Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,3 трлн теңгеге жетті

Бұл туралы АШМ мәлім етті
Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,3 трлн теңгеге жетті
Фото: gov.kz 23.01.2023 21:27 938

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында ведомствоның 2022 жылғы жұмысының нәтижелері талқыланды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені жыл қорытындысы бойынша оң серпінді көрсетті. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1% артып, 9,3 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Былтыр жиналған егін соңғы 10 жылдағы ең жоғары өнімділіктің бірі болды. Атап айтқанда 22,8 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылды. Бұл ретте бидай жинау 44% артып, 17 млн тоннаны құрады. Астық пен ұн экспорты да Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында үздік нәтиже көрсетті. Шетелге 13,2 млн тоннадан астам өнім сатылды. 

Егіс және егін жинау науқандарын сәтті өткізуге, оның ішінде уақтылы көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. АӨК субсидиялау көлемі 139 млрд теңгеге ұлғайып, 450 млрд теңге деңгейіне жетті.  Дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін өсті.

Мал шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3,6 трлн теңгені құрап, 0,9% артты. Республика сиыр, қой, жылқы және тауық жұмыртқасымен толық қамтамасыз етілген, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51%-дан 35% - ға дейін төмендетуге қол жеткізілді.

Қазақстанды азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі растайды, онда ел 2022 жылдың қорытындысы бойынша 9 позицияға көтеріліп, 113 мемлекеттің ішінен 32-орынға ие болды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттердің бірі - АӨК саласына инвестициялар тарту болып табылады. Өткен жылы құны 241 млрд теңге болатын 270 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,7%-ға ұлғайып, 853,5 млрд теңгені құрады, ал азық-түлік өндірісіне салынған қаржы 15,7% - ға артып, 140,6 млрд теңгеге жетті.

Мал жаю үшін жайылым тапшылығы мәселесін шешу үшін шаралар қабылданып жатыр. Бірінші кезекте мемлекетке қайтарылған жерлер есебінен ауылдық елді мекендердің шекаралары кеңейтіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен олардың жайылымдарын жеке қосалқы шаруашылықтардың уақытша пайдалануы туралы меморандумдар жасалады.

Сонымен қатар, Үкімет бір қолда болуы мүмкін жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекітті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға