Айдос Ербосынұлы ауыр жарақаттан кейін рингке қайта оралады

Айдос Ербосынұлы ауыр жарақаттан кейін рингке қайта оралады
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға қайта шығатынын мәлімдеді. Спортшының кезекті жекпе-жегі 6 қарашада Ресейдің Қазан қаласында өтеді. 

Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 16 жеңіс және 1 жеңіліс. Оның 11 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Алдағы жекпе-жектегі қарсыласының есімі әзірге жарияланған жоқ.

Айдос Ербосынұлы әлеуметтік желідегі парақшасында рингке оралуға дайын екенін жазды.

Қайта оралатын уақыт келді! 6 қарашада Қазанда келесі жекпе-жегімді өткіземін. Үзілістен кейін рингке қайта шығып, жаңа белестерге қарай жолымды жалғастыруға дайынмын. Қазанда кездескенше! – деп жазды боксшы.

2022 жылғы ауыр жекпе-жек

Айдос Ербосынұлы соңғы рет 2022 жылғы қарашада шаршы алаңға шыққан. АҚШ-тың Миннеаполис қаласында ол кубалық Давид Морреллмен WBA нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасты. Кездесу 12-раундта Морреллдің нокаутпен жеңісімен аяқталды. Бұл Ербосынұлының кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісі еді.

Жекпе-жектен кейін қазақстандық боксшының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның миына қан құйылғанын анықтап, спортшыны жасанды комаға енгізді. Кейін Ербосынұлына мидағы ісіну мен қысымды азайту мақсатында операция жасалды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 𝘼𝙄𝘿𝙊𝙎 <𝘽𝘼𝙍𝙔𝙎>𝙔𝙀𝙍𝘽𝙊𝙎𝙎𝙔𝙉𝙐𝙇𝙔 (@yerbossynuly_aidos)

Бірнеше күннен кейін боксшының жағдайы жақсара бастаған. 17 қарашада оның жасанды комадан шығарылғаны, сөйлеп, жүре алатыны және жансақтау бөлімінен кәдімгі палатаға ауыстырылғаны хабарланды.

Осы оқиғадан кейін Ербосынұлы ұзақ уақыт бойы рингке шыққан жоқ. Спортшы денсаулығын қалпына келтіруге және оңалтуға басымдық беріп, кейін біртіндеп жаттығу процесіне оралды.

Енді араға төрт жылға жуық уақыт салып, Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастырмақ. 6 қарашада Қазанда өтетін кездесу оның 2022 жылғы ауыр жекпе-жектен кейінгі алғашқы ресми айқасы болмақ.

Оқи отырыңыз