Азия ойындары: Қазақстан боксшыларының алғашқы қарсыластары анықталды

Азия ойындары: Қазақстан боксшыларының алғашқы қарсыластары анықталды
Фото: ҰОК

Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарының бокс турниріне жеребе тартылып, Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамаларының алғашқы қарсыластары белгілі болды.

Ерлер арасында Қазақстан атынан алты боксшы сынға түседі.

55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан алғашқы жекпе-жегінде Иран өкілі Каземи мен Солтүстік Корея боксшысы Чон Со арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады.

60 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов Тайбэй өкілі Лин мен Оңтүстік Корея боксшысы Жанг арасындағы кездесуде жеңіске жеткен спортшымен кездеседі.

70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырханның алғашқы қарсыласы Вьетнам өкілі Нгуйен мен Катар боксшысы Дбичи арасындағы жекпе-жектен кейін анықталады.

80 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Аққалықов Оңтүстік Корея өкілі Мин Киммен қолғап түйістіреді.

90 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Ауғанстан өкілі Нооржбен кездеседі. Қазақстандық боксшы жеңіске жеткен жағдайда 2025 жылғы әлем чемпионы, Өзбекстан өкілі Тұрабек Хабибуллаевпен жұдырықтасады.

Оралбай мен Хабибуллаев бұған дейін 2026 жылғы бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде кездескен. Сол жекпе-жекте өзбекстандық боксшы жеңіске жеткен еді.

90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай Қырғызстан өкілі Кошалиев пен Түрікменстан боксшысы Есламов арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады.

Айбек Оралбай мен Өзбекстанның Жахонгир Зокировы турнир барысында тек финалда кездесуі мүмкін. Қос боксшы соңғы рет Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында қолғап түйістірген. Ол кезде Айбек Оралбай төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жеткен болатын.

Қазақстандық боксшы қыздардың қарсыластары

Әйелдер құрамасының да алғашқы қарсыластары анықталды.

51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова Филиппин өкілі Виллегас пен үндістандық Сакши арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады.

54 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай Қытай өкілі Ксуа Жаомен кездеседі.

60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева Олимпиада чемпионы Линь Юй-Тиньмен (Тайбэй) күш сынасады. Линь Юй-Тинь Париж Олимпиадасында 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленген, ал биыл 60 келіге дейінгі салмаққа ауысқан.

Графеева мен Линь Юй-Тинь биыл да кездескен. Қытайда өткен Әлем кубогының екінші кезеңінің финалында қазақстандық боксшы қарсыласын төрешілердің бөлек шешімімен жеңген. Сол кездесудің үшінші раундында Графеева қарсыласын нокдаунға түсірген еді.

65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева Непал өкілі Таманг пен қытайлық Ли арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова Өзбекстан өкілі Азиза Зокировамен қолғап түйістіреді.

11 алтын медаль сарапқа салынады

Азия ойындарындағы бокс бәсекелері 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Барлығы 11 медаль жиынтығы сарапқа салынады: ерлер арасында алты, әйелдер арасында бес салмақ дәрежесінде чемпиондар анықталады.

Бұл жолғы Азия ойындарында ерлердің 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бағдарламаға енгізілмеген.

Қазақстандық боксшылар Азия ойындарында соңғы рет 2014 жылы Инчхонда алтын медаль жеңіп алған. Одан кейінгі Джакарта-2018 және Ханчжоу-2023 ойындарында Қазақстан құрамасының боксшылары алтын жүлдесіз қалған.

Енді Нагоядағы додада қазақстандық былғары қолғап шеберлері осы үзілісті тоқтатуға талпынады.

Оқи отырыңыз