Жаңалықтар

Әжетханадағы қыздар төбелесі. Қоғамды дүр сілкіндерген оқиға немен аяқталды

Әжетханадағы қыздар төбелесі. Қоғамды дүр сілкіндерген оқиға немен аяқталды
Фото: Видеодан кадр 14.07.2023 16:36 11246

Сәуір айының басында Өскемендегі әжетханадағы қыздардың төбелесі туралы видео желіге таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Оқиғаға қатысты жан-жақты ақпарат беріп, жариялаған едік. Енді мәселенің қалай аяқталғаны туралы шолу жасап көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Елімізде болып жатқан қылмыстық оқиғалар туралы ақпарат әлеуметтік желіде шу тудырмаса, істің тергелуіне күмән туындап, жәбір көрсетушілердің лайықты жаза алуы қиынға соғатын жағдайлар көбейіп кетті.

Әлеуметтік желіге таралған видео

Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде екі-үш қыздың қатарласына әлімжеттік жасап жатқаны көрінетін бейнежазба тарады. Бейресми мәліметтер бойынша, оқиға "ADK" сауда орталығының әжетханасында болған. Былапыт сөздері бар бейнежазбаға зер салсақ, бір қыздың екіншісін аямай ұрып, жұдырықты кеудесі мен бетіне сілтеп жатқанын көруге болады. Ол аздай сырт киімін де шешіп тастайды. Тағы бір бейнежазбада беті ісіп кеткенін көріп, "Бұрын түрің онша емес еді, қазір әдемі болып қалдың" деп кекете сөйлейтіндері бар. ШҚО Полиция департаменті өкілдерінің ұсынған мәліметіне сәйкес, аталған жағдай наурыз айының 1-2 аралығында болған.

Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлігіне сәйкес Өскемен қалалық полиция басқармасының Ертіс полиция бөлімшесінде тіркелген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесінде ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпай, – делінген мәліметте.

Ал журналист Ирина Советжанқызы Instagram парақшасында ұрған қыздың ата-анасы кім екенін жазды.

ШҚО полиция департаменті, кімнің баласы болса да, ертең мүләйімсіп, кешірім сұратып, қоя беретін әдетті қайталамаңыздар! Бізге жеткен ақпарат бойынша, ұрған қыздың анасы - қалалық білім басқармасында кадрлар бөлімінің басшысы, - деп жазды журналист.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Ирина Советжанқызы (@irina_31tv)

Кейін жасөспірімді соққыға жықты деп күдікке ілінген қыздардың бірінің  анасы қалалық білім бөлімінен жұмыстан кетті деген ақпарат шықты.

"Оқиғаға қатысы бар қыздардың бірінің туысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте істейді" деген ақпаратты ведомство өкілдері жоққа шығарды. Ал қыздардың бірінің анасы білім басқармасында істейтіні расталды.

Ол шынымен Өскемен қалалық білім бөлімінің қызметкері болған, бірақ өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш білдірді. Қызы заңсыз әрекет жасағандықтан, қазір мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға моральдық құқығы жоқ екенін ауызша түсіндірді, - деп пікір білдірді Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Оның айтуынша, ол әйел көпбалалы ана және болған жағдайдан қатты шок алған.

Жасөспірім қыздардан құралған қылмыстық топ

Аталмыш оқиға туралы алғашқылардың бірі болып ақпарат берген «Не Молчи» қорының директоры, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі кезекті рет тың деректерімен бөлісті. Оның айтуынша, Өскеменде іс бойынша 7 отырыс өтті. Судья 13 томға жиналған істі зерделеген.

Сотта жәбірленушіге қатысты аса ауыр қылмыс дайындап жатқан тұрақты қылмыстық топтың құрылғанын көрсететін жан түршігерлік жайттар ашылып, расталды.  Бұл туралы жарты қала хабардар. Жастардың көбісі біледі. Бірақ олар күдікке ілінген қыздардан қорқады. Сондықтан куәгер болғысы жоқ. Ал сот шешімі шыққан соң, шындықты айтатындар көбейері анық, - дейді Дина Таңсәрі.

Дина Таңсәрі сот отырысының неліктен жабық режимде өткеніне жауап іздеген. Оның айтуынша, ұрған қыздың анасы қалалық білім басқармасында істеген кезде педагогтар мен директорлардың аттестациясын қабылдаған. Анонимді түрде ақпарат берген ұстаздар талай былық-шылықтың болғанын жасырмаған.

Мұны естігенде бірден жай ғана бұзақылық емес, ұйымдасқан қылмыстық топ екенін айттым. Сот ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде жазалауы тиіс. Біріншіден,бұл  білім басқармасы қызметкерінің қызы басқаратын 14 адамнан тұратын топ. Тергеуші аталған топ туралы білген. Алайда ол қылмысты жасырған және енді аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін жазалануы керек, - дейді құқық қорғаушы.

Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ аясында бір емес бірнеше қылмыс болғанын да айта кетті. Топ мүшелері басқа қыздардың телефондарын тартып алып, базардағы бутиктеріне өткізіп тұрған. Сотта осыған қатысты екі факті расталыпты. 

Дина Таңсәрінің айтуынша, жоғарыда аталған топ мүшелері жәбірленуші Анельге қатысты аса ауыр қылмыс жасауды жоспарлаған. Яғни, қызды біреуге зорлатып, оны видеоға түсірмекші болған.  Қылмысты жоспарлау үшін Telegram-да «Тема», «Свои» теген топтар құрылған. Топтағы 14 адамның әрқайсысының өзіндік рөлі болған.

Топтың көшбасшысы білім басқармасы қызметкерінің қызы. Анасының беделінің арқасында қылмысты жауып үйреніп алған. Барлық айыпталушылар аталған топтың бар екенін және бұл қылмысты жоспарлағанын мойындады. Ішінде біреуі пәтер жалдап, ішіне камера қоюуға тиіс болған. Ал екіншісі Анельді пәтерге алдап әкелуге тапсырма алған. Сосын үшіншісі зорлайтын жігіт іздеген. Кемі екі жігіттің бұл жайттан хабары бар. Біреуі сот куәгер болды. Оған ұсыныс жасалғанын, бірақ бас тартқанын айтты. Себебі, Анель кішкентай болғандықтан ондайға бармадым деп отыр. Дегенмен, бірде-біреуі осындай ауыр қылмыс жоспарланып жатқанын полицияға хабарламаған, - дейді Дина Таңсәрі.

Сот үкім шығарды

9 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қыздарға қатысты қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы бұзақылық жасау) ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармағы (күш қолдану, адамдар тобы алдын ала сөз байласуы арқылы бопсалау) бойынша жүргізген.

Нәтижесінде, күдікті деп танылған 2 бойжеткенді үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал үшінші қызға бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сот істің мән-жайын және күдікті тараптың жеке басын, жәбірленушілердің пікірлерін, құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын ескере отырып А және Т есімді күдікті қыздарға ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 1 жыл бас бостандығын шектеу, ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады, түпкілікті жаза ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру. Ал О есімді күдіктіні бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық зиянды өтеу өндірілгенін атап өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға