Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы өндірушілері салықтардан босатыла ма?

Ауыл шаруашылығы өндірушілері салықтардан босатыла ма?
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.05.2023 11:44 680

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуді сұрап, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Қарақат Әбден жыл сайын азайып жатқан ауылдарымыз қаңырап қалмасын десек ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлуіміз қажет екенін айтты. Ауыл жағдайы құлдыраса қазақтың да жағдайы мүшкіл болмақ.

Осы орайда ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету. Бұның барлығы түптеп келгенде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғуда. Бұл мәселені "Ауыл" партиясының фракциясы ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағдары арқылы шешуді ұсынады.

Шыны керек, «Ауыл – ел асыраушысы» десек те, іс жүзінде бәрі басқаша. Бұл туралы Мемлекет басшысы кешегі әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесінде «Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», - деп атап өтті ол.

Осы мәселені ескере келе, «Ауыл» партиясының фракциясы келесідей ұсынысты жолдайды: ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Бұл Ауыл партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі.

Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту, - деп толықтырды Қарақат Әбден.

Депутат бірқатар дәйектерді тілге тиек етті. Мәселен, еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің нөл бүтін оннан бес пайызына да жетпейді.

Қарақат Әбденнің айтуынша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді. 

Соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы мәселемен айналысатын құзырлы органдарға 200-ден астам өтініш тілектер жолдаған екен. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаяды. Құрметті Әлихан Асханұлы, жоғарыда баяндалған мәселенің тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қарастырылуына және шешім қабылдануына ықпал жасауыңызды сұраймыз, - деп сауал жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға