Жаңалықтар

Айыпталушы тараптың адвокаты Шерзат Болаттың әкесін сотқа қайта шақыртты

05.05.2025 16:15 12618
Айыпталушы тараптың адвокаты Шерзат Болаттың әкесін сотқа қайта шақыртты

Шерзат Болаттың өліміне байланысты жүріп жатқан сот ісі барысында айыпталушы Дархан Әскентайдың қорғаушылары сотқа бірнеше өтінішхат тапсырды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Алайда судья Ержан Жанұзақов адвокат Ержановтың өтініштерін әзірге қараусыз қалдырды, алдымен айыпталушыдан жауап алынатынын мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, тергеу барысында Әскентайға психологиялық және физикалық қысым көрсетілген, сондай-ақ оқиға болғаннан кейін медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетілмеген. Осыған байланысты ол оқиға орнынан кейін көмек көрсеткен дәрігерлерді сотқа шақыруды сұрады.

Шерзат Болаттың бет аймағына соққы жасалғаны бойынша Талғар аудандық ауруханасында медициналық тексеру жүргізілгенімен, қажетті ем көрсетілмеген. Соның салдарынан тергеу кезінде Әскентай толық жауап бере алмаған, ал оның денсаулығы ескерілмей, сот тергеуі заңсыз әрі қысыммен өткен, - деді ол.

Қорғаушы Әскентайға 28 күн бойы ешқандай ем жасалмағанын атап өтті. Ол көзінің астындағы сүйек сынғанын, көзі іріңдеп кеткенін айтты. Осыған байланысты Қонаев қаласындағы уақытша ұстау изоляторына ауыстырылған сәтте, ол алдымен қалалық ауруханаға жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек алған. Осы мәселе бойынша адвокат изолятор басшысын сотқа куә ретінде шақыруды сұрады.

Бұдан бөлек, адвокат жәбірленуші тараптың заңды өкілі Қаржаубай Нұрымовтың соттағы жауабынан кейін, айыпталушының жездесі Ринаттың куә ретінде жауап беруін талап етті. Сондай-ақ Қаржаубайға қорғаушы тарап әлі қоймаған сұрақтар бар екенін айтып, одан қайта жауап алуды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға