«Ауыр шешім...»: Лионель Месси Аргентина құрамасымен қоштасты

«Ауыр шешім...»: Лионель Месси Аргентина құрамасымен қоштасты
Фото: instagram/leomessi

«Интер Майами» клубының 39 жастағы шабуылшысы Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтайтынын жариялады. Футболшы бұл туралы 31 тамызда Instagram парақшасында жанкүйерлеріне арнаған жазбасында мәлімдеді.

Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтау туралы шешімнің өзі үшін ауыр болғанын атап өтті. Алайда қазір бұл қадамға баруға ең қолайлы уақыт келгенін түсінетінін жеткізді.

Ұзақ ойланып, баршаңызға ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтайтынымды хабарлағым келеді. Бұл ауыр шешім болды. Бірақ қазір ең қолайлы уақыт екенін түсінемін, – деп жазды футболшы.

Аргентиналық жұлдыз ұлттық құрама сапында өткізген 20 жылға жуық уақытында елінің намысын қорғау үшін бар күшін салғанын айтты.

Мен осы жейде үшін әрдайым күрестім, барымды бердім. Сіздерге қуаныш сыйлап, футбол арқылы аргентиналық екендеріңізді мақтан тұтуға себеп болғым келді. Уақыт өтіп жатыр, кейбір тараулар жабылады. Бұл тараудың жабылуы мен үшін өте ауыр, – деді Месси.

Футболшы ұлттық құраманың сапында болуды әрдайым жақсы көргенін айтып, енді командаға жаңа буын өкілдері келетінін атап өтті.

Мен бар күшімді салдым. Енді берерім қалған жоқ. Менің орныма ұлттық құрамада болуға лайық, талантты жас ойыншылар келеді. Осы 20 жылдағы махаббаттарыңыз үшін рақмет, – деп жазды ол.

Месси Аргентинамен бірге қандай жетістіктерге жетті?

Лионель Месси Аргентина құрамасының тарихындағы ең ірі жетістіктердің авторларының бірі саналады. Ол ұлттық команда сапында:

  • 2022 жылы әлем чемпионы атанды;
  • 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын жеңіп алды;
  • 2022 жылы Финалиссиманы иеленді;
  • 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанды.

Месси Аргентина құрамасында бірнеше ірі халықаралық турнирде көшбасшылық рөл атқарып, команданың басты жұлдызына айналды.

Футболшы мәлімдемесінің соңында бұл мәтінді 21 шілдеде жазғанын атап өтті. Яғни әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазылған.

2026 жылғы әлем чемпионатында Месси бастаған Аргентина құрамасы қатарынан екінші рет финалға дейін жетті. Шешуші кездесуде аргентиналықтар Испания құрамасына есе жіберді.

Енді Мессидің ұлттық құрамадағы дәуірі аяқталып, Аргентина командасында жаңа буын футболшыларына жол ашылмақ.

Оқи отырыңыз