457.7
492.81
6.49

Автожол саласында білікті мамандар жетіспейді

Университеттерде «Автожолдар мен әуеайлақтар салу» мамандығы жоқ
24.kz
Фото: 24.kz 28.11.2022 13:44 419

Қазақстандық жоғары білім беру жүйесінде жекелеген «Автожолдар мен әуеайлақтар салу» мамандығы жоқ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Kaztraffic-2022» халықаралық көрмесі аясындағы пленарлық отырыста Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының бірінші проректоры Гүлсім Еспаева автожол саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді.

«Бүгінгі таңда кадр тапшылығы сезіледі. Бұл аталған мамандық бойынша түлектердің аз болуымен байланысты. «Көлік құрылысы» бағытында дайындықты бар-жоғы 8 жоғары оқу орны жүргізеді», – деп атап өтті Г.Еспаева өз баяндамасында.

Бұл пікірді «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева да қолдайды. Оның айтуынша, жол мамандары жетіспеушілігінің басты себептерінің бірі  - «Автожолдар мен әуеайлақтар құрылысы» мамандығын «Сәулет және құрылыс» бағытына қосу болып табылады. Осыған байланысты студенттер, яғни болашақ жолшылар өз мамандықтары бойынша жеткілікті білім ала алмайды. Нәтижесінде дайындық деңгейі де, білікті жол құрылысшыларының саны да күрт төмендеді.

«Көптеген жылдар бойы «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша докторантураға бірде-бір білім гранты бөлінбей, нәтижесінде 11 жылда небәрі 3 докторант білімін шыңдады. «Көлік құрылысы» дайындық бағытын жеке ашып, топтарға бөлу қажет», – дейді Гүлсім Еспаева.

Мәселенің балама шешімі ретінде Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол саласы қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығының жұмысын жандандыруда. Онда тек студенттер ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі мамандар да білімін жетілдіре алатынын айта кету керек.

«Жол құрылысын қадағалайтын мамандарды оқытасыздар ма?» деген сұрақты жиі естиміз. Әрине, оқытамыз. Кейде қала құрылысы бағыты бойынша білім алғандар да біліктілікті арттыру үшін оқу орталығының мамандарына жүгініп жатады», – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ зертханасының меңгерушісі Мейрамгүл Қабдығалиева.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар