Ауыл тақырыбынан қалаға: қазақ қаламгерлеріне қандай талап қойылып отыр

Ауыл тақырыбынан қалаға: қазақ қаламгерлеріне қандай талап қойылып отыр
Фото: El.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі бас жүлдесі 100 мың АҚШ доллары болатын халықаралық «Қала хикаялары» әдеби байқауын жариялады. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұртөре Жүсіп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен балалар әдебиетін дамытуға да қомақты қаржы бөлініп отыр. Сондықтан жазушылар тек ауыл тақырыбымен шектелмей, қазіргі қаладағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігін, заманауи адамның өмірін шығармаларына арқау етуі қажет. Нұртөре Жүсіптің пікірінше, бүгінгі қала өмірі, оның тұрғындарының тағдыры мен қоғамдағы өзгерістер – қаламгерлер үшін дайын тақырып.

Сондай-ақ ол қазіргі әдебиеттің басты кейіпкерлерінің бірі цифрлық Қазақстанды қалыптастырып жатқан IT саласының мамандары мен жасанды интеллект бағытында еңбек етіп жүрген жастар болуы тиіс екенін айтты.

Қаламгерлер осы буынның дүниетанымын, ішкі жан әлемін және заманауи болмысын көркем шығарма арқылы көрсетуі керек, – деді ол.

Сонымен қатар ол шығармаларда ұлттық құндылықтарды қазіргі қала мәдениетімен ұштастырудың маңызын атап өтті.

Оның пікірінше, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ұлттық мерекелерді бірге атап өту, көршілік қарым-қатынасты нығайту сияқты құндылықтар әдебиетте де көрініс табуы қажет.

Нұртөре Жүсіп қазіргі жастардың өз күшіне сеніп, тәуелсіз елдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі маңызды екенін де айтты. Ол Ахмет Байтұрсынұлының «білімді, бай және күшті болу» қағидасы бүгінгі ұрпақ үшін де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Тәуелсіздіктің арқасында жастардың өз жобасын жүзеге асыруына, кәсіп ашуына және ел болашағына үлес қосуына толық мүмкіндік бар. Сондықтан олар осы жауапкершілікті терең сезінуі тиіс, – деді Жазушылар одағының төрағасы.

Оның айтуынша, Қазақстан XXI ғасырда әлемдік қауымдастықтағы беделді мемлекеттердің біріне айналды. Ендігі міндет – ұлттық бірлікті нығайтып, сапалы дамуға басымдық беру. Ол жастарды білімге ұмтылып, елдің жаңа даму кезеңіне үлес қосуға шақырды.

Оқи отырыңыз