Жаңалықтар

«Автобустың астында бос кеңістік бар». ТЖМ Павлодардағы апатқа қатысты тың дерек айтты

«Автобустың астында бос кеңістік бар». ТЖМ Павлодардағы апатқа қатысты тың дерек айтты
Фото: pavlodarnews.kz 17.01.2024 12:01 1036

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Павлодар облысындағы Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты тың деректерді айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Оның мәлімдеуінше, мамандар арнайы техникамен қарағанда автобустың шамамен қай жерде жатқанын анықтаған.

Техника ол жерде металлдың барын көрсетті, яғни автобусты. Сондай-ақ, жердің астында бос кеңістік барын анықтады. Біздің құтқарушылар және әкімдік пен басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Қазір ол жерде минустық температура. Құтқарушылардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті, - деді Сыздықов.

Вице-министр 2 адамды іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатқанын атап өтті.

Құдай сақтасын, егер жердің астында қандай да бір қозғалыс болса, ол жерде жұмыс істеп жатқан адамдар да  түсіп кетуі мүмкін. Біз автобустың астынғы жағында қанша тереңдікте бос кеңістік барын біле алмай отырмыз. Барлық техника қауіпсіздік ережелері сақталған. Қазіргі таңда құтқарушылар жердің астына түсіп кеткен автобустың көлденең жағына жақындап қалды. Сонымен қатар 2000 м3 астам топырақ қазылды. Кеше ғана біз 5 текше метрлік экскаватордың жұмыс істеуіне жол аштық, - деді вице-министр.

Еске салайық, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың кеніші шахтасының маңында жер опырылып, ішінде жүргізуші мен үш құтқарушы бар автобус құлаған болатын. 2 құтқарушының денесі табылып, 2 адам әлі де іздестіріліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға