Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат жеткіліксіз - депутат

Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат жеткіліксіз - депутат
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 07.06.2023 17:13 548

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен бөлінетін қаражаттың сомасы жеткіліксіз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осылай деген «Ауыл» партиясының депутаты Анас Баққожаев Үкіметтің бюджетті жоспарлау жұмысын сынады. Мәжілісмендердің айтуынша, субсидияның көлемі агроөнеркәсіптегі жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 10 процентін құрау керек. Олардың айтуынша, біздің ел мен Еуразиялық одақ бойынша көрші мемлекеттердегі ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат көлемін салыстыруға келмейді. Тиісінше кәсіпкерлер агробизнеспен айналысуға қызығушылық танытпайды.

Экспорттық бағыттардың көбіне шектеу қойылған. Қазақстанның ішкі нарығында баға қатаң бақылануда. Осындай шаралар агробизнестің экономикалық тиімділігін күрт төмендетіп жіберді. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген сатып алу жүйесі жоқ, агробизнесті сақтандыру нарығы да шалажансар жағдайда. Оның үстіне банктердің жоғары пайызы мен «қатып қалған» кепілдік саясаттары шаруалардың ынтасын түсіруде. Осындай жағдайда ауылға барып, агробизнеспен кім айналысады? Ешкім! – деді депутат.

Ал қалтасында қомақты қаражаты бар ірі компаниялар қолда бар ақшасын құрылыс, сауда-саттық, қызмет нарығы және тағы да басқа пайдасы жоғары салаларға құяды.

Мәжілісмен субсидияның көлемі шаруалардың 3 процентін ғана қамтыса, жеңілдетілген несие шаруалардың тек 3,2%-іне ғана жететінін айтады.

Одан қалды техника, тұқым мен тыңайтқыштар, ЖЖМ, еңбек нарығы қымбаттап жатқаны жасырын емес. «Есесіне инвестициялық және тауарлық субсидияның көлемі мен нормативтері жылдар бойы өзгеріссіз тұр», - дейді «Ауыл» партиясының өкілі.

Мәжілісмендер бюджетті жоспарлау барысында инфляция деңгейі ескерілмейтінін де алға тартты.

2021 жылы агроөнеркәсіп субъектілерін мемлекеттік қолдауға 471,9 миллиард теңге бөлінді, 2022 жылы – 414,1 миллиард теңге, 57,8 миллиардқа қысқарған. Ал тек 2022 жылғы инфляция 20,3 процентті құрап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияға қажет қаражатты ұлғайту бойынша талай рет өтініш жасаса да, Үкімет тарапынан қолдау жоқ. Бұл бір. Екіншіден, ауылды аумақтарда ауыл шаруашылығына қажет инфрақұрылымның болмауында, - дейді Баққожаев.

Сонымен қатар су тапшылығы мәселесі де өзекті. Мұндайда жер асты су көздері қажет-ақ. Бірақ мәжілісмен Үкімет мұны шешуге ынтасыз екенін айтады.

Жаңбырлатып немесе тамшылатып суаруға қажет құрал-жабдық шетелдікі және өте қымбат, оның отандық өндірісін ұйымдастыруға атқарушы органдардың ынтасы шамалы, - дейді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға