Бүгін Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындары мәреге жетедіҚазақстан құрамасы жалпыкомандалық медаль кестесіндегі сегізінші орнын сақтап қалды.
Кеше 3 қазанда қазақстандық спортшылар ел қоржынына тағы жеті жүлде қосты. Осылайша, ұлттық құраманың еншісіндегі медаль саны 84-ке жетті: 12 алтын, 24 күміс және 48 қола.
Медаль кестесінде Қытай құрамасы көш бастап келеді. Қытай спортшылары 169 алтын медаль жеңіп алып, қарсыластарынан айқын алға шықты. Жапония екінші, Оңтүстік Корея үшінші орында тұр. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Өзбекстаннан кейінгі екінші нәтижені көрсетіп, жалпы есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Алдыңғы Азиададан жоғары нәтиже
Қазақстан үшін Айти мен Нагоядағы Азия ойындарының басты көрсеткіштерінің бірі – жалпыкомандалық есептегі ілгерілеу.
2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 11-орын алған болатын. Жапониядағы бәсекеде ұлттық құрама сегізінші орынға көтеріліп, алтын медаль санын да арттырды.
Биыл бірнеше спорт түрінде Қазақстан үшін тарихи нәтижелер тіркелді.
Бокстан Қазақстан 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтын медалін қайта жеңіп алды. Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта, ал ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанды.
Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы да тарихи жетістікке қол жеткізді. Сапымен семсерлесудің командалық финалында қазақстандықтар Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңіп, Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалін иеленді.
Академиялық есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы қос ескекті қайық жарысында жеңіске жетіп, Қазақстанға осы бағдарламадағы тарихи алтынды сыйлады.
Таеквондодан Темірлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта чемпион атанып, Қазақстан тарихында осы спорт түрінен Азия ойындарының алғашқы алтын медалін жеңіп алды.
Луценконың тарихи көрсеткіші
Велоспортта Алексей Луценко ерекше жетістікке жетті. Ол жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, Азиададағы чемпиондық атақтарының саны бойынша Қазақстанның ең табысты спортшыларының біріне айналды.
Әйелдер велоспортында да тарихи нәтиже тіркелді. Рината Сұлтанова жекелей жарыста жеңіске жетіп, Қазақстан әйелдер велоспорты тарихында Азия ойындарының алтынын алған алғашқы спортшы атанды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева Қазақстан қоржынына екі алтын салды. Берульцева үшін бұл Азия ойындарындағы екінші чемпиондық атақ болды.
Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет қосылған аралас жекпе-жекте де қазақстандықтар сәтті өнер көрсетті. Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев чемпион атанса, Санжар Әділов қола медаль жеңіп алды.
Дзюдода төрт жекелей финал
Қазақстан дзюдошылары Жапониядағы Азиадада бірқатар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құрама тарихта алғаш рет жекелей жарыста төрт спортшысын финалға шығарды.
Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат шешуші белдесулерде жапониялық қарсыластарымен кездесіп, күміс жүлдегер атанды.
Бұған қоса, Қазақстан құрамасы аралас командалық жарыста да финалға шығып, күміс медаль иеленді.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуда күміс жүлде жеңіп алды. Қазақстан бұл бағдарлама бойынша Азия ойындарының жүлдесіне 32 жылдан кейін қайта қол жеткізді.
Грек-рим күресінде нәтиже төмендеді
Жалпы құраманың көрсеткішінде өсім болғанымен, жекелеген спорт түрлерінде нәтиже көңіл көншітпеді. Соның бірі – грек-рим күресі.
Қазақстан құрамасы бұл бәсекені небәрі бір қола медальмен аяқтады. 67 келіге дейінгі салмақта Мейржан Шермаханбет қола жүлдеге қол жеткізді.
60 келіде Ернұр Фидахметов алғашқы белдесуінде жарыстан шықты. Олимпиада жүлдегері Демеу Жадыраев 77 келіде алғашқы белдесуінде жеңіліп, жұбаныш белдесуінде де мақсатына жете алмады. Шамиль Ожаев (87 кг) пен Ислам Евлоев (97 кг) қола медаль үшін белдесулерде жеңіліс тапты. Аса ауыр салмақта Олжас Сырлыбай да жүлдеге қол жеткізе алмады.
Бұл нәтиже Ханчжоудағы Азиадамен салыстырғанда төмен. 2023 жылғы Азия ойындарында қазақстандық грек-рим балуандары үш медаль жеңіп алған еді: Мейржан Шермаханбет күміс, Азат Садықов пен Әлімхан Сыздықов қола жүлдеге ие болған.
Ал еркін күресте Қазақстан биыл үш қола медаль иеленді. Ханчжоудағы Азия ойындарында ұлттық құрама бұл күрес түрінен жүлдесіз қалған болатын. Әйелдер күресінде де көрсеткіш жақсарып, қазақстандық спортшылар бір күміс және екі қола медаль алды.
Қазақстан қоржынында – 84 медаль
Осылайша, жарыстың шешуші кезеңінде Қазақстан құрамасының еншісінде 84 медаль – 12 алтын, 24 күміс және 48 қола бар.
Бұл нәтиже ұлттық құраманы 46 мемлекет қатысқан Азия ойындарының жалпыкомандалық есебінде сегізінші орынға шығарды. Ханчжоудағы 11-орынмен салыстырғанда Қазақстан үш сатыға жоғары көтерілді.
Айти мен Нагоядағы XX жазғы Азия ойындары 4 қазанда мәресіне жетеді.