Жаңалықтар

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет

2022 жылғы қыркүйек айындағы инфлияциялық көрсеткіш 17,7 пайыз
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет
Фото: El.kz 22.10.2022 17:25 2600

Жер жаһанда геосаяси жағдай күрделеніп, геоэкономикалық жағдай нашарлап кетті. Оған санкциялық шектеулер мен Шығыс Еуропадағы қақтығыс өз әсерін тигізіп отыр. Мұның салқыны біздің елге де тиді. Оны жоққа шығара алмаймыз.

Үкімет тығырықтан шығудың жолын қарастырып, 2021-2025 Ұлт жобасын әзірледі. Бұл бойынша импортты азайтып, өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің өсімін арттыруды жоспарлап отыр. Расында Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы азық-түлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инвестиция тартып, жұмыссыздықты қысқарту.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша, соңғы бес жылда салаға триллиондаған қаржы бөлініп, өнімділік бірнеше есе артты (төмендегі инфографикадан көре аласыздар). Бірақ жағдай министрлік көрсеткендей жақсарды ма?

Әр облыстың дамуында инвестиция тартуы әсер ететіні анық. Осы ретте біз Ұлттық статистика бюросының мәліметін келітіруді жөн көрдік.

Қаңтар айында негізгі шаруашылық капиталына салынған инвестиция көлемі 21,6 млрд. теңге құрады, бұл 2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда  2,7% көп.

Негізгі астық егетін өңірлер – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы осы салаға 13,5 млрд. теңгені бағыттады, бұл ауыл, орман және балық шаруашылығына салынған инвестициялардың жалпы көлемінен 62,4% құрады.

Әрине, облысқа қаржының тартылуы жұмыссыздықты қысқартып, халықтың әл-ауқатын көтереді. Ал субсидия алу талаптарына ірі шаруашылықтар ғана сай келеді. Сондықтан капитал көбіне бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан өндірістерге бөлінеді. Бұл дамуды тежейтіні сөзсіз. Барлығына тең келе алатын талап орнату қажет. Сонда өсім 1,7 еседен де көп болмақ.  Президент соңғы Жолдауында атап өткеніндей субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеу қажет. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше тарауда атап өтті.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жолдың бірі – отандық өнімдерді өндіру. Министрлік келтірілген статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстан арнайы тауарлармен толық қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы тамақ өнімдерінің өндірісі капиталыны  құйылған инвестиция – 27,6%-ға артты. Бұл шамамен 88,8 млрд теңге.

Арнайы стратегиялық міндеттемелер ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80%-дан астамды құрайтынын көрсетеді. Соңғы бес жылда өндіріс 1,6 есеге артқан. Экспорт болса 1,8 есеге ұлғайған.

Азық-түлік бағасының өсімі өндіріс өсімінен бірнеше есе жоғары. Өткен жылмен салыстырғанда 22,2%-ға көтерді.

Министрлік жауабына сәйкес, қазір ауыл шаруашылығында өнімділікті ұлғайту мен қайта тереңдете өңдеу бағыттарында жаңа жобалар басымдылыққа ие болды.

Жаһанданған заманда елдердің қауіпсіздігі ұлттық мәдени аспектілермен ғана өлшенбейді. Халық тұтынатын азық-түліктің сапасымен және қолжетімділігімен сараланады. Үкімет осы бағытта жұмысын жүйелеуде.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға