Жаңалықтар

Ауылды дамытудың жаңа моделін әзірлеу керек

Ауылды дамытудың жаңа моделін әзірлеу керек
Фото: dknews.kz 10.03.2023 17:30 1555

Ауылдарды дамытудың ұзақ мерзімдік стратегиялық саясаты керек. Әйтпесе қазіргі жасалып жатқан қысқа қадамдар көп жеміс бермейді. Үнемі кедергілерге тап болып отырады.

Бұл жерде ең маңызды мәселе, бізге қандай ауыл керек, соны айқындап алмай болмайды. Яғни ауылдың жаңа моделін әзірлеу керек.

Мәселен қазіргі мыңдаған адам бір жерде бас қосып отырған ірі ауылдардың (олар бұрынғы кеңшар орталықтары ғой) заман талабына сай еместігі бірден көзге ұрады. Мұндай ауылдардың ішінде дұрыс дамып келе жатқаны әрі кетсе, оншақты ғана. Соның өзінде, олар ірі қалалардың маңында орналасқан соң ғана дами алып отыр. Менің ойымша, түбінде олардың барлығы қалаға айналатын болады. Ал шалғайда орналасқан мыңдаған ауылдарды не істемекпіз? Міне, осыларды дамыту үшін алыс болашақты көздейтін стратегиялық саясат керек те, осы мақсатқа қарай жыл сайын табанды түрде жақындай түсудің жүйелі шаралары әзірлену керек.

Қазіргі ірі ауылдар не қала, не дала емес. Сондықтан оларда жаппай жұмыссыздық орын алған. Тек мектеп, емхана секілді өздері де көмекке зәру әлеуметтік мекемелер мен ауылда қалған зейнеткерлердің күшімен тұр деп айтуға болады.

Әрине, мұндай ауылдарды құртып алмауымыз керек. Бізде бар дүниені талқандау оңай, ал қайта қалпына келтіру өте қиын. Соңғы отыз жылда осыған әбден көз жетті. Сондықтан ауыл жөніндегі саясатқа барынша абай болуға тиістіміз. Үлкен ауылдар мәселесіне де осындай сақтықпен қарауымыз қажет. Мәселені осы үлкен ауылдардағы жұмыссыздықты ауыздықтаудың түбегейлі жолдарын анықтап алып барып, іске кіріскеніміз оңды болмақ. Егер ауылға шын жанашырылық көзқараспен қарайтын болсақ, оның жолын табу қиын емес те секілді. Өйткені әр ауылдың қасында шетсіз-шексіз дала жатқан жоқ па?! Ол дала мыңдаған жылдар бойы халқымызды асырап келгені ақиқат қой. Демек үлкен ауылдардағы жаппай жұмыссыз халықты далаға қарай шығарудың тиімді жолдарын қарастыру – ауылдардың дамуына үлкен әсері бар мәселе деп түсінемін. Осының тиімді саясаты әзірлену керек. Жерге өте бай Қазақстан ауылдарының заманға сай жаңа моделін қалыптастыру дегеніміз, бұл кемінде 50-60 жылды қамтитын саясат. Ал мұнсыз еліміз дұрыс дами алмайды.

Біз осы мәселеге байланысты осы мәселені зерттеп жүрген маман, осы тақырыпты көтеріп жүрген журналистермен қатар, ауыл мен қала тірлігін бірдей көріп келе азаматтардың, сондай-ақ әлі де ауылда тұратын адамдардың пікірін білген едік. Енді соларға сөз берейік:

Анас Баққожаев: Президентіміз алғашқы жарлығын ауыл мәселесіне арнаған соң, ҚР Ұлттық экономика министрлігі ауылды аумақтарды дамыту бойынша жұмысшы топ құрған еді. Ол топтың мойнындағы жүк тым ауыр. Әрине, 30 жылда көсегесі көгермеген ауылдарды жаңғырту оңай дейсіз бе?

Десек те топ құрылды. Абырой болғанда пойыздың соңғы вагонына қарғып мінген бозбаладай сол топтың құрамына «Ауыл» партиясынан мен де ендім. Демек, енді ауылды аумақтарды дамытуға сәл де болса ықпалымыз болады. Топтың дайындағанын мына жерде жариялауға қақым жоқ. Оны өздері жұмыстарын аяқтаған соң бұқараға көрсете жатар. Дегенмен де сол топтың қарауына өз тарапымнан берген ұсыныстарды жариялауға мүмкіндігім бар.

Мен өз тарапымнан 15 ұсыныс жасадым. Бұл ұсыныстарыммен партияластарым келіспеуі де мүмкін. Себебі олар әріптестерімнің елегінен өтіп, толық пысықталуы тиіс.

Сейфолла Шайынғазы: Осындайда халықтың бәріне жұмыс тауып берген Кеңес өкіметіне таң қалмасқа лажың жоқ. Сол дәстүрді қайтарып, мал шаруашылығы мен егіншілікті дамыту керек. Олардың өнімдерін сатып алатын кеңестік кездегідей мал өнімдерін дайындау, сақтау мекемелері болуы керек. Қазір Қазақстанда ет, сүт тапшы. Жұмыртқаның бағасы ұшып тұр. Бір данасы 50 теңгеден асады. Көкөніс те қымбат. Осыларды ауылдарда өндіріп, оларды заготконторалар сатып алып, халыққа сатуы керек. Мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде теріден тон, куртка, аяқ киім, сөмке тігетін цехтар ашуға болады. Кеңес өкіметі кезіндегідей жүнді, теріні, тіпті сүйекке дейін қабылдайтын орындар қажет. Ауылдар сонда өндірген затының бәрін ақшаға айналдырар еді.

Алмас Тұрарханов: Ауылдың даму деңгейі билік тез арада ауылға қойдың терісін илеу, жүнді өндеу, қайыс илеу, ет өнімдерін өндіру тағы басқа цехтарын ашып ауылдың ішкі бюджетіне беру керек.

Қазір жастарға қолдау бар дейді ғой. Соған өз басым онша сене алмаймын. Себебі ауылда тұрып, өз кәсібімді бастамақ ниетте талай жерге несие сұрап бардым. Бірақ сол қолдауды 3 жыл болса да ала алмадым. Бәрі бекер секілді.

Менің ойымша, мал өсіру кезінде оған сырға, мал құжаттарын тегін беру және субсидияны тек ауылдың нақты тұрғынына беру керек.

Жастардың оқу орындарында ауылға бағдарламасын толықтай іске асыру жөніндегі шаралар қабылдануға тез кірісу қажет.

Мейрамбек Әлдиев: Бұл тақырып совхоздар таратыла бастаған 1990 жылдардың соңында көтеріліп мемлекеттің негізгі бағдарламаларының бірі болу керек еді. Ішкі урбанизация сонымен қабат жүруі керек еді. Ауылда жұмыс орынын ашу көптеген жағдайда кәсіпкерлер үшін тиімсіздеу болып келеді. Ауыл шалғайда болса тіптен ешкім қаражат құя қоймайды. Қаржы құйып жүргендер бар, бірақ ол біздің ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту қажеттілігінің 1-2 пайызы мөлшерінде ғана. Бізге әуелі нарық заманында өмір сүріп жатқанымызға көзімізді ашып қарауымыз керек. Нарықта сұранысқа ие болатын , бәсекеге қабілетті не өндіре аламыз деген сұрақ бірінші орынға шығады. Қазақстанның даму жолы таза алып сатарлыққа негізделіп құрылғаны жасырын емес қой. Ішкі өнімге жолды қалай ашамыз. Басқамен бәсекелесе ала ма. Оған қырғыз, өзбек, белорус өнімдері дәлел. Үкімет проблеманың қоламтасын түртсе, күйіп тұрған отқа тап болады. Қазір барлық мәселені «самозанятые» деген терминнің қалқасына тығып қойған.

Ауыл үшін жер құдайдан кейінгі бірінші мәселе. Оны қалай шешеді? Кәсіпкер үшін мыңдаған гектар жер керек. Соның өзінде ары кетсе он бес-жиырма адамды ғана жұмыспен қамти алады. Өйткені технологиясыз табыс таба алмайды. Ал әрбір ауылда 200 -500 түтін шамасында бар.

Өмірзақ Ақжігіт: Ауыл шаруашылығы кооперациясыз дами алмайды. Барлық дамыған елдер осы жолмен жүріп келеді.

Екінші, "бір ауыл - бір кәсіп" деген ұстаным. Испаниядан Жапонияға дейін, кешегі ішер ас, киер киімге жарымаған Қытайға дейін осы әдіспен ауылын дамытып алды.

Үшінші, Өзбекстанда ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарған, Шымкентте өңкей екіқабат коттедждерден тұратын «Асар» шағын ауданын салып, Өзбекстаннан бір ауданның халқын тұтас көшіріп әкеліп, үй де, ол үйді асырайтын жылыжай да салып берген Ибадулла Қалыбековтің әр өңірді ерекшелігіне қарай дамытатын (астықты, көкөністі, малды, т.т.) бағдарламасы бар. Міне, көргені мол, атқарғаны қыруар осындай тәжірибелі адамдардың ұсыныстарына құлақ асу керек.

Төртінші, біз де Қытай сияқты шағын техниканы жаппай шығаруды қолға алуымыз керек. Қысқасы, мәселені шешуге әбден болады.

Ержан Жаңажыл: Ауылдың проблемасы ең бірінші ол жайылым. Жайылымы жоқ ауылға мұғалімдер мен мамандарды тартып керек емес. Жайылым мәселесін шешсе ауыл халқы өзін өзі асырайды

Ауыл айналасын ортақ ету –  маңызды мәселе. Оны шешпей мың жерден ақша бөл, мың жерден маман тарт, мың жерден ұжымдастыр, бәрібір ауыл халқының әл ауқаты көтерілмейді

Нурлан Даулетов: Мысалға халық саны кеміп бара жатқан бір ауылды түпкілікті зерттеп, тұрғындары неге көшіп кетіп жатыр деген сұраққа жауап іздеп, сол жағдайды қалай тоқтатуға болады немесе сол ауылға тұрғындарды қаладан қалай көшіріп апаруға болады деген мақсатты негізге алып, сол бір ауылдың негізінде бағдарлама жазып көрсеңіздерші. Сол кезде барлық мәселе ашылады. Әр ауыл әр ауылға ұқсамайды. Мысалға үлкен жолдың бойында орналасқан ауылдардың халқы қысқарып жатқан жоқ, халық саны кеміп жатқан жол торабынан шалғай жатқан ауылдар. Сол кезде ұсынып жатқан бағыттарыңыздың қалай жұмыс істейтінін көресіздер. Әзірше менің ойым бойынша ұсынып жатқан бағыттарыңыз ештеңені көп өзгертпейді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға