Астанада 12 сәуір күні болған өрт бірқатар мәселені күн тәртібіне шығарды. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда көлікті тұраққа дұрыс қоймау үшін айыппұлды күшейту мәселесі қайта көтерілді.
Алайда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл бастаманы қолдаған жоқ. Оның айтуынша, қоғам айыппұлдан шаршаған, сондықтан алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс:
Қазір біз адамдарға көлікті қалай болса солай қоюға болмайтынын жеткізуіміз керек. Өйткені ол арнайы техниканың жүруіне және адамдарды құтқаруға кедергі келтіреді, – деді депутат.
Сондай-ақ ол арнайы қызмет көліктеріне әрқашан жол ашық болуы керектігін атап өтті:
Тек содан кейін ғана мемлекеттік органдарға айыппұл салу құзыретін кеңейту керек. Бірақ бұл жай ғана айыппұл емес, адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет екенін түсіндіру маңызды, – деді Базарбек.
Құтқарушыларға көліктер кедергі келтірген
Айта кетейік, Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында шыққан өрт салдарынан үш бала көз жұмып, олардың анасы ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнынан тараған бейнематериалдарда өрт сөндіру техникаларының аулаға еркін кіре алмай, ретсіз қойылған көліктердің кесірінен уақыт жоғалтқаны байқалады. Көпқабатты үйлердің арасындағы тар кіреберіс жолға қойылған автокөліктер арнайы қызметтің дер кезінде жетуіне айтарлықтай кедергі келтірген.
Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары күрделі жағдайда өткен. Аула металл қақпалармен жабылып, аумақ көліктерге толы болған. Сонымен қатар пәтер есігінің темірден жасалып, екі құлыппен жабылуы да құтқару жұмыстарын қиындатқан. Соған қарамастан мамандар арнайы құралдардың көмегімен есікті ашып, жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол бермеген.
ТЖМ өкілі мұндай кезде қандай шара қолданылатынын айтқан болатын.
Өрт кезінде жоғары қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетінше сыртқа шығып үлгерген.
Зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр
Дәрігерлердің айтуынша, 39 жастағы әйел жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Оның денесінің 50-55 пайызын күйік шалған.
Травматолог дәрігер Марат Сабыров науқастың жағдайына қатысты:
Науқас өте ауыр жағдайда түсті. Қазіргі уақытта толық көлемде қарқынды терапия жүргізіліп жатыр, – деді дәрігер.
Мамандар әйелге II-IIIАБ дәрежелі термиялық күйік, термоингаляциялық зақымдану және күйік шогы диагнозын қойған.
Қылмыстық іс қозғалды
Оқиғаға байланысты Астана қалалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қаза тапқан балалардың денелері табылған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық себеп-салдарын анықтауға бағытталған жұмыстар жалғасуда, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары өрттің шығу себебін және қайғылы жағдайдың мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр.