып, ол сапалы білім мен сенімді медицина қызметіне кез келген уақытта қол жеткізе алуы тиіс. Сондай-ақ еңбек құқығы әрдайым қорғалуы қажет. Партияның тұғырнамасындағы ең маңызды аспектілер, мінекей, осылар. Жалпы, жаңа саяси тұғырнамада негізгі басымдық ел азаматтарының сапалы өмір сүруіне арналған», - деді Бейсен Тәжібаев.

Сонымен қатар депутат партияны жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға себепші болады деген пікірін қоса кетті.

«AMANAT» партиясы ауыл шаруашылығындағы түйткілдер, жайылым жер мәселесі мен елді мекен тұрғындарының табысын арттыру, жаңа кадрларды даярлау бойынша жұмыстар қолға алынып, бүгінде нәтижелерімен бөлісіп келеді. «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» жобалары қоғамға тиімділігін көрсетуде. Яғни партияның ішкі жұмыстардағы тәсілдер де жаңартылды. Сонымен қатар партия жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, өзгерістердің жаршысы болады деп нық сеніммен айта аламыз. Рухы биік, ынтымағы жарасқан, мақсаты айқын жоспарлар арқылы ел болып жетеміз деген үміт бар», - дейді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға