Жаңалықтар

Аягүл Миразова: Білімді, мейірімді мұғалімді қадірлемейтін оқушы болмайды

Аягүл Миразова: Білімді, мейірімді мұғалімді қадірлемейтін оқушы болмайды
Фото: Жеке мұрағаттан 26.07.2023 13:49 1240

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы білім ұлтқа айналуды ұсынып, ұлттық идея ретінде көтеріп келеді. Сондықтан да Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екенін баса көрсетті. Елімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалғанын айта келе, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет екенін де атап өтті.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет», – деген Президенттің сөзі бар.

Қазақстан ғылымы дамыған іргелі елге айналуы үшін білім беру саласының түбегейлі жаңғыру ләзім. Педагог мамандығының беделін арттыру – күн тәртібіндегі мәселе. El.kz тілшісі орта білім саласының дамуы жайында Қазақстан Республикасының Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Аягүл Миразовамен сұхбаттасты.

– «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Бұл жобаның маңызы жөнінде қандай баға берер едіңіз?

– Ұлттық құндылықтарға негізделген дүние өз дәрежесінде емес. Көптеген ғалымдар, тәжірибелі ұстаздар бұл жөнінде сөз қозғап, реті келген жерде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да айтып жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, білім сапасының, тәрбиенің ауыз толтырып айтатындай емес екені байқалады. Бұған әсер ететін жайттар көп. Отбасынан бастап жіберіліп жатқан кемшіліктер өте үлкен.

Балалар арасында зорлық-зомбылық көрсету, ең үлкен қасірет – өлімге дейін апару, суицидтер кездеседі. Адамның басына бермесін, перзентін жоғалтудан асқан қайғы жоқ.  Өмірге келгеннен кейін білімді, білікті, тәрбиелі болып, өмірден өз орнын табатын ұл мен қыз болып өскені – қай ата-ана үшін таптырмайтын байлық. Бұл мемлекеттің де негізгі ұстанымы болуы тиіс.

Әрине, ешкімді кінәлай алмаймын. Себебі, өмір өзгеріп жатыр. Жаңалықтар көбейіп келеді. Өскелең елдердің кейбір тәжірибелерін алғымыз келеді. Жаңалағымыз келеді. Техникаға бейімдегіміз келеді. Оның бәрі дұрыс. Бірақ қандай нәрсе істелінсе де, ұлттық құндылыққа негізделуі тиіс. Тәлім-тәрбиені де, білімді де осы тұрғыдан  дамытуымыз қажет.

Жалғыз мен ғана емес, мұны ғалымдарымыз да, қайраткерлеріміз де, халық арасында өмір көрген азаматтарымыз да баса айтып келе жатыр.

Қандай бағдарламаны өзгертсе де, атүсті, басқа елдерге еліктейтін тұстары жоқ емес. Бұл бізге жаға қоймайды. Әр ұлттың өзінің ерекшелігі, қасиеттері бар. Ұлттық құндылықтарды негізге алу керек. Әл Фараби атамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім құрдымға кеткенмен бірдей», – деп айтқан сөзі бар. Қазір де өте өзекті әрі орынды сөз.

Білімді де, тәрбиені де өз құндылықтарымызға негіздеп барып, өркениетті елдердің жақсы жақтарын алуға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын.

Білім сапасы, оқулықтардың сапасы жөнінде көп әңгіме айтылып жатыр. Осы мәселе маман ретінде көзқарасыңыз қандай? Кемшіліктерді қалай түзеуге болады?

– Қазір біз бес күндік оқу тәртібіне көштік. Бұған қарсы емеспін. Алтыншы күні көп ата-аналар демалады. Ұстаздардың да отбасы бар. Бір жағынан бұл шешім дұрыс та шығар.

Дейтұрғанмен, мектептерде, гимназия, лицейлерде, дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде күндік жүктеме сегіз-тоғыз сағатқа дейін созылып жатыр. Былай қарасаңыз, мектептің көбінде балалар саны сыйымдылығынан артық. Зияткерлік мектептердегідей алты сабағын оқып алған соң, тамағын ішіп алып, демалып, бой жазып, қайта сабаққа кірісетіндей мүмкіндік жоқ. Бөлмелер, сыныптар жетіспейді. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, сегіз-тоғыз сағат тапжылмай орындықта отыру баланың денсаулығына әсер етеді. Жасыратыны жоқ, онсыз да бұрынғы балалармен салыстырған кезде қазіргі балалардың денсаулығы, көз жанары нашарлап тұр. Әрбір ата-ана мұны жақсы біледі.

Біздің оқулықтарымызда, бағдарламаларымызда артық материалдар көп. Тәжірибем бойынша, біз бұдан арылуымыз керек деп ойлаймын. Жоғары оқу орнына барғанда оқитын дүниені мектепте оқытып, оны тағы да университетте оқытып, уақытты кетіруге болмайды. Балалардың денсаулығын ойлауымыз қажет. Негізгі бағдарламаны қалдыру керек.

Білім беру саласында соңғы он жылда біраз нәрсе өзгерді. Оның жақсы жағы да, келеңсіз жағы да бар. Мысалы, тіл мен әдебиетті қосып жіберді. Сауаттылық деген – ең керек дүние. Қазақ тілі мен әдебиетін қайта бөлеміз деген әңгіме айтылып та жатыр. Бірақ әлі іске аса қойған жоқ. Бұдан басқа толып жатқан мәселе бар.

Мәселен, денешынықтыру деген сабақ бар. Балалардың денсаулығы аса маңызды. Былтырғы оқу жылында қыздар мен ұлдардың топқа бөлуді алып тастап, қосып жіберді. Аптасына үш сағат денешынықтыру сабағын өткізу маған тиімдірек көрінеді. Көп мектепте денешынықтыру өтетін зал – біреу, әрі кетсе, екеу. Бұл жағдай денсаулықты түземейді, керісінше құртады. Бір залдың ішінде екі-үш сынып қатар ойнап жатады. Сондықтан, пікірлескен ұстаздардың дені қыздар мен ұлдарды біріктіргеннен гөрі, үш сағаттың бір сағатын кеміткенін қалайды. Қазір бұрынғыдай емес, қыздардың өсіп-жетілуі, көзқарастары басқаша. Ұлдар мен қыздардың бөлінгені жақсырақ болатын еді.

Бұл мәселелер мектеп жетіспеушілігінен, оқу бағдарламаларының кемшілігінен  туындап жатыр ма?

– Жоқ. Біз реформаға құмар адамбыз. Кешке дейін реформа жасаймыз. Аяқастынан бола салады. Кейде жақсы жағына ауса, қуанып қаламыз, кейде жап-жақсы нәрсені нашар жағына аударып аламыз.

Әсіресе, тәрбиеге қатты назар аудармасақ, біз біраз жерге келіп қалатын түріміз бар. Қазіргі балалардың ұғымы, сезінуі, көзқарасы батысқа ма, басқаға ма, ойысып бара жатқаны біз үшін жаттау. Жат мінез-құлық көреміз. Балалардан да, жас ата-аналардан да. Қатаңырақ талап керек, тәртіп керек. Заң қажет. Білім заңына міндеттерді нақты, мазмұнды, мәнді етіп күшейту керек. Өзіміздің көршілерде, мысалы, Тәжікстанда ата-аналардың бала тәрбиесіндегі міндеттері туралы заң бар. Ол менің қолымда тұр. Бала өмірге келгеннен бастап ата-ананың міндеттері көрсетілген. Оны оқысаңыз рахаттанасыз. Нағыз тәрбиелі бала шығады. Одан кейінгі мектепке барғандағы ата-ананың, оқушының және ұстаздың міндеттері тайға таңба басқандай жазылған. Пәленбай пунктерден тұрады.

Бізге де сол керек. Көбінде «біз зайырлы мемлекетпіз, өйтуге, бүйтуге болмайды» дейміз. Иә, баланың құқығын қорғайтын жерде қорғау қажет. Талап ететін жерде, талап ету керек. Ертеңгі күнімізді ойлауға тиіспіз. Өз жағына тартып, мықтап алсақ екен деп отырған жоқпын. Ата-ана мектепті, мектеп ата-ананы кінәлайды. Кінә бәрінде де бар. Ата-ана да, ұстаздарда да, мемлекетте де бар. Тәрбие ортадан. Отбасы, қоршаған орта және мектеп бірлесіп атқаратын жұмыс көп болуы тиіс. Және талап орындалуы қажет.

Ақпараттық ағынның шаш-етектен тартып, жақсы жағынан келеңсіз жағы басым болып тұрған уақыт. Әрине, көп нәрсе ойластырылып жатыр. Қозғалып жатыр. Халық қалаулылары да ойын айтуда. Бұған өзім ырзамын. Осыдан түйін түйіліп, заң шығарылса екен деймін. Заң дегеніміз – талап. Талап кімге болса да қатаңдау болуы керек. Әркім заңға бағынып, талапты орындауы тиіс. Сонда ғана білім мен тәрбие, діліміз бен тіліміз дамиды деген ойдамын.

– Педагогтың беделін арттыру туралы сөз жиі қозғалады. Біраз шара жасалып та жатыр. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Мұғалімдердің жалақысы көтеріліп келеді. Педагог беделі туралы не түйгеніңіз бар? 

– Мұғалімдердің беделін арттыруды көздейтін заң қабылданды. Бір жыл бойы қаралды. Шын мәнісінде, мұғалімдердің еңбектері еленетіндей дүниелер жасалды. Қазір мұғалімдердің айлығына байланысты шағым айта алмаймын. Біреуден ілгері, біреуден кейін десек те, білімді, білікті, өзінің көрсеткіші, тәжірибесі бар ұстаздар жап-жақсы жалақы алып жүр.

Менің қабырғамды қайыстыратын нәрсе – жас мамандардың жағдайы. Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жастардың айлығы көп емес. Анадай көрсеткіш көрсетуі үшін, санаттарға ие болуы үшін кемінде бес, он жыл жұмыс істеуі керек. Сөйтіп барып, қол жеткізе бастайды. Оған дейін ауамен тамақтанып, ауамен киінбейді емес пе?

Білімді болса, жастар өзі бітірген оқу орнынан нағыз мұғалімдік қасиеттерді сіңіреді.  Қазір мұғалім мамандығына түсу баллы жоғары. Талап күшті. Бұрын елу балл алғандар мұғалімдік мамандыққа грантқа түсуші еді. Ең төменгі балл жинаған кездер де болды. Қазір талап біршама күшейді. Одан да күшейту қажет. Біліміне, біліктілігіне қарай жалақы алуы керек. Бірақ жастар келген кезде екі жүзден аспаса да, одан кем болмайтындай айлық алуы керек деп ойлаймын. Қазір нарықтық заман. Бәрі қымбаттап жатыр. Жастардың аты жастар. Олардың ішімі, киімі, жүріс-тұрысы бар. Қаражат көбірек керек. Бұған бірі шыдаса, бірі шыдамайды.

Немесе мектепте жұмыс істеп жүріп, қосымша ақша табу үшін басқа жұмыстарға орналасып алады. Дайындық курстарына, тағы да басқа жерлерге дегендей. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегендей, екі жақты көңілі бөлініп жүргенде, ол не ана жақты, не мына жақты қарық қылмауы мүмкін.

– Нәтижесі болмайды дейсіз бе?

– Иә, нәтиже болмайды. Алдындағы баланың біліміне де, білігіне де, тәрбиесіне де жан-тәнімен кірісетін, бойындағы білімін сол балаларға беретін, жанашыр, үлкен жүректі ұстаз болуы үшін ол өзі орналасқан мектебінің үдесінен шығуы тиіс. Сонда ғана ұлағатты ұстаз деңгейіне көтеріледі.

– Ертеректе мұғалім деген өте беделді мамандық болып есептелінетін. Мұғалім болуды армандайтын балалар, жастар көп еді. Мұғалім мамандығының қазір жастар арасындағы насихаты қалай болып жатыр?

–   Біздер қалай мұғалім болдық? Әке-шешеміз: «Мұғалімнен асқан жақсы қызмет жоқ. Таза тұрады, таза жүреді. Құрметті мамандық!» деп жиі айтатын. Содан кейін бізге сабақ берген мұғалімдер біз үшін осы кісілерден артық, білімді, әділ адам бар деп ойламайтынбыз. Сол кісілердің сөзі де, өзі де бізге үлгі болды.

Отыз жылдың ішінде түрлі жағдай болды. Жалақы төмен болды. Мұғалімдердің қадір-қасиеті қатты түсіп кетті. Құдай сақтап, мемлекет болып, халық болып, осыған баса көңіл бөлініп, біршама жақсартуға ұмтылыс жасалды. Қазір едеуір жақсарды.

Бедел мұғалімнің өзіне де байланысты. Тікелей байланысты. Жалақы – күн көрісі, әлеуметтік жағдайы. Сабағын беріліп өткенімен, тапқаны не анда, не мұнда жетпесе,  алтын мұғалім болса да, оған нашар әсер етеді. Қазір жалақы біршама жақсы болғаннан кейін, мұғалімдер де талапқа жауап бере алуы керек. Білімді, мейірімді, жүрегі де, тілі де жылы болса, ол мұғалімді қадірлемейтін оқушы болмайды. Ол мұғалімді қадірлемейтін ата-ана болмайды. Барлығы да сол мұғалімді қатты қадірлейтін болады. Жеке бедел мұғалімнің өзінің қолында. Ал әлеуметтік жағдайы мемлекеттің қолында.

Қазір педагогтарды дайындайтын жоғары оқу орындары мұғалімдікке конкурс үлкен екенін айтады. Қазір айлық жақсарып қана қоймай, мұғалімдердің балаларын балабақшаға кезексіз алатын болды. Мұғалімдерге бұрынғыдай артық жұмыстарға жегуді доғарды.

Десе де, мемлекеттің ұстанымына, мемлекеттегі жұмыстарға еш уақытта менің міндетіме кірмейді деп қарауға болмайды. Өз басым солай деп білемін. Бұл – бәрімізге ортақ. Мұғалімдер мемлекетте болып жатқан жақсылықтардың жаршысы болуы керек.  Ол бала арқылы халыққа жеткізіледі. Баланың бойына құя білетіндей қабілеті болуы тиіс. Мұндай жағдайда ең алдымен мұғалімдер белсенділік көрсетуі керек.

Орта білім беруді дамыту реформасы жасалып жатыр. Оқу бағдарламалары жетілдірілмек. Қолға алынған «Жайлы мектеп» бағдарламасы бар. Осы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

– Өзгеріс өте керек. Бұл іс былтыр басталған. Бір жыл бойы бағдарламаларды өзгертуге жаңа оқулықтарды шығаруға, тәрбиеге байланысты жұмыстар жүргізілген. Алайда, кішкене тосқауыл болып, әлі іске асқан жоқ.

Оқу ағарту министрлігі ғылым мен жоғары оқу министрлігінен бөлінді. Бұл көптен айтылып, көпшілік армандап жүрген іс еді. Өте жақсы болды. Екі салада өте ауқымды.

Өз басым, министрліктің бөлек отау құрғаны жақсы болды деп есептеймін. Әрине, бәрі әп-сәтте орындала салмайды. Қанша електен өтуі тиіс. Бірақ жұмыс бағыт алып, әдемі келе жатыр. Әрі қарай жалғасса екен, көп нәрсе жақсы жағына қарай өзгерсе екен деген ойдамын. Бағдарламада өзгеруі керек. Оқулықтар да өзгеруі қажет. Және мұғалімдерге, оқушыларға қоятын талаптар жаңартылуды талап етіп отыр. Білімді бағалау, білімді сараптау кезіндегі өзгерістер де ауадай қажет.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға