Жаңалықтар

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 23.05.2023 11:12 2751

Алматының биылғы көктемі жаңбырлы болып тұрғандықтан қаланың айналасы алқызыл гүлге малынып тұр. Жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтары, туристері асыға күтетін маусым осы көкнәрдің нарттай қызарып гүлдеген сәті. Өзінің әдемілігімен көрген жанды баурап алатын гүлдер дәл қазіргі сәтте анандайдан менмұндалайды. Табиғаттың тамашасын көріп, сезініп қана қоймай оны қадірлей білетін бейнелеу өнерінің шеберлері, яғни суретшілер мен фотографтар көктемгі маусымда Алматының айналасында өсетін гүлдердің бірі - көкнәрдің гүлдеген сәтін аңдиды. Біз де кәсіби әдетімізге басып, көкнәр гүлін көріп, көріп қана қоймай, суретке түсіріп те қайттық.

Алматы маңында жайқалып гүлдеп тұрған бұл қандай өсімдік?

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы

Бұл көкнәр өсімдігі. Олар қос жарнақтылар класына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер, яғни бір жылдың ішінде өсіп, өніп, гүлдейді және жеміс береді. Көкнәр тұқымдастарының 26 туыс, 150-ден астам түрлері өседі. Олардың биіктігі 30-70 см болып келеді. Сабақтары тік, кішкене тармақталған, ақ жұқа түктермен көмкерілген. Көктемде өсетін бұл гүлдер қоңырау тәрізді, 4 жапырақшадан және 2 түкті қабыршықтан тұрады. Жапырақтары кезектесіп орналасқан, түйіршік тәрізді, шет-шеті тіс тәрізді болып келеді. Сондай-ақ оның тұқымы өте көп әрі ұсақ, бүйрек тәрізді кішкентай ұрығы және өте майлы эндоспермді, қоңыр түсті болып келеді.

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы

 

Бірден айта кетейік, Алматы маңында жайқалып өсіп тұрған гүлдер есірткі өсімдігі емес. Бұл егістік алқаптарда, тау жоталарында өсетін жабайы көкнәр тұқымдасының қызылтаңдай (ремерея) деген түрі. Сондықтан оны қолдан будандастырылған мәдение түрі - апиын көкнәрімен шатыстырмау қажет.

Бұл өсімдіктің шығу тегі мен таралу аймағын білуде сол салада еңбек етіп жүрген ғалымдардың пікірлері маңызды екендігі анық. Биология ғылымдарының кандидаты, доцент Әбибілла Әметовтың 2005 жылы жарық көрген «Ботаника» оқулығын оқып отырып, көкнәр туралы мол мәліметке кенелуге болады. Ал көкнәр туралы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы, эколог, PhD доктор Гүлжанат Бақытқызы Танабекова мынадай анықтама берді:

Бұл өсімдіктіктің - көкнәрдің латын тіліндегі атауы -  Papaver, Papaveraceae тұқымдасына жатады. Ботаника ғылымында көкнәрдің 50-ден астам түрі анықталған. Алматы қаласының маңында кездесетін көкнәрдің түрі – жабайы көкнәр болып табылады. Жабайы (далалық) көкнәр біздің елден басқа Африканың солтүстігінде, Кавказда, еуропалық аймақта, Азияның батысында, Пәкістанда өседі. Дәрілік және сәндік маңызы бар, улы өсімдіктерге жатады, - дейді Гүлжанат Бақытқызы.

Иә, ғалымның айтуынша Қазақстанда бұл өсімдіктің жалпы алғанда 8 туысы, 40 астам түрі өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына жұқа көкнәр (Папавер теннелум) – эндемикалық сирек түрі енген. Ол тек Шығыс және Орталық Қазақстан аумақтарында ғана кездеседі.

Көкнәр алқаптары қай кезде гүлдейді?

Бұл сауалымызға, Гүлжанат Бақытқызы былай деп мәлімдеді: «Көкнәр алқаптары ұзақ уақыт гүлдемейді. Гүлдену кезеңі ауа-райына байланысты шамамен екі аптаға созылады. Егер ауа-райы ылғалды және жылы болса, бұл кезең одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Көкнәр мамыр айының басынан ортасына дейін гүлдей бастайды. Көктемгі ауа-райын бақылау уақытты дәл анықтауға көмектеседі: күндіз және түнде температура неғұрлым төмен болса, соғұрлым гүлдер кейінірек күш алады. Кейде көкнәр алқаптары маусымның басында ғана гүлдейді».

 

Көкнәр тұқымдастары негізінен жәндіктер арқылы тозаңданады. Жемісі паракарпты қорапша, жақтаулары немесе жоғары бөлігіндегі саңылаулары арқылы ашылады.

Жабайы көкнәр не үшін пайдалы?

Көкнәрлар тұқымдасының тамақтық, дәрілік және әсемдік түрлері бар, олардың көп түрі гүлдері әдемі болғандықтан сәндік үшін де өсіріледі.

Маргарин өндіру үшін қажетті техникалық майды осы гүлдің ұрығынан алады. Оның тұқымдары көбіне наубайханада дәмдеуіш ретінде, ал өсімдіктің ақ, сары түсті сүтті шырынын сироптар мен алкогольсіз сусындар жасау үшін қолданылады. Сонымен қатар, көкнәр өсімдігінің пайдалы қасиеттері медицинада, косметологияда, кулинарияда, өнер туындыларында кеңінен қолданылады.

Көкнәрдің емдік қасиеттері бар ма?

Әрине бар, оның жапырақшаларындағы көп мөлшердегі шырышын суық тиюге, фарингитке немесе кез келген басқа респираторлық ауруларға қарсы пайдалануға болады. Сондай-ақ олардың седативті әсері бар болғандықтан, ұйқысыздық, нервоздық немесе мазасыздық жағдайында да қолдануға болады. Көкнәрдің гүлдеуге дейін жиналған жаңа жасыл жапырақтарын сумен және 2 шай қасық тұзбен қайнатып ішуге болады.

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы

Мысалы, көкнәр жапырағынан жасалған препараттар диарея, дизентерия, қуықтың қабынуы үшін қолданылады, терлеуді азайтады. Өсімдіктің сүтті шырынынан ұйықтататын дәрілер, анальгетиктер, жөтелге қарсы, антиспазмодиктер ретінде қолданылатын күшті дәрі-дәрмектер шығарады, - дейді, Гүлжанат ғалым.

Көкнәр адамға қалай әсер етеді?

Көкнәр иммунитетті нығайтады және оның қорғаныс реакциясын күшейтеді. Көкнәр тұқымының құрамына кіретін калий қан қысымын төмендетуге және қан ұйығыштарының пайда болуына жол бермейді. Оның шырыны, тұқымның жапырақшалары мен капсулаларында роеадин деп аталатын алкалоид бар, ол аздап седативті әсер етеді. Оларды шамадан тыс тұтынуға болмайды, адамның ішін жүргізуі мүмкін. Сондықтан кез келген емді бастамас бұрын, дәрігермен кеңесу керектігін естен шығармауымыз қажет!

Сонымен қатар, көкнәр майы бейнелеу өнерінде, әсіресе кескіндеме өнерінде кеңінен қолданылады. Алқызыл көкнәр алқаптары атақты өнер туындыларында бейнеленген.

Көкнәр алқабын туризмнің бір көзі ретінде қарастыруға бола ма?

Егер іскер көршілеріміз сияқты болсақ, бұл алқаптарды баяғыда бизнестің көзіне айналдырар едік. Себебі көкнәр алқаптарында фотосессиялар жасау трендке айналған. Тек соны дұрыс жолға қоя алмай отырғанымыз болмаса. Бұл жөнінде эколог ғалым Гүлжанатпен ойымыз бір жерден шықты:

Осыншама көкнәр алқаптарын экологиялық туризмді дамыту үшін қолдануға болады. Жыл сайын Қазақстанның оңтүстік бөлігі алқызыл гүлдермен жабылады, өңірдің әр түкпірінде көкнәр алқаптары пайда болады. Бұл орындар жылы күндерден ләззат алғысы келетін және жарқын кадрлар түсіргісі келетін туристерді тартады.

Дәл қазіргі сәтте қала маңындағы гүлді алқаптарды кезіп жүрген небір мықты фотографтарды кезіктіруге болады.

Бұл біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Мұндай қызықты локацияда тек фото ғана емес, тамаша бейнеклиптер де түсіруге болады. Көз тойдырар көрікті көріністі тамашалап әрі даланың саф ауасымен тыныстауға не жетсін. Көкнәрдің гүлдеп тұратын уақыты тым аз. Сондықтан 20-30 шақырым болса да жер жүріп, тек осы гүлді түрлі ракурста түсіріп үлгеруге келдік, - деп ағынан жарылды, Алмас Әлімжан есімді танымал продюссер, режиссер әрі фотограф.  

Айналасы алқызыл гүлге толы Алматы

Айта кетейік, көкнәр гүлдері сонымен қатар, бірнеше халықтарда түрлі символдық мәнге ие. Бірде ол жазықсыз төгілген қанды сипаттаса, енді бірде оны қайғы мен қасіреттің символына теңейді. Тіпті кейбір елдердің геральдикалық белгілерінде соғыстың нышаны ретінде сипатталады. Мысалы, грек мифологиясында Ұйқы құдайы (Гипнос), Егіншілік құдайы (Деметра), сонымен қатар оның Мекена атты тағы бір есімі орыстардағы «Мак» сөзімен сәйкесуі де кездейсоқ емес.

Ал қазақ жерінде бұл өсімдік көктемде гүлдейтіндіктен, қаһарлы қыстың артта қалып, жайдары жаздың жақындағанын білдіріп, еркіндік пен кеңдіктің жаршысы іспеттес жайқалып тұр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға