Жаңалықтар

Қазақстанда педагог мамандығына сұраныс артты

Сұранысқа ие мамандар рейтингісінде екінші орында ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы кәсіпорындары тұр
Қазақстанда педагог мамандығына сұраныс артты
Фото: El.kz 23.08.2022 12:00 1826

Қазақстанда педагог мамандығына сұраныс артты, деп хабарлайды El.kz Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрлік ақпаратына сәйкес, биылғы шілде айында Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) бос жұмыс орындары туралы 87 мың мәлімет және 70,6 мың түйіндеме орналастырылды. Маусым айымен салыстырғанда бос орындар саны 30% төмендеп, өзекті түйіндемелер саны 18% артқан. Сондай-ақ еңбек нарығының маусымдық ерекшеліктері есебінен біліктілігі төмен кадрларға сұраныс азайған.

Өңірлер бойынша жұмыс берушілер тарапынан ұсыныс төмендеді: Жамбыл облысында – 71%, Қызылорда облысында – 55%, Ақтөбе облысында – 52% және Солтүстік Қазақстан облысында 48%. Ұсыныс артты: Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында – тиісінше 13% және 4%.

«Оқу кезеңінің басталуына байланысты орта және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кадрларға деген сұраныс жоғары: қазіргі уақытта қажеттілік 10,2 мың бос жұмыс орнын немесе барлық бос жұмыс орындарының 12% құрайды. Бос жұмыс орындарының көпшілігі Қарағанды (899 бос орын), Жамбыл (792 бос орын) және Алматы (737 бос орын) облыстарында орналастырылды. Жалпы Қазақстан бойынша мұғалімдердің орташа жалақысы 109,4 мың теңгені құрайды», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Сұранысқа ие мамандар рейтингісінде екінші орында ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы кәсіпорындары (4 мың бос жұмыс орны немесе 5 пайыздан) тұр. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы бос орындардың 36% Түркістан облысына тиесілі, ал құрылыс саласындағы вакансиялардың жартысына жуығы (43%) Нұр-Сұлтан қаласында жарияланған.

Осы жылдың шілде айында біліктілігі төмен қызметкерлерге сұраныс өткен аймен салыстырғанда 2 есеге – 50,6 мыңнан 28,7 мыңға дейін азайды. Ал ұсыныс 11%, яғни 29,1 мыңнан 25,8 мыңға дейін төмендеді.

Ведомство мәліметінше, орта білікті мамандарға арналған вакансия саны ұсыныстан 1,7 есе асып түсті: 38,9 мың бос орын, 23,6 мың түйіндеме.

Бос жұмыс орындары мен түйіндемелер арасындағы ең үлкен алшақтық, яғни маман дефициті жоғары оқу орындарының оқытушылары арасында байқалады: вакансия – 1331, түйіндеме – 945, сондай-ақ дәрігерлер бойынша бос орын – 1772, түйіндеме – 605, күзетшілер бойынша бос орын – 1685, түйіндеме – 463 және тәрбиешілер бойынша бос орын – 1450, түйіндеме –990.

Керісінше, профицит заңгер (1143 бос орынға 331 түйіндеме), экономист (182 бос орынға 457 түйіндеме), фельдшер (174 бос орынға 735 түйіндеме), вахтер (130 бос орынға 864 түйіндеме), курьер (123 бос орынға 465 түйіндеме) және білікті емес жұмысшыларға (1245 түйіндемеге 644 бос орын) байқалады.

Жұмыс іздеушілер ең көп өңірлер: Шымкент қаласында – 6 мың түйіндеме, Жамбыл облысында 5,5 мың түйіндеме, Ақтөбе облысында 4,7 мың түйіндеме, Алматы қаласында 3,5 мың түйіндеме.

Бір айда түйіндемелердің жалпы саны мұғалімдерден 2,3 есеге (2,8 мыңнан 6,5 мыңға дейін түйіндеме), заңгерлерден – 1,7 есеге (677-ден 1143 түйіндемеге дейін) және тәрбиешілерден 1,6 есеге (609-дан 990 түйіндемеге дейін) көбейді.

Ең жоғары жалақы алғысы келетін мамандар да белгілі болды, өз түйіндемесінде авиация инженерлері– 3,3 млн теңге еңбекақы көрсеткен. Сондай-ақ жоғары буын басшылары – 2 млн теңге, бас аудиторлар, ғарыш инженерлері, бас директорлар айына 1 млн теңге табыс тапқысы келеді.

Жұмыс берушілер тарапынан ұсынылып отырған жалақы: ұшқыштарға орташа есеппен – 900 мың теңге, бас құрылысшыларға – 700 мың теңге, жөндеу – механикалық шеберханасының меңгерушілеріне және бұрғылау жөніндегі супервайзерлерге – 600 мың теңге.

«Жұмыс іздеушілер тарапынан белсенділіктің өсуіне және жұмыс берушілерден сұраныстың төмендеуіне қарамастан, кейбір кадрларға жалпы тапшылық айқын. Біліктілігі төмен ізденушілер тарапынан байқалып отырған қызығушылықтың бәсеңдеуі маусымдық жұмыстармен байланысты», - делінген министрлік ақпаратында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға