Жаңалықтар

Азаматтық міндетіміз бен құқығымызды пайдаланайық – Асхат Оралов

Азаматтық міндетіміз бен құқығымызды пайдаланайық – Асхат Оралов
Фото: El.kz 19.03.2023 18:38 674

Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Жасыратын ештеңесі жоқ, былтырдан бері біраз өзгерістер болды. Сайлау науқанының жүйесі ауысқаны жайлы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сайлау науқанына байланысты өз пікірін білдірді деп, хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Өздеріңіз де білесіздер, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар саяси жүйенің өзгеруі бойынша ұсыныстар білдірген болатын. Одан кейін жалпыұлттық референдум өтті. Соның ішінде, Ата Заңымызға өзгерістер енгізілді. Күзде Президент сайлауы болды. Бұл саяси трансформацияның жалғасы ретінде біз бүгін еліміздегі Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауын өткізіп жатырмыз», - деді.

Сондай-ақ, министр бүгін өзінің азаматтық борышын орындап, дауыс бергенін айтты.

«Таңертең 130-шы сайлау учаскесіне барып дауыс бердім және барлық қазақстандықтарды белсенді болуға шақырамын. Өз азаматтық міндетіміз бен құқығымызды пайдаланайық, мүмкіндікті жіберіп алмайық. Тек қана саяси партиялардың ғана емес, депутат боламын деген ниеті бар жеке адам құжаттарын тапсырғасын, заңға сай бүкіл жұмысты үйлестіріп, үгіт-насихат жүргізген азаматтарды қолдау үшін өз сайлау учаскесіне барып дауыс бере алады. Мұны керемет мүмкіндік деп айтуға болады. Мәжілістің 70 пайызы партиялық тізіммен болса, халықтың 30 пайызы партиялық тізімде болсын-болмасын өздері ұсыныс білдіріп кандидатурасын ұсынды», - деді ол.

Үш мегаполис қала Астана, Алматы және Шымкент қалаларында және еліміздің 17 облыс мәслихаттарының 50 пайызы партиялық тізіммен, қалған 50 пайызы өз-өзін ұсынушылар тарапынан болды.

«Ал аудандық деңгейде 100 пайыз бірмандаттық мәслихат депутаттары бола алады деген мүмкіндік берілді. Мұның бәрі Мемлекет басшының Жолдауында айтылды. Заңдар қабылданды. Референдум өткізілді. Қазір жұмыстың бәрі заңға сай жүргізілуде. Бұрын саяси партияны тіркеуде екі жыл бұрын 40 мың мүшесі болу керек болатын, одан кейін Президент тапсырмасымен бұл сан екі есе қысқарып 20 мыңға жетті. Тағы қысқартылып, қазір 5 мың мүшесі бар ұйым саяси партия болып тіркеле алады. Екінші мәселе, Мәжіліске өту бойынша айтатын болсақ, бұрын сайлау нәтижесі бойынша жеті пайыз ала алатын партия мандатқа ие болатын, қазір бұл көрсеткіш бес пайызға төмендеді. Бұл да жақсы көрсеткіш деп санаймын. Сайлау учаскесіне барғанда бір бюллетенде 7 партия бар. Яғни, плюрализм, демократия және саяси трансформацияның жалғасы деп айтуға болады», - деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға