Қазақстанның барлық өңірінде әйелдер сүт безі обырының алдын алу бойынша тексерілуден өтіп, бейінді дәрігерлерден кеңес алу мүмкіндігіне ие болуда. Бастаманы «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты ұйымдастырып отыр. Емханаларда ашық есік күндері, диагностикалық тексерулер мен кездесулер ұйымдастырылып, мамандар сүт безі обырының алдын алу және ауруды ерте анықтаудың маңыздылығы туралы ақпарат беруде.
Мәселен, Астана қаласының №6 қалалық емханасында ашық есік күні өтті. Әйелдер онколог-маммолог және акушер-гинеколог мамандардан кеңес алып, тексерілді. Емхана дәрігері, онкомаммолог Ақтілек Русланованың айтуынша, мұнда күн сайын 30-40 әйел маммографиялық тексеруден өтеді.
Кейбір әйелдер отбасы мен күнделікті тірлікті бірінші орынға қойып, өз денсаулығын кейінге қалдырады. Уақтылы скринингтен өту ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеу шараларын ертерек бастауға мүмкіндік береді, – деді маман.
Дер кезінде диагностикадан өтудің маңыздылығын Гүлбара Құлышева да жақсы біледі. Ол үшін тұрақты тексеруден өту өз денсаулығына қамқорлық жасаудың үйреншікті дағдысына айналған. Ол дәрігерге баруды кейінге қалдырмай, денсаулығына бей-жай қарамауға тырысады.
Емханада ашық есік күні өтіп жатқанын естіп, тексерілуді ұйғардым. УДЗ-дан өтуді жоспарлап отырмын. Мен денсаулығымды үнемі қадағалап, жыл сайын тексеруден өтіп тұрамын, – деді Гүлбара Құлышева.
Қазақстандықтардың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімділігі – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Партия өкілдерінің пікірінше, ауруларды емдеумен қатар, оларды ерте кезеңде анықтауға да ерекше мән беру маңызды. Бұл туралы партияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мария Өтебаева мәлімдеді.
Әйел денсаулығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті. «Әйел өмірі үшін» айлығы аясында «Әділет» партиясы ақпараттық кездесулер мен ашық есік күндерін ұйымдастырып, әйелдерге қажетті медициналық ақпарат пен мамандар кеңесін алуға жағдай жасауға атсалысуда. Басты мақсатымыз – әйелдердің өз денсаулығына уақтылы көңіл бөлуіне ықпал ету, – деді Мария Өтебаева.
Сондай-ақ Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Қошқарата және Күреңбел ауылдарына жылжымалы медициналық кешен барып, 95 адам компьютерлік томографиядан, 92 тұрғын ультрадыбыстық зерттеуден, 34 әйел маммографиядан өтті. Сонымен қатар Байзақ, Жамбыл, Қордай, Сарысу және Мойынқұм аудандарында әйелдермен кездесулер ұйымдастырылды.
Ал Ақмола облысының Көкшетау қаласында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты мен Онколог-маммологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Сүт безінің денсаулығы туралы 5 минут» атты кездесу өтті. Дәрігер-онкомаммолог Қуаныш Ыдырысов аурудың қауіпті факторлары мен алғашқы белгілері туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында да орталық емханада ашық есік күні өтіп, 200-ге жуық әйел гинеколог, маммолог, хирург және басқа да бейінді мамандардан кеңес алды.
Айта кетейік, «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясындағы іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Оның басты мақсаты – әйелдердің өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру, сүт безі обырының алдын алу және ауруды ерте диагностикалаудың маңыздылығы туралы ақпаратты күшейту.