Жаңалықтар

Қазақтың Ақселеуі

Дәстүрлі «Ақселеу оқулары» өтті
Қазақтың Ақселеуі
22.12.2021 17:30 7104

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі «Ақселеу оқулары» өтті.

Қазақтың Ақселеуі

Қазақтың біртуар азаматының өлшеусіз еңбегін жан-жақты зерделеп, насихаттау мақсатында жыл сайын көрнекті тұлғаның туған күніне Ақселеу оқуларын өткізу дәстүрге айналып келеді. Сонымен қатар журналистер күні қарсаңында болатын Ақселеу Сейдімбек атындағы турнирді ерекше атап өтуге болады. Аталған шараларды жыл сайын университеттің журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырып келеді.

Туған халқының кем-кетігін түгендеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан азаматты ардақтаған рухани жиынды Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ ашып, Ақселеудей дара болмыс иесінің есімін ұрпақ жадында жаңғыртып отыру мақсатындағы шараның мән-маңызына тоқталды.

Қазақтың Ақселеуі

– Ақселеу ағамызбен бір кафедрада, бір кабинетте қызмет етіп, сол бақытқа кенелген ұстаздар бар. Ақселеу Сланұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетіндегі Журналистика факультетінің ашылуына айрықша үлес қосқан азамат. Ағамыз бар жиған-тергенін осы оқу орнына тасып, әрбір оқытушыға өзінің шығарған кітаптарын таратып берген еді. Өмірінің соңғы жылдарында ағамыз өзінің енді ештеңе айтпайтынын, өзін іздегендер кітаптарын оқысын деп аманаттаған болатын. Бүгінде сол аманатын орындап, өсиеттері мен пікірлерін студенттеріміз жатқа оқып, арнау арнап жатыр. Ағамыз арамызда болмағанымен рухы, ойы мен пікірі ортамызда жүр. Ардақтайтын халқы барда, білімді шәкірттері мен құрметтейтін жандар бар кезде Ақселеу Сланұлының аты ешқашан ұмытылмайды. Халқымен бірге мәңгі жасай береді деп ойлаймын, – деді факультет деканы Қайрат Сақ.

Ал факультет деканының орынбасары Гүлжауһар Жамбылқызы арда азаматты ерекше қадыр тұтып, әспеттеуді өздеріне парыз санайтындығын жеткізді. Сонымен қатар факульет деканы Қайрат Сақ Ақселеу Сланұлының 100 жылдан кейін «Алаштың Ақселеуі» деп алаш қайраткерлерінің қатарына қосылғанын атап өтті.

Қазақтың Ақселеуі

Ал інісі Асылхан Сейдімбек іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көрнекті тұлғаның айрықша қасиеттеріне тоқталып, оның ауызекі әңгіменің ғажайып шебері болғанын еске алды.

– Көзімді ашқалы «арқа, арқа» деп ағатайымның арқасынан түспейді екенмін. Содан болар мені Жаңаарқа жұрты «арқа» деп атап кетті. Мектепті бітіре салып, университетке оқуға түстім. Ағам үнемі «адам баласына қиянат жасама, шамаң келгенше әділ бол» деп ақыл-кеңесін айтып отыратын, – деді ол.

Жазушы-ғалымның інісі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай замандасының ешкімге ұқсамайтын ерекше бітім-болмысы мен адамгершілік тұлғасы туралы сөз қозғады. Ол Ақселеу Сейдімбектің ұлт мүддесіне қызмет еткен ардақты азамат болғанын айта келіп, оның ел руханиятын дамытуға қосқан еңбегін, артына қалдырған өлшеусіз мұраларын дәріптеу ешқашан толас­тамау керектігін жеткізді.

Қазақтың Ақселеуі

Биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы №54 мектепке Ақселеу Сейдімбек есімі ресми түрде берілді. Және де Шымкент қаласында №80 мектепте Ақселеу Сейдімбек кабинеті ашылды. Сонымен қатар факультет басшылығы келесі жылы әдебиет зерттеушісі, жазушы Ақселеу Сейдімбетің 80 жылдық мерейтойына орай «Ақселеу оқуларын» жоғарғы халықаралық деңгейге көтеріп өткізуді жоспарлап отырғандықтан мәлімдеді.

Қазақтың Ақселеуі

Ақселеу Сейдімбек ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сынды көптеген әндердің авторы екені белгілі. Шығармашылық жиында сол әндерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» концерттік ұйымының «Халық қазынасы» бөлімінің солисі Құмарбек Қалқатаев орындап берді. Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Жамбылқызы Болатова жетекшілік ететін «Көзқарас»  клубының белсенді мүшелері Ақселеу Сейдімбекке арнап өздері шығарған өлеңдерін, сондай-ақ Ақселеу Сейдімбектің жазып қалдырған ұлағатты сөздерін оқыды.

Іс-шара соңында университет студентіне біртуар тұлғаның немересі Тарлан Ернарұлы Ақселеу Сейдімбек атындағы стипендияның сертификатын табыстады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға