Жаңалықтар

Азияның Бекхэмі: футболдан кетіп, өз жолын сән әлемі мен сакеден тапқан Наката

Азияның Бекхэмі: футболдан кетіп, өз жолын сән әлемі мен сакеден тапқан Наката
Фото: instagram.com/hidetoshi_nakata_ 06.12.2023 18:00 27190

2000 жылдары Жапония құрамасында аты дүркіреген ойыншылардың бірі – Хидетоси Наката. Ол үш әлем біріншілігі мен екі Олимпиада ойындарына қатысып, «Рома» сапында А Сериясында, «Пармамен» Италия кубогында топ жарып, үш рет «Алтын допқа» үміткер болған.

Жастау кезінде Наката Роналдо, Роналдиньо, Фигу, Анри, Кантона мен Роберто Карлос секілді жұлдыздармен бірге Nike-тің жарнамаларынан түспейтін. Бұл үрдіс қазір де бар, Жапониядағы ең танымал спортшылардың бірі көптеген брендпен жұмыс істеп, жұлдызды футболшылармен кездесу өткізіп тұрады. Былтыр жазда ғана ол Килиан Мбаппемен жүздесіп, француз оған Накатаның аты мен 7-нөмір жазылған ПСЖ-ның жейдесін сыйға тартты.

Дегенмен Накатаның бүгінгі тіршілігі футболдан алыстау. Есесіне ол өзін басқа салаларда дәлелдеп үлгерді. Оны кезінде жапон Бекхэмі деп те атайтын.

Азияның Бекхэмі: футболдан кетіп, өз жолын сән әлемі мен сакеден тапқан Наката

Наката карьерасын 2006 жылғы әлем чемпионатынан соң – 29 жасында аяқтады.

Мен әрі қарай да ойнай беруші едім, бірақ ол үшін өзімді мәжбүрлеуім керек еді. Менің басты ережем мынадай: адам өмірден ләззат алуы керек және саған бақыт сыйлайтын, көзіңді жандыратын іспен ғана айналысу керек. Командада өзіңді кеңседегі жауыр болған жұмыстағыдай емес, отбасындағыдай сезінуің қажет, – дейді Наката.

Футболдағы мансабын аяқтаған соң Хидетоси жеті жылға созылған саяхатқа аттанды. Екі жылдың ішінде ол жүзден астам елді көріп үлгерді.

Айналамда не барын, мені не қоршап тұрғанын түсіну үшін әлемді араладым, себебі ойнап жүргенде ұшақ пен қонақүйлерден басқа ештеңе көрмейсің, – деген ол.

Сонан соң Жапонияны зерттеуге кірісті, сондағы ойы – жаңа өмірінде айналысатын кәсіп табу.

Қайда барсам да менен жапон мәдениеті туралы сұрайтын, алайда оларға толыққанды жауап беруге білімім жетпейтін. Футбол ойнау үшін Жапониядан 21 жасымда кеттім, Жапониядан тыс әлемді көргім келді, сөйтіп жүргенде өз елімнің мәдениетінен байхабар қалыппын.

Азияның Бекхэмі: футболдан кетіп, өз жолын сән әлемі мен сакеден тапқан Наката

Кейіннен Наката саяхатының бұлай ұзаққа созылатынын өзі де білмегенін айтқан:

Бұл алты жарым жылға жалғасады деп өзім де ойлаған жоқпын, жарты жылда үлгеретін шығармын дегенмін. Бірақ қазір Аомори префектурасында үш аптаның өзі аздық ететінін түсіндім. Жапонияны зерттеп түбіне жету мүмкін емес.

Саяхаттап жүріп Хидетоси сакеге ерекше ден қойды – 400-ден астам өндірушімен танысты, ал бұл елдегі барлық санның 40%-ға жуығына тең.

Жапонияда ауыл шаруашылығымен айналысатын орындардың түр-түрі бар, бірақ маған сакенің ерекшелігі ұнады. Бұл 2000 жылдан астам тарихы бар нағыз жапон өнімі. Сакені әлем біле түсуі керек деп шештім, – дейді Наката.

Сакенің шынымен де шетелде танымалдылығы артты. 2009 жылдан 2021 жылға дейін бұл алкогольдік өнімнің экспорты 268%-ға артса, құны 560%-ға өскен.

Сөйте тұра өндірушілердің басым бөлігін ішкі нарыққа ғана жұмыс істеп келген отбасылық мекемелер құрайды. Көбісінің тіпті жапон тілінде де сайты болмай шықты. Мұны байқаған Наката әлемдік нарыққа шығудың тура жолын тапты.

2014 жылы бұрынғы футбол жұлдызы «Саке шебері» деген сертификатқа ие болса, 2015 жылы жапон сусынының әлемдегі танымалдылығын арттыруға бағытталған Japan Craft Sake компаниясын құрады. Содан бері ол N деген маркамен саке өндіретін жеке кәсіпорын ашып, сусын туралы көбірек мағлұмат беретін Sakenomy қосымшасын құрастырды. Одан қалды компанияларға сакені жеткізетін және дұрыс сақтауға көмектесетін Sake Block Chain бағдарламасын жасап шығарды.

Жапон үкіметінің мәліметінше, саке өндірушілерінің 70% жыл сайын шығынға батады немесе аз ғана табыс көреді. Олар ғасырлар бойы жергілікті тұрғындар үшін дайындап келген, тиісінше сусынның құнына материалдық шығын мен өз еңбегін ғана қосатын.

Наката жаңа нарықты бағындыру арқылы оның құнын өзгертуге болатынын дәлелдеді:

Егер сакені дәстүрлі өндірушілер оның құнына пиар мен маркетинг шығынын қосса, онда бұл сала қаржылық тұрғыда бой тіктейтіні сөзсіз. Шетелде алкогольдік өнімдер осылай сатылады.

2016 жылдан бастап пандемияға дейін Наката ішкі нарықта да қызығушылықты арттыру үшін үш рет Саке апталығын ұйымдастырған.

Бұл іс-шаралар шығынын да өтеген жоқ, дегенмен тұтынушылар сакенің құндылығы туралы көбірек мәлімет біліп қайтты. Одан қалды қатысушыларға сакені үлкен аудиторияға немесе жастар арасында қалай сату керектігі жайлы мағлұмат берілді, – дейді Наката.

Жапон шайы

2020 жылы Хидетоси бір семестр бойы Рикке университетінде маркетинг бойынша дәріс оқыды. Накатаның бизнестегі қызығушылықтары бір сакемен шектелмейді. Ол жапон шайының өндірісін де дамытып жүр.

Ең сәнді футболшылардың бірі

Азияның Бекхэмі: футболдан кетіп, өз жолын сән әлемі мен сакеден тапқан Наката

Наката түрлі сән қойылымдарында жиі бой көрсетеді, танымал брендтердің сүйікті кейіпкері.  

Хидетоси ойнап жүргенде-ақ стилімен ерекшеленуге тырысатын. Кейде мұнысын карьерасы үшін де пайдаланған. Естеріңізде болса, 1998 жылғы әлем чемпионатының алдында ол шашын сары түске бояп тастады, сондағы ойы еуропалық скауттардың назарын аударту.

Ол модель болу үшін жаратылған. Өзі де сән әлемі десе, ішкен асын жерге қояды». Бұл GQ-дің фотографы Андреа Тенеранидің Наката жайлы айтқан сөздері. Ал Calvin Klein-нің бұрынғы дизайнері Итало Зуккелли былай деген: «Наката өзгелер секілді сәнмен ойнағанды жақсы көреді, бірақ өзгелерге қарағанда оның қолынан бұл шынымен де келеді.

Хидетоси GQ-ге түсіп, Calvin Klein-нің іш киімдерге арналған жарнамаларында жүретін. Карьерасын аяқтаған соң сән апталықтарына баруын да жиілетті. Ал жапон нарқын бағындыруды көздейтін әлемдік брендтер Накатамен жұмысын тоқтатқан жоқ. Ол тіпті ерлерге арналған Monocle журналында шақыртылған редактор ретінде де бағын сынап көрген.

Былтыр күзде Наката Парижде өткен Сән апталығына арнайы барды.

Жапон футболшысының сөзіне қарағанда, ол пиджакты тастамайды. Тіпті ауа райы келмей тұрса да:

Егер ұсақ-түйек заттарыңды шалбарыңның қалтасына салсаң, бұл ерсі көрінеді. Пиджакты кию міндетті емес, қалтасына керек-жарағыңызды салыңыз да, қолыңызда ұстап жүре беріңіз. Одан бөлек көшеде кімді кезіктіріп қалатыныңды білмейсің ғой, сондықтан қай уақытта болсын жинақы әрі ұқыпты киінген жөн.

Наката – спорттық стильді де ерекше үйлестіре білетін жан. Оны гольфке арналған киімдер жарнамасынан да жиі көресің.

Азияның Бекхэмі: футболдан кетіп, өз жолын сән әлемі мен сакеден тапқан Наката

Суреттер: instagram.com/hidetoshi_nakata_

Былтыр FourFourTwo журналы ең ықпалды 50 ойыншының тізімін ұсынған. Солардың ішінде Азияның жалғыз өкілі болды, ол – Хидетоси Наката. Жапон бұл тізімде Пеле, Марадона, Месси, Роналду, Зидан, Роналдо, Роналдиньо және өзін салыстыратын Бекхэммен қатар тұрды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға