MWC26 Doha цифрлық көшбасшылық форумында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдің байланыс саласын дамыту тәсілдері туралы айтып берді.
Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді интернетке қосудан бастап, үйде, жұмыста, жолда және шалғай аудандарда тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Форум Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) қатысуымен өтті. Пікірталасқа ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин модераторлық етті.
Қазақстан байланыс инфрақұрылымын ел аумағының ерекшеліктері мен халықтың күнделікті қажеттіліктерін ескере отырып дамытып келеді. Үйде және кеңседе тұрақты тіркелген интернет қажет болса, қозғалыс кезінде мобильді байланыс маңызды. Ал шалғай аудандар мен жерүсті желісімен қамтылмаған бағыттарда спутниктік шешімдер қолданылады. Бұл технологиялар бірін-бірі толықтырып, түрлі жағдайларда интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Біздің міндетіміз – адамдарды тұратын, жұмыс істейтін және жүріп-тұратын жерлерінде сенімді байланыспен қамтамасыз ету. Сондықтан біз аумақтың ерекшеліктері мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, талшықты-оптикалық желілерді, мобильді желілерді және спутниктік шешімдерді өзара толықтыратын технологиялар ретінде дамытып келеміз, – деді Жаслан Мәдиев.
Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Талшықты-оптикалық байланыс инфрақұрылымның негізгі тірегі болып қала береді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында оны 3 мыңнан астам ауылға жеткізу жоспарланған. 2027 жылдың соңына дейін ауылдық елді мекендердің 90%-дан астамын жоғары жылдамдықты сымды интернетпен қамту көзделіп отыр.
Келесі кезең – салынған желілерге тұрғын үйлер мен ұйымдарды қосу. Қазақстан Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырып жатқан «Соңғы миля» жобасы аясында жергілікті операторлар 1 123 ауылда желілер салуға гранттар ала алады. Жоба 445 мыңнан астам үй шаруашылығын, яғни шамамен 2,3 млн адамды интернетке қосуды көздейді. Қолжетімді интернет жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болады деп жоспарланған.
«Соңғы миля» моделі мемлекеттік қолдауды жергілікті операторлардың қатысуымен ұштастырады. Бұл магистральдық желіден интернетті тікелей пайдаланушыларға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл шалғай елді мекендерді интернетке қосу және бұл жұмысқа жеке операторларды тарту қажет басқа елдер үшін де тиімді болуы мүмкін.
Талшықты-оптикалық желі тарту тым қымбатқа түсетін аудандарда спутниктік арна арқылы жергілікті мобильді базалық станцияны қосуға болады. Бұл ретте тұрғындар өздеріне үйреншікті мобильді желіні пайдаланады. Қамту аясын кеңейту үшін мобильді байланыс операторларын ынталандыру шаралары да қолданылады. Бұл желі құрылысына қосымша инвестиция қажет ететін елді мекендерде инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстан спутниктік интернетті халықаралық операторлармен бірлесіп дамытып келеді. Қыркүйек айында Beeline Kazakhstan мен Starlink Mobile Direct to Cell сервисін іске қосты. Бұл сервис үйлесімді смартфондарға жерүсті байланысы жоқ жерлерде спутниктік желіге қосылып, хабарламалар алмасуға және жекелеген онлайн сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – көліктегі спутниктік байланыс. Мобильді желілердің қамтуы шектеулі бағыттарда жолаушылар байланыста болуы үшін спутниктік Wi-Fi жолаушылар пойыздары мен ұшақтарға орнатылып жатыр. 2026 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер геостационарлық емес спутниктік жүйелерді және әуе мен теңіз кемелеріндегі спутниктік байланысты пайдалануды жеңілдетті. Бұл шешімдер шалғай аудандар мен көлікте интернетке қосылу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге қолайлы жағдай жасайды.
ХЭО-ның 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда тіркелген кең жолақты интернеттің базалық тарифтік себетінің құны жан басына шаққандағы айлық жалпы ұлттық табыстың 0,79%-ын құраған. Ал әлемдік медианалық көрсеткіш – 2,5%. Жаслан Мәдиев байланыс қолжетімділігі тек тарифке ғана байланысты емес екенін атап өтті. Шалғай ауыл тұрғындары үшін жабдық пен оны орнату құны, интернет жылдамдығы мен қосылымның сенімділігі де маңызды.
Қазақстанның инфрақұрылымдық саясаты елді мекендерді интернетке қосуды ғана емес, халықаралық деректерді тасымалдау арналарын дамытуды да қамтиды. Қазан айында Қазақстан мен Әзербайжан ұзындығы 380 км болатын, жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асатын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Жаңа бағыт Азия мен Еуропа арасындағы деректерді тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтіп, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Дохада өткен министрлік дөңгелек үстелде Жаслан Мәдиев цифрлық трансформацияның тұрақты дамуы үшін үш негізгі шартты атап өтті. Олар: қолжетімді әрі сенімді байланыс, жеке инвестицияларды тарту, сондай-ақ сенім мен цифрлық дағдыларды дамыту. Соңғы үш жылда Қазақстанның телекоммуникация секторына салынған инвестиция көлемі 2,2 млрд АҚШ долларынан асты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Доха министрлік декларациясын қабылдады. Құжатта байланысқа қолжетімділікті кеңейту, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні жауапты дамыту, киберқауіпсіздікті нығайту, цифрлық дағдыларды жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту секілді ортақ басымдықтар бекітілген.
Қазақстанның ауылдық елді мекендерді интернетке қосу, жергілікті операторларды тарту және спутниктік байланысты дамыту бағытындағы практикалық шешімдері халықаралық салалық қауымдастықтың қызығушылығын тудырып отыр. Қазақстан бұл тәжірибемен ХЭО аясында бөлісуге және цифрлық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту жөніндегі халықаралық бастамаларға қатысуға дайын. Сонымен қатар ел 2027–2030 жылдарға арналған ХЭО Кеңесіне кандидатурасын ұсынды.