Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНҒА ЖЕТКЕНДЕР – ЖАҢА ОТАНҒА ЖЕТКЕНДЕР: ВАЙНАХ ХАЛҚЫНЫҢ ЖЕР АУДАРЫЛҒАНЫНА - 75 ЖЫЛ

ҚАЗАҚСТАНҒА ЖЕТКЕНДЕР – ЖАҢА ОТАНҒА ЖЕТКЕНДЕР: ВАЙНАХ ХАЛҚЫНЫҢ ЖЕР АУДАРЫЛҒАНЫНА - 75 ЖЫЛ
22.02.2019 12:08 2239

Астана қаласының Достық үйінде вайнах халқының жер аударылғанына 75 жыл толуына арналған еске алу күні өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бүгінгі таңда тарихи жадыны сақтау, жас ұрпақтың бойында үздік қасиеттерді, патриотизмді, азаматтық белсенділікті тәрбиелеу қажеттілігі бар екенін атап өтті.

Орталықтың төрағасы Башир Солсанов 23 ақпан – вайнах халқының тарихындағы қайғылы күн екенін айта келе, жастар ата-бабаларының және халқының тарихын білуі тиіс деді, өйткені өткенсіз болашақ бұлыңғыр.

«Тарихта ешбір оқиға орынсыз болмайы. Қазақстан аумағына жол азабына төтеп беріп жеткендер – жаңа отанға жеткендер. Бұл қиын болды, бірақ вайнах халқының қайсарлығы Қазақстанда өмір сүруге және ұрпақ жалғастыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі күнде Қазақстан халқының ажырамас бөлігіне айналып отыр», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко.

Сонымен қатар ол жыл сайын 31 мамырда елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтілетіндігін еске салды. 2010 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу тарихын зерттеуге және сақтауға бағытталған «Болашақ үшін естелік» жобасында вайнах халқының жер аударылуының 75 жылдығы маңызды тақырыптардың бірі болды.

«Бұл еске алу және аза тұту күні Алғыс айту күнімен қатарлас келуінде символдық мән бар. Мемлекет басшысы Алғыс күні туралы айтқан кезде, сол ауыр жылдарда Қазақстан халқы қазақ ұлтының толеранттылығының арқасында аман қалып, барлық халықтар қазақ жерінде бүгінде бірлігін сақтап отыр деп еске алды. Біз бұл күнді әрдайым есте сақтаймыз. Қазақстанда әрбір отбасының, әрбір адамның хабарсыз кеткен, аштық пен аурудан қайтыс болған өз мартирологы бар. Бірақ бұл бізге ұлы сабақ болады. Жоғары адамгершілік сезімі ең қатал тоталитарлық режимге қарсы тұруы мүмкін екенін ұқтыратын сабақ. 1 наурыз күні біз «Қазақ халқына мың алғыс, қазақ еліне мың алғыс!» деп айтатын боламыз», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы басшысының орынбасары.

«Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштері қауымдастығының тең төрағасы Сұлтан Оздоев қазақ жерінде өсіп-өнгенін, туған жерін бағалайтынын айта келе, барлығына туған Отанды қадірлей білуге үндеді.

Кездесу барысында шешен-ингуш халқының батырлары мен олардың өміріндегі ауыр кезеңдер туралы баяндайтын деректі роликтер көрсетілді. Лирикалық композициялармен, ұлттық билермен «Вайнах» вокалды-аспаптық хореографиялық ансамблі көптің көңілін серпілтті.

Іс-шараға ҚР Парламентінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, ғылыми қайраткерлер мен елорда тұрғындары қатысты.

 

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com  мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға