Айдар Құрмашев: «Орта держава» ретінде танылу – Қазақстан үшін үлкен жетістік

29-30 мамыр күндері өтетін Астана халықаралық форумы (AIF2025) – еліміздің өңірлік қана емес, жаһандық деңгейдегі ықпалын танытатын маңызды платформа болмақ. Бұл форум қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселелерді талқылау арқылы халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және әлемдік күн тәртібіне нақты бастамалар ұсынуға мүмкіндік береді.
Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевпен форумның маңыздылығы және қазіргі геосаяси ахуалдағы Қазақстанның орны туралы әңгімелескен едік.
AIF2025 – көпвекторлы ынтымақтастық алаңы
Айдар Құрмашевтің айтуынша, AIF2025 – бұл Қазақстанның тек өңірлік емес, жаһандық диалог алаңы ретіндегі мәртебесін көрсететін маңызды бастама. Форум дәстүрлі түрде энергетика, климат, азық-түлік қауіпсіздігі, технологиялар және геосаяси тұрақтылық сынды тақырыптарды қамтиды. Ол көшбасшылар, сарапшылар мен инвесторлардың нақты ынтымақтастық жобаларын талқылауына, жаңа коалициялар құруына және ортақ шешімдер іздеуіне жол ашады. Бұл Қазақстан үшін де, әлем үшін де өзара әрекеттестіктің прагматикалық және көпвекторлы моделін ұсыну мүмкіндігі.
Форум шеңберінде халықаралық шиеленістердің салдары, жаһандық жеткізілім тізбектерінің қайта құрылуы, жасыл энергетика мен цифрлық теңсіздік сияқты өзекті түйткілдер де көтерілмек. Қазақстан үшін бұл — жаһандық ойыншылармен тең дәрежеде пікір алмасып, өз ұстанымын жеткізу алаңы. Сонымен қатар, AIF2025 – инвесторлармен тікелей диалогқа, нақты келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін платформа. Бұл ел экономикасына ұзақ мерзімді инвестиция тартудың бір жолы, – деп атап өтті Айдар Құрмашев.
Орта державалар феномені және Қазақстанның жаңа рөлі
Сарапшының сөзінше, соңғы жылдары геосаяси турбуленттілік – Украинадағы соғыс, АҚШ–Қытай бәсекелестігі және жаһандық институттарға сенімнің әлсіреуі – орта державаларға жаңа рөл жүктей бастады. Бұрын перифериялық ойыншылар саналған елдер бүгінде көпполярлы жүйеде делдал, медиатор немесе аймақтық тірек рөлін атқаруға дайын. Түркия, Индонезия немесе Оңтүстік Корея сияқты елдер халықаралық күн тәртібінде белсенді пікір айтып, бастамалар көтеріп жүр. Қазақстан да осы бағытта өз үнін қоса бастады.
Әрине, бұл елдер толық дербестікке қол жеткізді деу қиын. Бірақ олар бұрынғыдай тек ірі державалардың шешімін күтіп отырушы емес. Орта державалар енді аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде, климаттық саясатта немесе азық-түлік қауіпсіздігінде өз көзқарасын ұсынуға дайын. Олар халықаралық институттардың реформасын қолдап, жаңа альянстар құруға бастамашы болуда. Бұл әлемдік тәртіптің «жоғарыдан төменге» емес, көп бағытты және көлденең даму жолына бет алғанын көрсетеді, – дейді бөлім басшысы.
Қазақстанның «орта держава» ретіндегі жаңа мүмкіндіктері мен жауапкершілігі
2024 жылы Қазақстан алғаш рет «орта державалар» тізіміне енді. «Орта держава» ретінде танылу – Қазақстан үшін үлкен дипломатиялық жетістіктің әрі сенімнің белгісі.
Айдар Құрмашев аталған мәртебе елдің бейтараптығы, көпвекторлы саясаты мен делдалдық рөлінің мойындалғанын көрсететінін айтты.
«Орта держава» болу Қазақстанға геосаяси бәсекелестіктен тыс қалмай, сонымен қатар оның құрбанына айналмай, теңгерімді саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл – жаңа экономикалық серіктестіктер, технологиялық инвестициялар мен транзиттік әлеуетті кеңейту үшін жаңа есіктер ашады, – деді ол.
Алайда мұндай мәртебе жауапкершілікті де арттыра түспек.
Қазақстан тек ішкі тұрақтылықпен шектелмей, аймақтық келіссөздерде бастамашы болуға, шиеленістерді шешуде конструктивті ұстаным ұсынуға, жаһандық бастамаларға үлес қосуға тиіс. Сонымен қатар, орта державалар өз мүддесін қорғаумен қатар, өз аймағы үшін тұрақтылықтың «қамқоршысы» бола білуі керек. Бұл – бейбітшілікті сақтау, азық-түлік пен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон процестерін басқару секілді бағыттарда нақты әрекеттерді талап етеді, – дейді сарапшы.
«Орта державалардың» болашағы қандай болмақ?
Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы орта державалардың болашағы қазіргі жаһандық жүйенің қайта қалыптасуымен тығыз байланысты екенін айтады.
Жаһандық институттардың әлсіреуі және ірі державалар арасындағы шиеленіс жағдайында орта державалар жаңа аралық күшке айналуы мүмкін. Олар көпжақты бастамаларға серпін беріп, шиеленістерді жұмсартуға бағытталған дипломатиялық көпірлер бола алады. Орта державалар өзара коалициялар құрып, жаһандық сын-қатерлерге бірлесе әрекет етсе, әлемдегі саяси тепе-теңдікті сақтауда үлкен рөл атқара алады, – деді ол.
Айдар Құрмашев бұл сценарийдің жүзеге асуы үшін «орта державалар» арасында өзара сенім, стратегиялық үйлесімділік және институционалдық тетіктер қажет деп есептейді.
«Орта державалар» бір-бірінен оқшау әрекет етсе, олар ірі державалардың геосаяси ойындарына қайтадан тәуелді болу қаупі бар. Сондықтан алдағы онжылдықта орта державалардың табысты болашағы олардың ынтымақтастық деңгейіне, өзара тәуелсіз шешім қабылдау қабілетіне және ортақ күн тәртібін қалыптастыра алуына тікелей байланысты болады, – деп сөзін түйіндеді сарапшы.
