Жаңалықтар

Азаматтардың дауыс берудегі белсенділігі ерекше – шетелдік байқаушы

Азаматтардың дауыс берудегі белсенділігі ерекше – шетелдік байқаушы
Фото: El.kz/Айнур Оспанова 06.10.2024 18:48 9226

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысының орынбасары Чжан Лин осылай деп отыр. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Бүгін АЭС мәселесіне қатысты референдум аясында шетелдік бақылаушылардың брифингісі өтті.

Жиын барысында шетелдік байқаушы сөз сөйлеп, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің штаб-пәтері Астанада орналасқанын мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының шақыруымен келдік. Референдум әлі өтіп жатыр. Сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесін бақыладық. Байқаушылар дауыс беру учаскелеріне өздерінің бағдарламалары бойынша барды. Біз еркін түрде осы тізімнің ішінен байқау учаскелерін таңдап алдық. Айта кету керек, сайлау учаскелерінде кедергілер болмады. Азаматтардың дауыс берудегі белсенділігін ерекше атап өту керек. Сондай-ақ, комиссия қызметкерлерінің кәсіпқой маман ретіндегі деңгейінің жоғары екенін аңғардық,-деп түсіндірді ол.

Чжан Лин «дауыс беруші азаматтардың келу пайызы өте жоғары болды» деп отыр. Сайлаушылардың арасында жастар өте көп. Отбасымен, бала-шағасымен дауыс беруге келіп жатқандар да бар. Учаскелік комиссияның мүшелері барлық қажетті жағдайды жасады. Мақсат - дауыс беру процесін ыңғайлы жүргізу.

Учаскелік комиссияның мүшелері пайда болған сұрақтарға толыққанды түсіндірме берді. Қоғамдық ұйымдар мен халықаралық байқаушыларға аса көңіл бөлінді. Біз болған сайлау учаскелерінде барлық құжаттық және ақпараттық әдебиет берілді. Байқаушыларға арналған дауыс беруді жүргізу ережелері мен тіркеу журналдары, барлық қажетті құжаттар табысталды. Халықаралық байқаушыларға алдын ала әдістемелік құралдар таратылды. Арнайы дауыс беруге арналған кабиналар орналастырылды. Дауыс беру процессін байқауға жағдай жасалды,-деді ол.

Сонымен қатар көзі нашар көретін адамдар мен зағип жандарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалғаны айтылды.

Зағип жандарға арнайы Брайль шрифтімен жазылған сайлау бюллетеньдері жасалды. Қызметкерлерді шақыру батырмасы да орнатылды. Сондай-ақ, егде жастағы аға буын өкілдеріне әр учаскеде естелік кәдесыйлар табыстады. Дауыс беру бөлмелерінде бейнекамералар орнатылды. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, сайлау учаскелерінде дауыс беру бекітілген тәртіп бойынша өтті. Біздің байқау кезінде дауыс берушілерден арыз немесе шағымдар түскен жоқ, - деп қорытындылады шетелдік байқаушы.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға