АҚШ-та тағылымдамадан өтіп жүрген дәрігер Азамат Сандыбайұлы Нью-Йорк көшелеріндегі медициналық жағдайларға назар аударды. Ол АҚШ пен Қазақстандағы медициналық көмектің қолжетімділігін салыстырып, еліміздегі тегін медициналық көмектің маңызын атап өтті.
АҚШ-та медицина неге қымбат?
Андролог дәрігер Азамат Сандыбайұлы Нью-Йорк көшелерінде аяқ-қолы қисайып, буындары зақымданған адамдарды көргенін айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады. Оның айтуынша, кейбір адамдарда буынның созылмалы шығуы сияқты жағдайлар болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді емдеу үшін күрделі операция қажет.
Нью-Йорк көшелерінен аяғы қисайып, буыны шығып кеткен жігіттерді көріп таңқалудамыз. Бұларға операция жасап, аяғын орнына салу керек. Дәрігер ретінде созылмалы буыны шыққанын көріп тұрмын. Бұл сұрақты осындағы дәрігерлерге де қойдық. Олар мұндай отаның қымбат екенін айтты. Егер денсаулығы сақтандырылмаса буынын салуға 20-30 миллион теңгедей кетеді екен, – дейді ол.
Дәрігер бұл мәселенің АҚШ-тағы медициналық көмектің құнымен де байланысты екенін алға тартты. Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар мен мигранттардың арасында медициналық сақтандыруы жоқ немесе қымбат емге қаражаты жетпейтін азаматтар бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осыдан кейін ол Қазақстандағы медициналық жүйемен салыстыру жасады.
Біздің мемлекетте қолы қисайып, аяғы қисайып жүрген адамдарды көрмейсің. Травматологтар МӘМС-пен бәрін емдеп тастайды. Медицина тегін. Сондықтан барды бағалауымыз керек, – дейді дәрігер.
МӘМС: мүмкіндік бар, бірақ мәселе де жоқ емес
Дәрігердің айтқан негізгі ойы – шетелдік медицинаны сынау емес, өз еліміздегі медициналық көмектің әлеуметтік маңызын түсіну.
Әрине, шетелде тар бейінді медицина дамып кеткен. Дегенмен біздегі медицина деңгейі халықты толық қамтамасыз етіп отыр. Жедел жағдайларда да сақтандыру төлемесе, дәрігерлер барлығын жасап, көмектеседі, – дейді ол.
Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында да түрлі реакция туғызды.
Шетелге неғұрлым көп шыққан сайын, өз еліме шүкіршілік етемін, – деп жазды Нұргүл Мұратова.
Алайда барлық пікір біржақты болған жоқ. Бағила Балтабаева МӘМС жүйесінің өзінде шешімін күткен мәселелер бар екенін атап өтті.
Бірақ МӘМС бойынша керекті емін ала алмай жүргендер де көп. МӘМС-пен халықтың ақшасын жымқырған клиникалар шығып жатыр, – деп пікір білдірді ол.
Бұл пікір де назар аударуды қажет етеді. Өйткені медициналық көмектің қолжетімді болуы оның сапалы әрі уақытылы көрсетілуімен қатар жүруі керек. Азамат қажетті диагнозды уақытында алып, тиісті маманға жолданып, емін кешіктірмей алған кезде ғана медициналық жүйенің тиімділігі көрінеді.